Әлеумет

Мүмкіндігі шектеулі балаға қандай көмек берілді?

Қазан айының екінші жексенбісі —  Қазақстанда мүгедектер күні. Бүгінде облыста 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, оның ішінде 4 мыңнан астамы  — бала.

Мүмкіндігі шектеулі жандар бәрін жасай алады. Тек оларға уақытында көмек қажет. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар — біздің еліміздің адами әлеуетінің бір бөлігі.

Еліміздегі «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес ерекше қажеттілігі бар балалар оңалтудың жеке бағдарламасына сай техникалық, протездік-ортопедиялық және гигиеналық құралдарымен, санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі.

Биыл оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 158 бала кресло-арбаға,19 бала

көмекші құралдарға, 98 көзі көрмейтін бала тифлотехникалық, 83 нашар еститін бала сурдотехникалық құралдарға, 775 бала гигиеналық, 253 бала протездік-ортопедиялық құралдарға, 22 бала санаторлық-курорт жолдамасына ие болды.

Сонымен қатар жеке оңалту бағдарламасы бойынша ерекше күтімді қажет ететін балаларға үйде күтім жасау жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Үйде күтім жасау кезіндегі арнайы әлеуметтік қызметтерді 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балалар мен 1,5-18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар ала алады.

Бүгінде облыста мүмкіндігі шектеулі 424 балаға қызмет көрсетіп жүрген 94 әлеуметтік қызметкер бар. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі.

Үкіметтік емес ұйымдар арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге де қатысады. Биыл 240 мүмкіндігі шектеулі балаға үйде күтім жасауда арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп,  күндізгі стационарлар ашылды, онда 102 мүмкіндігі шектеулі балаға түрлі қызметтер көрсетіледі.

Ауруханада арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақтөбеде 100 орындық  жүйке аурулары бар балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін медициналық-әлеуметтік мекеме ашылған болатын.

Осы жылдың сәуір айында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылды. Ашылған күннен бастап 1 қазанға дейін аталған орталықта  500-ден астам бала қызмет алды.

Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мақсатында жергілікті атқарушы орган әдеттегідей биыл да Мүгедектер күніне орай 50 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетті.

Он аудан мен Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға инватакси қызметі де жұмыс істеп тұр.  Бұл мақсаттарға аудандар мен Ақтөбе қаласының бюджетінен 131,0 млн теңге бөлінді.

Келер жылы мүгедектерге арналған 150 орындық әлеуметтік оңалту орталығын салу, сондай-ақ аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық ашу жоспарланып отыр.

Бүгінде 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға арналған мүгедектік тобын құру туралы заң жобасы қаралуда, соған байланысты мемлекеттік жәрдемақы мөлшері ұлғайтылады. Сондай-ақ бұл заң жобасында мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша жәрдемақы алу құқығын беру мәселесі қаралуда.   Асыраушысынан айырылған жағдайда, мүгедек балалары бар және асыраушысынан айырылған отбасылардың табысы артады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, егер олар 18 жасқа толса, тұрғын үй және мемлекеттік тұрғын үй қорын алуға кезектілік сақталады.

Міндет — білім алуда, кәсіптік даярлықта тең мүмкіндік болған кезде және техникалық құралдар мен арнайы қызметтер болғанда ерекше қажеттіліктері бар балалар қоғамға көп нәрсе бере алатынын көрсету.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивтендірудің тиімді жолдары мен құралдарын іздеу — осы салада жұмыс істейтін мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның маңызды міндеті.

Эльмира СҮЙІНШАЛИНА,

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button