Жаңалықтар

Ақтөбе қаласындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты

6 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Ақтөбе қаласын аралап, жол салу, көшелерді абаттандыру және жарықтандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Қаланың ескі бөлігіндегі Гарнизонная көшесінде ұзындығы 739 метрлік автокөлік жолының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға таяды. Мұндағы мердігер — «КТП» ЖШС. Мердігерлер облыс әкіміне жұмыстың қалай жүріп жатқаны жөнінде есеп берді.
Жолды жөндеуден бөлек, жобада жалпы ұзындығы 1,1 шақырым болатын көшені, жаяу жүргіншілер жолын, сондай-ақ жол жиегіндегі автотұрақтарды жарықтандыру жұмыстары да қарастырылған. Бұл жұмыстар қазан айының екінші жартысында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қазан айының соңына қарай Қисықкөл ауданындағы жолдың жөндеу жұмыстары да аяқталуға тиіс. 6 қазан күні асфальт жабындысының бірінші қабатын төсеу басталды. Барлығы 1987 метр жолға асфальт төселетін болады. Мердігер мекеме — «Tolagai-2050» ЖШС.
Оңдасын Оразалин мердігерлерге тұрғындардың Қисықкөл саяжайының бір бөлігін жаңа жөнделген жолмен қосатын қара жолдың 12 метрін асфальттау туралы өтінішін қанағаттандыруды тапсырды.
«Осының бәрі тұрғындар үшін жасалып жатқан жұмыстар, сондықтан егер мүмкіндік болса, бұл өтінішті орындау керек», — деді О.Оразалин.
Облыс басшысы одан әрі қаланы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы «Теміржол басқармасы» ғимаратының алдындағы гүлзарды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. «Qala invest» ЖШС-ның жұмысшылары 12 мың шаршы метрге суару жүйесін орнатып, көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізді, жаяу жүргіншілер жолын төседі, балалар ойнайтын және воркаут алаңдарын, орындықтар, қоқыс жәшіктерін, т.б. орнатты. Атқарылған жұмыстардың сапасына 2 жыл кепілдік берілді.
Ағайынды Жұбановтар көшесінде облыс әкімі «Жастар аллеясымен» танысып, қалпына келтіру жұмыстарына оң баға берді. Айта кетейік, қалпына келтіру жұмыстары аясында аллеяға қарай шығатын екі көп қабатты үйде жастарға арналған жаңа арт-нысандар ашу да көзделген.
Өңір басшысы, сондай-ақ триатлон паркіндегі абаттандыру жұмыстарын қарап шықты. Белсенді демалысты жақсы көретіндер үшін мұнда жүгіретін және велосипедпен жүретін жолдар салынған, сонымен қатар арка тәрізді бірегей LED- экран орнатылған, жарықтандыру және суару жүйелері жолға қойылған. Тұрғындардың қалауымен жаяу жүргіншілер жолы салыныпты.
Облыс әкімі, сонымен қатар облыс орталығындағы көшелердің жарықтандырылуын тексерді, соның ішінде Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы жарық иллюминациясын қарап шықты.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбеде қала көшелері мен аулаларын түнгі жарықпен қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров облыс әкіміне осы жұмыстар жөнінде: «Сәтбаев, Тургенев көшелерін және осы  көшелер бойындағы үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Некрасов көшесінде де осындай жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, қаланы жарықтандыру  мақсатымен үлкен жоба жасалды — ескі жарық нүктелері ауыстырылып, 9 мыңға жуық жаңа тіреу орнатылады. Асфальт төсеу, жарықтандыру, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын салу, яғни аулаларды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Биыл 200-ден астам аула абаттандырылып, келер жылы сіздің тапсырмаңыз бойынша осы жұмыстарды тағы да кең көлемде жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Көшелерді жарықтандыруға келсек, жыл соңына дейін қала бойынша 700 жарық нүктесін орнатуды аяқтаймыз. Бұл жұмыстар да жалғасатын болады. Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген аулалардағы абаттандыру жұмыстары біздің жоспарымыз бойынша алдағы екі жылда аяқталады», — деді.
Облыс әкімі қала басшылығына Ақтөбені одан әрі абаттандыру бағытындағы жұмыстар мен іске асырылып жатқан жобаларды уақытында аяқтау үшін бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button