Жаңалықтар

Білімді ұрпақ — іргелі елдің кепілі

«Nur Otan» партиясының халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасындағы нақты бағыттардың қала көлемінде іске асырылуын бақылау үшін Ақтөбеде партияның қалалық филиалы жанынан 8 аумақтық қоғамдық кеңес құрылды. Соның бірі — Білім, ғылым және мәдениетті дамыту жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңес.

Кеңес, ең алдымен сайлауалды бағдарламаның «Бақытты балалар», «Болашағына сенімді жастар», «Парасатты және зияткер қоғам» бағыттарының тиімді іске асырылуына, сондай-ақ, білім мен мәдениет салаларының дамуына ықпал ету мақсатында жұмыс жасайды. Сонымен қатар Кеңес мүшелері білім, ғылым мен мәдениет мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге және осы салалар өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ықпал етіп, ұсынымдар әзірлеуге, білім беру мен мәдениетті дамыту саласына қатысты сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасындағы өзге де мәселелерді талқылауға қатысады.

2018 жылы сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанға миллион тұрғыны бар бірнеше қала керек екендігін, елдің әрбір өңірі «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға өз үлесін қосуы тиіс екенін, осы орайда Қазақстанға ғылымды дамыту үшін ірі агломерация қажеттігін баса айтып, осы талапқа жауап беретінАлматы мен Астанадан кейін, Шымкент, Ақтөбе Қарағанды қалаларын атап өтті.

Бүгінгі таңда халық саны жарты миллионнан асқан Ақтөбе халық саны жағынан еліміздегі қалалардың ішінде төртінші орын алады және Батыс Қазақстандағы білім беру мен ғылымның ірі орталығына айналды. Қала аумағы күннен күнге кеңейіп, білім беру ұйымдарының саны да, балалар саны да қарқынды өсіп келеді, бала санының өсуі жылына 4 мыңнан 6 мыңға дейін жетіп отыр. Бұл ретте сапалы білім беру және ғылымды дамыту, барлық балаға тең мүмкіндіктер жасау — өзекті мәселе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына кезекті үшінші Жолдауында үшінші басымдықсапалы білім беру мәселесіне арналды. Ел Президенті «орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі — мектептердегі орын тапшылығы» дей келе, 2025 жылға дейін мектеп салу санын 1000-ға жеткізуге тапсырма берді және «мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, жеке секторды да тартқан жөн» екенін айтты. Осы жылы Батыс-2 тұрғын алабында бір мезгілде 1500 оқушыны қабылдауға арналған «Білім» мектеп-гимназиясы қолданысқа берілді. Қаладағы 89 мыңнан астам оқушының 3000-ы инвестордың көмегімен салынған жаңа білім ошағына қабылданды. Әрі қарай халық саны күрт өсіп келе жатқан аудандарды мектептердегі орын тапшылығын азайту мақсатында Жол картасында белгіленген міндеттер бойынша 2025 жылға дейін қалада 4 мектеп пайдалануға беріліп, 5 мектепке қосымша құрылыс салынып,  жыл сайын 10 мектепке және 5 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілетін болады.

Жолдауда білім беру жүйесінің қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс екендігіне мән берілді. Жол картасына сәйкес білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балалары толығымен инклюзивті білім берумен қамтылады.

Ел Президенті Қ.Тоқаев «Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі  іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн» екенін атап өтті. Бүгінгі таңда өңірдегі іргелі жоғары оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары гранттық қаржыландырылатын 450 млн теңге көлеміндегі 14 ғылыми жобаны жүзеге асырып отыр. Жоба мерзімінің 36 айдан 60 айға дейін ұзартылуы іргелі және қолданбалы зертеулердің аясын кеңейтетіні анық.

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын жариялай отырып, Жолдаудың төртінші бастамасындабюджеттен қаржыланатын мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқа осы санаттағы азаматтық қызметкерлер жалақысының 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетінін айтты. Осы көрсеткішке сәйкес 600 мың отандасымыздың арасында қаладағы 7 мәдениет үйі және 14 кітапханада еңбек ететін 140 мәдениет қызметкері, 38 кітапханашы, 115 техникалық қызметші де осы игіліктің жемісін көретін болады.

2025 жылға дейін  қалада 2 мәдениет үйі салынып, 6 коворкинг орталығы ашылады. Соның бірі «Нұр-Ақтөбе» тұрғын алабында ашылған коворкинг орталығы халықтың игілігіне пайдалануға берілді.

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы Білім, ғылым және мәдениетті дамыту жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңес құрамында депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, білім, мәдениет салалары мен БАҚ өкілдері бар. Осы уақытқа дейін екі рет кеңес отырысы өткізіліп, балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру және демалысын ұйымдастыру, үш ауысымды мектептерді азайту, 3-6 жас аралығындағы балалардың толықтай балабақшамен қамтамасыз етілуі, мектептер мен балабақшаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселелер қаралды. Жиындарда Жол картасының білім, ғылым және мәдениетті дамыту жөніндегі мәселеге қатысты индикаторларын уақтылы және тиімді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту, олардың бюджет қаражатын жұмсауына үнемі бақылау жасау және қадағалау жөнінде ұсыныстар айтылды.

Бала тәрбиесіндегі күрмеулі мәселелерді шешуге қатысу, жастардың бойында ұлттық құндылықтарға негізделген отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, білім беру мен ғылымды, мәдениетті дамыту арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу — басым міндеттердің бірі! Білімді және саналы ұрпақ — ел болашағы!

Мира БАЛТЫМОВА,

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы Білім, ғылым және мәдениетті дамыту жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңес төрайымы, «Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті» КеАҚ бас ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button