Басты бет » Басты жаңалықтар » Негізгі міндет — сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылардың сенімін ақтау

Негізгі міндет — сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылардың сенімін ақтау

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы қалай жүзеге асырылып жатыр? Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен партияның аймақтық филиалының Саяси кеңес Бюросы отырысында осы мәселе талқыланды.

Отырысқа Саяси кеңес Бюросының және өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық департамент, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған мақсат-міндеттерді дер кезінде және жүйелі орындау қажеттігін айтқан болатын. Халық біздің партияға дауыс беріп, сенімді ақтайды, халықтың өтініштерін орындайды деп таңдауын жасаған  болатын. Енді сол уәделер орындалуға тиіс. Сондықтан партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылу барысын Саяси кеңестің Бюросы отырысына шығарып отырмыз. Кейбір орындалмай қалу қаупі бар шараларды жылдың аяғына дейін реттеуіміз керек, — деді облыс әкімі.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының  басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның баяндамасы тыңдалды.

Облыста жыл басынан бері партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында 488,1 мың шаршы метр тұрғын үй (3430 пәтер) салынып, 26 427 жаңа жұмыс орны құрылған. Бағдарламаға сәйкес өңірде 33 нысан ашылды. Оның ішінде 3 мектеп, 4 балабақша, 3 спорт нысаны, медициналық пункт пен амбулатория, ауылдық клубтар бар. Сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру зауыты, сүт өндіру фермасы және сүт өнімдерін өндіру цехы, мал бордақылау алаңдары, көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай іске қосылды. Тек Қандыағаш қаласының өзінде бірнеше нысан, мәселен, гемодиализ орталығы, жиһаз цехы, сұйық сабын өндіру цехы, құрылыс дүкені, дәріхана салынып, пайдалануға берілді. Бүгінге күнге дейін Жол картасының 443 көрсеткіші жүзеге асқан.

Сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыру аясында құрылған қоғамдық кеңестер Жол картасының орындалуына септігін тигізіп отыр. Кеңес мүшелерінің барлығы Жол картасын іске асыруды ұйымдастыруға тартылып, жұмыстарын сапалы атқарып келеді. Қазіргі таңда өңірлік кеңестердің 37 отырысы және аумақтық кеңестердің 288 отырысы өткізіліп, мемлекеттік мекемелерге 526 ұсыныс берілді. Фракция және кеңес мүшелері аудандарға шығып,  Жол картасы аясындағы нысандарға мониторинг жүргізіп келеді. Халыққа берген уәдемізді алдағы уақытта да уақтылы және сапалы іске асыру қатаң партиялық бақылауда болады, —  деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

Жиында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, Байғанин ауданы әкімі Қайрат Отаров Жол картасының қалай жүзеге асырылып жатқаны, орындалмай қалуы мүмкін тармақтары туралы айтты. Мәселен, Байғанин ауданында Жол картасының 10-тармағының орындалмай қалу ықтималдығы жоғары екені баяндалды.

Аймақ басшысы орындалмай жатқан шараларға қатысты тиісті тұлғалар міндетті түрде жауап беретінін, жыл аяғына дейін Жол картасының барлық тармағы тиісті тұрғыда жүзеге асырылу керектігін айтты.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда кемшіліктерге жол берген Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айбек Қайырға, Ақтөбе облысының ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға, Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровқа партиялық сөгіс жарияланды. Облыс әкімі енді осындай қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатаң тәртіптік жаза қолданылатынын ескертті.

— Партияның бас жоспары халыққа қажетті нақты жобалардан құралған. Сондықтан біз индикаторларды уақытында сапалы орындау арқылы елдің әлеуетін көтеруге, әр тұрғынның өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыстануымыз қажет. Біздің негізгі міндетіміз — сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылардың сенімін ақтау, — деді Оңдасын Оразалин.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі барлық аудан, қала әкімдері мен басшыларға бұл іске жауапкершілікпен қарауды  қатаң тапсырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.