Жаңалықтар

Бала саны жетпесе, мектептер жабыла ма?

  • Редакцияға хат

«Ауылымыздағы мектеп жабылмасын!». Осындай тақырыппен «Ақтөбе» газетінің «Бұқара» айдарына біздің, яғни Қобда ауданы Бұлақ ауылы тұрғындарының хаты жарияланған болатын. Ол хатта Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман мерген қызы Әлия Молдағұлованың туып-өскен жері — Бұлақ ауылы тұрғындарын әбігерге түсіріп отырған жай туралы айтылған еді.  Қысқаша айтып кетейік: «Ауылымызға — Бұлақ негізгі мектебіне Қобда аудандық білім бөлімінен бала санының аздығына байланысты тек бастауыш сынып қана қалатыны туралы, яғни «Бұлақ бастауыш мектеп» КММ болатыны туралы нұсқама келгені көңілімізді жабықтырды. Негізгі мектеп болып  қалуы үшін оқушы саны жеткіліксіз екен. Мектеп — ауылдың ұйтқысы екені әмбеге аян. Егер мектеп тарқаса, ауылдың да тоз-тозы шығады. Себебі баласы барлар басқа жаққа көшеді, біраз адам жұмыссыз қалады. Сондықтан біз мектебіміздің жабылмағанын қалар едік. Биыл, шүкір, жаңа оқу жылында мектебіміз бұрынғыша өз жұмысын бастады. Алайда бұл әңгіменің келесі оқу жылдында қайтадан алдымыздан шықпауы екіталай. Сондықтан ресми органдардан осы жайттың мән-жайын толық білгіміз келеді», — деп хабарласты ауыл тұрғындары.

 Редакциядан:

Біз осы мәселеге орай Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықовпен хабарласқан едік. Ол телефон арқылы мән-жайды былайша түсіндірді:

«Жалпы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекіткен ережесіне сәйкес негізгі мектеп жұмыс істеуі үшін, оған қаражат бөлінуі үшін ол жерде кемінде 41 оқушы болуы тиіс. Ал Бұлақ ауылындағы мектепте былтыр 20 оқушы оқыды. Ол мектептің мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр.

Нормативке сәйкес ол жерде оқушы саны 41 баладан аз болса, онда заң бойынша ол жерге бөлінген қаражат мақсатты түрде бөлінбеген болып есептеледі. Сондықтан бізге құзырлы тексеруші мекемелер негізгі мектеп болу талабына сәйкес келмейтін білім ордаларын қайта ұйымдастыруға, яғни бастауыш мектеп ретінде жұмысын қайта реттеу жөнінде талап қойып, тапсырма береді. Соған байланысты біз өз тарапымыздан оқу жылының аяғында мектеп ұжымына осындай өзгерістер болуы мүмкін екендігін, яғни министрліктің ережесіне сәйкес, бала саны көбеймесе, мектеп жабылуы мүмкін екендігін айтып, ескертеміз. Өткен оқу жылының аяғында да сондай ескерту жасалды. Егер оны ескертпесек, ол тағы да біздің тарапымыздан заңбұзушылық болып есептеледі.

Жазда аудан әкімінің орынбасарымен бірге Бұлақ ауылына барып, тұрғындармен кездесіп, мән-жайды айттық. Жалпы, ауыл тұрғындары жағдайды жақсы біледі. Себебі бұл әңгіме жыл сайын айтылады.

Негізі біздің де мақсатымыз — мектепті жабу емес, керісінше сақтап қалу. Сондықтан сол кездесуде мектепте оқитын бала санын көбейтуге қатысты ұсыныс айттық, яғни патронаттық тәрбиеге бала алу, шаруашылықтарда жұмыс істейтін қызметкерлердің балаларын мектепке алу секілді мәселелер айтылды.

Бұлақ ауылына дейін алдыңғы жылдары тасжол салынды. Мектебі өте жақсы, спортзалы бар, интернаты бар. Биыл тағы да білім басқармасымен ақылдасып, ол мектепті осы оқу жылында сақтап қалдық. Қазіргі таңда ол мектепте 22 бала оқып жатыр. Дегенмен бұл мәселе әзір ашық күйінде қалып отыр. Себебі нормативке сәйкес келмеген соң құзырлы мекемелер бізге бұл туралы ұдайы ескертіп отырады.

Қазір мектепте 15 мұғалім жұмыс істейді. Оның 10-ы сол ауылда тұратын мұғалімдер, бесеуі Әлия, Талдысай ауылдарынан мобильді мұғалім ретінде келіп, сабақ береді. Себебі ауылда маман жоқ.

Егер келесі жаңа оқу жылында мектеп оқушыларының саны 41-ге толмаса, онда білім ордасын бастауыш мектеп ретінде қайта ұйымдастыру мәселесі тағы да көтерілуі мүмкін. Жалпы, оңтайландыру жоспарына сәйкес мұндай нормативке аудан бойынша 9 мектеп сәйкес келмейді. Сондықтан бұл мәселенің тек бір ғана шешімі бар — оқушы санын көбейту. Егер мектеп жабылатын болса, мұғалімдерге басқа ауылдардан жұмыс ұсынамыз».

 Айдарды ұйымдастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Қазір қоғамда не көп, өзекті мәселе көп. Ол шешімін таппағанда қарапайым жұртшылық редакцияға хабарласады. «Редакцияға хат» айдарында телефонмен хабарласқан немесе хат арқылы келген материалдарды құзырлы органдардың жауабымен бірге ұсынамыз.

Қадірлі оқырман! Мәселені бірге шешейік.

Байланыс телефоны: 8-700-099-03-98.

Басқа жаңалықтар

Back to top button