Жаңалықтар

Қандыағашта жаңа кәсіпорын іске қосылды

Ақтөбе облысының құрылыс материалдары кластері тағы бір жаңа өндіріс орнымен толықты. Ол — Қандыағаш қаласында орналасқан «Неохим» компаниясына қарайтын газды блок шығаратын зауыт.
Жаңадан ашылған зауыт жоғары сапалы газды блок өнімдерін шығарады. Кәсіпорынның филиалдары Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Алға қалаларында жұмыс істейді.
Қандыағаш қаласынан ашылған зауытта шыға­рылатын газды блоктар —  экологиялық таза материал. Олар­дың құра­мында химиялық зиянды заттар жоқ, құрылыстың пайдалану мерзімін ұзарту үшін қандай да улы құраммен өңдеуді қажет етпейді. Экоблоктар эко­лог­тардың құрылыс материалдарына белгіленген барлық талаптары­на сай келеді.
Бүгінде Қандыағаш қаласындағы газды блок шыға­ратын зауыттың өнімдері тұ­тыну­шылардың сұранысына ие болып отыр.
Зауытта еңбек етіп жүрген мұғалжарлықтардың қатарында Тәуелсіздіктің құрдасы, өндіріс басқарушысы Арман Төлеубаев та бар.
— Мен 1991 жылы дүниеге келдім. Тәуелсіздіктің құрдасымын. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін химия мамандығы бойынша бітіргеннен кейін өндіріс орнына келіп технолог, инженер, учаске басшысы болып қызмет атқардым. Қазіргі таңда осы Қандыағаш қаласында ашылған жаңа зауытта өндіріс басшысы қызметін атқаруға қол жеткіздім. Өзімнің жас маман ретінде, жұмысқа деген қабілетімнің арқасында, осы отандық кәсіпорында басшылық қызметте еңбек етуімнің өзі — ел Тәуелсіздігінің жетістігі деп білемін, — дейді ол.
Жаңадан ашылған зауытта аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы мұғалжарлық 30 азамат еңбек етуде. Бұл Мұғалжар ауданы әкімдігінің және «Экотон» компаниялар тобының басшылығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асуда.
Алдағы уақытта өндіріс көлемін үлкейткеннен кейін кәсіпорын әкімшілігі 100 жұмысшыға дейін қабылдауды жоспарлауда.
Қажетті құм, тағы басқа шикізатты Мұғалжар ауданынан, әкті (известь) Алға ауданындағы «Неохим» кәсіпорнынан алып отыр.
Аталған зауыт — Ақтөбе облысының индустрияландыру картасына енген кәсіпорын. Әрі бұл жобаны отандық инвестор жүзеге асыруда.

 Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button