Басты жаңалықтар

Жергілікті өзін-өзі басқару қалай дамиды?

Биыл тамыз айында елімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында осындай тұжырымдама әзірлеуге тапсырма берген болатын. Аталған тұжырымдаманы түсіндіру мақсатында облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмыс тобы 28 қыркүйектен 1 қазан аралығында облыстың 12 ауданын аралап, ауыл әкімдерімен кездесті. Осы топтың ұйымдастыруымен Хромтау ауданы әкімдігінде өткен жиынға біз де қатысқан едік.

Жиында жұмыс тобының жетекшісі, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәулетияр Тоғызбаев, облыс әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов,  топ мүшелері — Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Ғазиз Сағитұлы, қаржы басқармасының бөлім басшысы Айдана Нұримова, мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Инеш Шудабаева өз салалары бойынша біраз ақпарат беріп,  түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ шараға Хромтау ауданының әкімі Бекет Азамат және осы ауданның ауыл әкімдері қатысып отырды.

Әуелі жұмыс тобының жетекшісі Дәулетияр Тоғызбаев топтың аудандарды аралаудағы мақсатын, бұған дейінгі кездесулерде біраз мәселелердің сөз болғанын, енді оларды жинақтап, ұсынатындарын жеткізді.

— 2018 жылдан бері жергілікті өзін-өзі басқаруда төртінші деңгейлі бюджет ауылдық округтерде енгізіліп келеді. Біздің облыста, жалпы, 141 әкім бар, 134-і ауылдық округ әкімі, 7-еуі — аудандық маңызы бар қалаларды басқарады. Олар 380 мыңға жуық тұрғынды қамтып отыр. Бұл — облыстың жалпы халық санының 43 пайызы. Сондықтан да маңызы зор. Төртінші деңгейлі бюджеттің мақсаты — жиындар арқылы жергілікті қоғамдастықтың ауылдық маңызы бар мәселелерді шешуде рөлін арттыру және ауылдық жерлердің экономикалық, қаржылық тәуелсіздігін нығайту. Аудандарды аралап жүргенде байқағанымыз, әлі де ауыл әкімдері пайдалана алмай жүрген мүмкіндіктер көп екен. Бәрі де біледі. Тек сондай мәселелерді бірге ақылдасып, кеңесіп шешуге, көмектесуге келіп отырмыз, — дейді Дәулетияр Тоғызбаев.

Тұжырымдама дайын. Не өзгереді?

Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Ғазиз Сағитұлы жергілікті өзін-өзі басқарудың тұжырымдамасын слайдтан көрсетіп отырып, түсіндіріп берді.

Әуелі жергілікті өзін-өзі басқарудың даму кезеңдеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2001 жылы мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару  туралы заңнамасы іске қосылды, 2012 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Соның негізінде  ауылдық округтерде қолма-қол ақшаны бақылау шоттары ашылды. Ал биыл 18 тамызда жергілікті өзін- өзі басқарудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Сонымен, не өзгереді? Тұжырымдама жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге және тиімділігін арттыруға бағытталған. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделі мынадай бес қағиданы негізге алады: біріншісі, халықтың қатысуы, яғни, ауылдағы мәселелерді шешуге, шешім қабылдау процесіне тұрғындардың өздерінің қатысуы. Екіншісі, жергілікті өзін өзі басқару органын, яғни ауыл әкімін сайлау. Үшіншісі, ұйымдастыру, экономикалық, қаржылық мәселелерді шешудегі дербестігі, яғни бюджеттің тәуелсіздігі. Төртіншісі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметінің нақты функционалдық шекаралары. Бесіншісі, жергілікті өзін өзі басқару органдарының тұрғындар алдындағы ашықтығы, есеп беруі. Сондай-ақ Ғазиз Сағитұлы тұжырымдама шеңберінде қаланы ауыл, ауылды қала мәртебесіне өзгертуге болатынын да түсіндірді.

— Егер елді мекеннің тұрғындары 10 мыңнан асатын болса, онда ауылға қала мәртебесін беруге болады немесе халық саны азайып кеткен қалалардан ауыл жасауға болады. Мысалы, Темір қаласы. 2022 жылы тұжырымдама негізінде тұрғындар санының азайып кетуі себебінен Темір қаласына ауыл мәртебесі берілуі мүмкін. Елді мекендердің мәртебесі мен шекарасына қатысты өзгерістер міндетті түрде жергілікті қоғамдастықпен келісілетін болады, — дейді Ғ.Сағитұлы.

Әр тұрғынның пікірі маңызды

Былтырдан бері еліміздің қалаларында  «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілгені белгілі. Яғни бұл тұрғындардың жергілікті бюджет процесіне қатысуына мүмкіндік. Еліміздегі пилоттық жобаның оң нәтижесі ескеріліп, биыл аталған жобаны қаржыландыруды 10 есеге көбейту көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, тұрғындар ауылға ең әуелі не маңызды екенін біледі. Сондықтан да бюджетке қатысу мүмкіндігін пайдаланып, керегі мен жарағын жасап алады. Ал бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатына әсер етеді.

— Ауыл тұрғындары әкімдерін сайлап алды. Енді ауыл тұрғындарынан құралған жергілікті қоғамдастық мүшелері өзара ақылдасып, өкілетті орган — Кеңеспен бірігіп, ауылдағы өзекті мәселені қалай шешу, оған қанша қаражат жұмсау қажеттігін, яғни жергілікті бюджеттің кіріс-шығысына араласа алады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеті болғанымен, кірістері аз. Көбісі — трансферттік қаржы. Алдағы жылдан бастап кірісті 35 пайызға дейін көбейту мақсатында әуелі 4 салық, сосын 2023 жылы үш салық түрінен түсетін түсімдер ауыл бюджетіне берілетін болады. Ендігі жерде ауыл әкімдері ауылдың даму жоспары мен жергілікті бюджетіне сүйеніп, ауылды көркейтуге, абаттандыруға қатысты жоспарланған шаруаларын атқара береді. Тек жергілікті қоғамдастық мүшелерінен келісім алса болғаны. Айтпақшы, әкімдердің қызметі, бюджеттің кіріс-шығысы бойынша мониторинг жүргізіліп отырады, — дейді Ғазиз Сағитұлы.

Ғазиз Сағитұлының айтуынша, тұжырымдама шеңберінде иесіз коммуналдық меншік нысандарын түгендеп және оны есепке қою, ауылдық округ әкіміне Кеңеспен бірлесіп, мүлік құқығын айқындау, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды жобалауға арналған шығыстарды азайту үшін үлгілік жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу шаралары қарастырылған.

Жиында қаржы басқармасының бөлім басшысы Айдана Нұримова коммуналдық мүлік жөнінде әңгімелесе, мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Инеш Шудабаева ауылдық округтердегі салық төлеуге жататын нысандар мен жеке тұлғалардың берешектері туралы айтып берді.

Мықты экономист керек

Жиынға қатысқан ауыл әкімдерінің бірі — Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіров.

— Жергілікті өзін-өзі басқару, оның ішінде төртінші деңгейлі бюджетті түсіндіру мақсатындағы жиын мазмұнды, тұшымды болды. Өйткені 2023 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару бойынша төртінші деңгейлі бюджетке қосымша қаражаттар, қосымша салық түрлері түседі. Ол бұрын заңды тұлғалардың корпоративті салық түрлері облыстық бюджетке түсетін болса, енді салықтың бұл түрі ауыл бюджетіне түседі. Жергілікті кеңес арқылы қаралып, ауылды көркейтуге, абаттандыруға жұмсалатын болады. Одан басқа коммуналдық меншіктегі, жергілікті салықтың түрлері ұлғайып жатыр. Ауыл халқы үшін қосымша сый десе де болады. Себебі, ендігі жерде ауыл тұрғындары бюджеттегі қаражатты маңызды жобаларға бөлуге қатысатын болады. Ауылға жасалған жоспарымыз бар. Бұйырса, салық түсімдері көбейіп жатса, ойдағы жоспарларды жүзеге асырамыз деп қуанып жатырмыз.

Ең әуелі, ауылға жақсы кадр — экономист міндетті түрде керек. Ауыл бюджетіне түсетін қаражатты нақты жоспарлайтын, кіріс-шығыстың есебін жүргізетін білікті маманның болғаны дұрыс. Енді салықтардың, салықтық емес түсімдердің ауыл бюджетіне түсуін қамтамасыз етуіміз керек. Біздерге ақша керек. Оны халықпен бірге жұмсауымыз керек. Былай айтқанда, біздер әкімдер, ақша табуымыз керек қой. Мемлекет тарапынан бәрі жасалып жатыр, енді біздер соны үйлестіруіміз қажет, — дейді ауыл әкімі Ербол Әбдіров.

Тассай ауылдық округіне қарасты екі ауылдың тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр, ауылға мобильді байланыс желісі жеткен. Екі жыл бұрын басталған ұзындығы 29 шақырым болатын жолдың құрылысы биыл аяқталыпты.

Әкімнің айтуынша, Тассай ауылдық округінде бүгінде 500-дей адам тұрып жатыр. Оның 15-і — жергілікті қоғамдастықтың мүшесі.

— Тассайдың өз басында бұрын сейсмостанция болған 48 пәтерлі екі үлкен ғимарат бос тұр. Санаторийге ме, бизнеске ме сұранып тұрған ғимарат. Соны ауыл меншігіне өткізіп, пайдалану жоспарда тұр. Әрі халыққа қосымша жұмыс орны болар еді, — дейді Ербол Әбдіров.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button