Басты жаңалықтар

Шалқар: оқырманы көп ауданда

Жауапкершілігі мол жүздесу

«Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының Шалқар ауданындағы күндері аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау шаралары жүзеге асырылды.

Кездесулер барысында «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Шалқар ауданы әкімшілігі және «Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы арасында баспасөз таратуға, бұқаралық ақпарат құралдары мен оқырманның байланысын нығайтуға бағытталған үш жақты меморандумға қол қойылды. 

Сары Батақұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин сөз сөйлеп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, осы ауқымда облыстағы оқырманы көп өңір саналатын Шалқар аумағында билік пен баспасөз және оқырман қарым-қатынасын кеңінен дамыту жөнінде ойларын ортаға салды.

«Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай пошта қызметкерлерінің қай уақытта да баспасөз бен оқырман арасындағы алтын көпірді жалғастыру жұмысына жауапты қарайтындығын айтты.

Жиналған жұртшылық алдында «Ақтөбе Медиа» компаниясы атынан дайындалған Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Сүлейменов, қоғам қайраткері, облыстың Байғанин, Темір және Шалқар аудандарын басқарған көрнекті тұлға Сматолла Беркімбаев және Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымының докторы, профессор, Шалқар ауданының құрметті азаматы Серікқали Байменше атындағы сыйлықтар тапсырылды.

Сондай-ақ облыстық газеттердің белсенді оқырмандары марапатталады.

Аудандық «Шалқар» газетінің бас редакторы Мұхтар Мырзалин Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымы жариялаған «Тұтас елсің, бөлшектеніп, бөлінбес…» конкурсының жеңімпазы ретінде арнайы диплом мен сыйлыққа ие болды.

Өткеннің өнегесі ұмытылмайды

Жалпы, оқырманмен әр кездесудің берері мол. Мәселен, газет арқылы жүздесудің жөні бір бөлек те, осындай шаралар арқылы ой-пікірлерді ашық айту, бетпе-бет сырласу өз алдына бір пайдалы дүние.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері бұрыннан қалыптасқан дәстүрі бойынша өткеннің өнегесін алға тартып, бүгінгі күннің талабына сабақтастырып отырады.

Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Жанболат Жидеханов осы жайларды айта келіп, өзі басшылық ететін Шалқар аймағын оқырманы көп өңір деп атап өтті.

— Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде көптеген өзгерістерге қол жеткіздік. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегі нәтижесінде ауыл шаруашылығында ілгерілеулер орын алды. Мал басын көбейтуге, кәсіпкерлікті дамытуға кең жол ашылды. Біздің атқарған жұмыстарымыз облыстық газеттердің беттерінде ұдайы беріліп тұрады. Бұл, ең алдымен, еңбек адамдарын рухани қолдау деп білеміз,— деді ол.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин осы ойды одан әрі өрбітіп, біртуар ғұлама Ахмет Байтұрсынұлының осыдан бір ғасырға жуық бұрын айтқан «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тұжырымдамасының әлі күнге ескірмегенін алға тартты.

«Бүгінгі күні әлеуметтік желілердің дәуірі жүріп тұр дегенімізбен, баспасөздің өз орны бар екенін, оның жұртшылыққа қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Газет қашанда халықпен бірге болуға тиісті, ол — елге ақпарат беруші, жаңалық жеткізуші. Біз оқырманымызға бір мезеттік әсер беретін жеңіл-желпі емес, салиқалы, байыпты материалдар ұсыну бағытын қолдаймыз. Бұл ретте өткеннің өнегесін бүгінгі жастарымыз ұмытпаса екен дейміз»,— деді ол.

Мәселен, қазақтың көрнекті тарихшысы Бекежан Сүлейменов есімі бүгінгі жас буынға қаншалықты танымал? Оның осы өңірде дүниеге келіп, қарапайым ауыл баласының қаншалықты дәрежеге көтерілгенін мектеп оқушыларының бәрі бірдей біле ме?

Осындай  сауалдардың оңды жауабын іздеу мақсатында «Ақтөбе Медиа» компаниясы оқырмандарына ұсынатын бір сыйлығын осы бір ерекше тұлға атымен атауды жөн көрді.

1934 жылы Мәскеудің  Карл Либкнехт атындағы мемлекеттік педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, білім мен ғылым әлеміне ден қойған қазақ баласы үлкен мақсаттарға ұмтылады. Ол отыз жасында Алматы шет тілдер институтының директоры болып тағайындалады. Көп ұзамай КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының тіл, әдебиет және тарих институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне келеді. Қазақ тарихын түгендеу жолында өз ұстанымына берік болған ғалым қиянат та көреді, қуғын-сүргінге де ұшырайды. Бірақ өз бағытынан ауытқымайды.

Міне, осы жайларды жас қауым жақсы білуге тиіс.

Көрнекті ғалым атындағы сыйлықтың Бержан Омаров басқаратын Бекежан Сүлейменов атындағы орта мектепке тапсырылуының да мәні осында. Әдетте жақсының ізі кейінгі толқынды ілгеріге жетелейді. Соның да әсері болар, осы мектептің әр жылдардағы түлектері арасында ғылым жолын таңдаған талапкерлер де баршылық.

Балалық, жастық жылдары соғыс кезеңімен тұспа-тұс келіп, соған қарамастан жоғары білім алуға ұмтылған талапкер жастардың бірі кейін қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген, облыстың Байғанин, Темір және Шалқар аудандарын басқарған көрнекті тұлға Сматолла Беркімбаев еді. Ол да жоғары білімді Мәскеуде алды.

Облыс аудандарын басқарған кезінде өзінің шебер ұйымдастырушылығымен, талапшылдығымен және іскерлігімен дараланды. Ең бастысы, адамдармен жұмыс істей білді, өзінің биік ұстанымы, адамгершілік ар-абыройымен алдыңғы қатардан көрінді. Міне, артына осындай ұлағатты із қалдырған аға буын өкілі атындағы сыйлық аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Асылбек Баешовке тапсырылды.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап та жоғары, сұраныс та салмақты. Сондай қасиеттердің бәрі Сматолла ағаның бойынан табылатын. Сыйлық белгіленуінің мақсатының өзі — үлкеннің үлгісін кейінгі ұрпақ жалғастырса.

Салыстырмалы түрде айтқанда үшінші буын өкілі саналатын Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымының докторы, профессор Серікқали Байменшенің баспасөздегі қызметінің бір бөлегі облыстық «Ақтөбе» газетімен тығыз байланысты. Ол осы басылымда қатардағы тілшіден редактордың орынбасарына дейінгі сатылардан өтті.

Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте: Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің ақпарат бөлімінде 2-хатшы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің баспасөз қызметінде референт, кеңесші, баспасөз қызметі хатшысының орынбасары, Парламент Сенаты аппаратында сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақ нормативтік актілерін аудару бөлімінің басшысы болды. Бүгінде журналистика саласындағы ғылыми-зерттеушілік жолын жемісті жалғастырып жүрген білікті ғалымның ізденгіштігі жастарға сабақ болатындығы сөзсіз. Сондықтан да оның атындағы сыйлықтың тағайындалуы және балаң кезде қаламын ұштаған аудандық «Шалқар» газетінің бүгінгі редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұхтар Мырзалинге тапсырылуында өзара сабақтастық бар деуге болады.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның Алғыс хаты еңбек ардагері, ауданның «Сарыбұлақ» кеңшарында ұзақ жыл қызмет атқарған Сапарғали Досжановқа, аудандық орталық аурухана дәрігері Сағитжан Махамбетовке, Рита Басмағанбетова басқаратын Шалқар қаласындағы №8 орта мектеп ұжымына, Шалқар қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Разия Бегетаеваға, «Қамқор-вагон» ЖШС Шалқар вагон жөндеу депосы» филиалының менеджері Жеңісгүл Рамазановаға, аудандық байланыс саласының пошта тасушысы Сәулеш Меңдіге, Шалқар қаласындағы Әліби Жангелдин атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлмира Бақтыбаеваға тапсырылды.

Мұндай марапаттау сыйлықтарын «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның Шалқар ауданына арнайы келген делегациясы құрамындағы «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ақтөбе қалалық №6 емхананың бас дәрігері Жексенби Көптілеуов, Шалқар, Темір аудандарында басшылық қызметтер атқарған мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Мұңайтпасов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары, ақпарат саласының үздігі Руслан Дарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Сәтжан Дәрібай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақпарат саласының үздігі Нұрмұханбет Дияровтар табыс етті.

Оқырмандармен жүздесуге Ақтөбе қаласынан бір кезде осы өңірде қызмет атқарған елдің белгілі азаматтарының келуі жақсы әсер қалдырды. Олар жерлестеріне жүрекжарды қуаныштарын жеткізді.

Кездесу шалқарлық өнерпаздардың ән-жырына ұласты.

Жексенби Көптілеуов Ақтөбе қалалық №6 емхананың бас дәрігері:

— Менің өмір жолымда өзім туып-өскен Шалқар өңірінің орыны ерекше. Осында ұзақ жылдар медицина саласында еңбек еттім, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін атқардым. Соның бәрінде де халықпен тығыз араласып қызмет істедік. Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы болған тұсымда тұрғындардың медицина қызметіне жоғары деңгейде пайдалану бағытын ұстандық.

Менің өзім де бала кезімнен газет-журнал оқып өстім. Аудандық «Коммунизм таңы», кейін атауы «Шалқар» болып өзгерген газетті әлі күнге дейін үйіме алдырып оқимын. Ал бүгінде қызметтегі жұмыс күнім облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін қараудан басталады. Себебі облыс тынысы бұл басылымдарда уақытында беріліп отырады. Сондай-ақ «Үш таған» журналы да танымдық-тағылымдық мәні зор басылым. Біздің ұжым бұл журналға келесі жылға да жазылды.

Марат Мұңайтпасов, мемлекеттік қызмет ардагері:

— Біздер кешегі күні комсомол қатарында пісіп-жетілдік. Мектеп бітірген соң өзіміз де қой шаруашылығын өркендетуге атсалысып, комсомол-жастар бригадасын құрдық. Кейін жоғары білім алып, мемлекеттік қызметке араластық.

Мен осы ауданда салық саласы жүйесін қалыптастыруға, өңірдің экономикасын көтеруге қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Кейін облысымыздың Темір ауданында аудандық салық комитетін басқардым, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Соның бәрінде облыстық басылымдар арқылы Шалқар өңірінің тынысын қадағалап отырдым.

Баспасөз — адамның рухани азығы, ақпарат көзі. Мен ұзақ жылғы қызметімде осыны айқын сезіндім.

«Баспасөз — бағдаршымыз»

Құлмырза КЕМАЛ,

Жаңақоныс ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы:

— Жалпы үйіңе газет-журнал келіп тұрғанның өзі отбасың үшін үлкен мәртебе деп есептеймін. Өзім ауыл шаруашылығы саласында, ауыл әкімшілігінде ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқардым. Газетке жастайымыздан үзбей жазылып келеміз. Оның ішінде облыстық басылымдардың орны бір бөлек. Ауыл шаруашылығы саласының майталмандары, елді мекендердің ахуалы, еңбек адамдары туралы жақсы материалдар шығып тұрады. Баспасөз мен үшін осындай мақалаларымен құндырақ.

Қазір заманауи техниканың дамыған заманында ақпараттың да жылдамдығы артып тұр. Бірақ бір оқиғаны әрқайсысы әртүрлі тым әсірелеп, өрбітетіні көңілді қынжылтады. Ал газет ақпаратты дәйекті түрде ұсынатындығымен құнды. Бұл жолда облыстық «Ақтөбе» газетінің өз ұстанымы бар. Ол неғұрлым ақпаратты оқырманға қарапайым тілмен жеткізуі деп білемін.

Сағыныш ЖҰМАҒАЛИЕВА,

№2 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

— Баспасөздің педагогикалық ұжымның күнделікті жұмысына тигізер пайдасы да зор. Газеттің әр санында жарық көретін танымдық мақалаларды оқушылардың тәрбие жұмыстарына ұштастыра білсек, ұтарымыз көп. Облыстық газетте шығатын  киелі аймақтар, кейінгіге өсиетімен үлгілі жолы қалған бабаларымыз туралы мазмұнды материалдарды жастар жібермей оқулары қажет. Одан алар тағылым мол.

Ал шығармашылыққа жаны құмар балаларды ынталандыру мақсатында осы газетте ұйымдастырылатын «Балдырған» бетінің де берері көп. Осы айдарға біздің шалқарлық өрендердің де шығармалары жиі шығып тұрады. Ұстаз ретінде біз де оған қуанып қаламыз.

Түйіндеп айтқанда, жергілікті басылымдар әрбір отбасының жансерігіне айналуы тиіс.

Клара МҰҚАНОВА,

аудандық «Шалқар» газетінің қызметкері:

— Баспасөз деген атау өзімнің бір сыңарым іспеттес. Өйткені аудандық газетте табан аудармастан қызмет істеп келе жатқаныма қырық жылдай уақыт болыпты. Осы жерге анам Зұлқия Іскендірованың жолын қуып келген едім. Анам «Шалқар» газетіне саналы ғұмырын арнап, тер төкті. КСРО баспасөзінің үздігі атанып, жергілікті басылымда өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырды. Қазір сексеннің үстіне шықса да газет-журналға алаңдап отырады. Облыстық «Ақтөбе» газеті бастаған жергілікті басылымдар оның әлі күнге дейін рухани азығы.

Мен де «Ақтөбе» газетін асыға күтетіндердің бірімін. Аудандық газеттің ішкі жұмыстарына жауапты болғандықтан, облыстық газеттің макетіне, безендірілуіне аса мән беремін. Бұл ретте «Ақтөбе» газеті алабажақ, қызыл-жасылға әуес емес. Аймақтағы ресми ақпараттың қайнар бұлағы ретінде өз келбеті қалыптасқан. Осындай қырларын біз де өзіміздің газетімізге басты ұстаным етеміз.

* * *

Оқырманы көп басылым — олжалы. Бұл жағынан Шалқар ауданында жалпы газет-журналдардың таралымы ілгеріден көрініп тұрғанын қуанышпен айтуға болады.

Еселі еңбек етіп жатқан ел тынысы алдағы уақытта да облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері беттерінен тұрақты көрініс таба бермекші. Журналистер оқырмандары алдында осыған уағдаласты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button