Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»

Дәулет Әбенов,

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент. 

ЖҮЗ ЖАҢА КІТАП — ҒЫЛЫМҒА АПАРАР ЖОЛ

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір мен батыл шешімдерден құрылған.  Аталған мақала бүгінгі қоғамның дамуына жаңа импульс бергені айдан анық.

Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім мен ғылымға маңыз беруі  үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш екендігі белгілі. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса, та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады.

Аталған мақалада басты-басты алты ірі жоба ұсынылған болатын. Соның бірі — қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Әлемнің 42 елінде 34 тілде жарық көрген гуманитарлық білімдер саласына арналған еңбектер — қазіргі қазақ жастары үшін тегін жасалған үлкен сый. Оның негізгі мақсаты — студенттерге тарих, экономика, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология салалары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау. Яғни жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Себебі Қазақстанның жарқын болашағы — тек білімді жастардың қолында.

Осы жобаның негізінде елімізде алғаш рет «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, ұлттық аударма мектебі қалыптасты. Қазақ тілінің өрісі кеңейіп, қоры толықты.

Ақтөбе облысында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында жарыққа шығарылған 100 кітаптың 39 064 данасы жоғары оқу орындарына таратылды. Атап айтсақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне  22 704, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне 7 323 және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне 9 037 дана кітап берілді.

Қазіргі таңда аталған жоба бойынша 100 кітап толығымен оқу процесінде пайдаланылуда. Сонымен қатар «Білім бағдарламасын кітаппен қамтамасыз ету» кестесіне енгізілді. Шығарылған кітаптарды талқылау мақсатында әдістемелік кеңес өткізіліп, студенттердің арасында «100 жаңа оқулық» библифреш, жоба аясында келіп түскен оқулықтарды таныстыру мақсатында флешбук өткізілді. Виртуалды кітап көрмесі, «100 жаңа оқулық — қазақ ғылымының жаңа белесі» атты видеослайд жасақталды. Сондай-ақ 100 оқулық туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таныстырылды.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Жұбанов кітапханасының 100 кітабы» сериясымен профессор-оқытушылар құрамының (100 кітап) 49 кітабы баспадан  шығарылды.

 «Абайтану» оқу құралы жарық көріп, қала, ауыл мектептерінің кітапханалар қоры оқу құралымен тегін толықты. 9 мемлекеттің қатысуымен ақынның 175 жылдығына арналған халықаралық онлайн көрме катологының тұсаукесері өтті.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры және Nur Otan партиясы  бірлескен «Kitap.kz» — «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасы аясында университеттегі оқытушы-профессорлардың кітаптары электронды нұсқада ұсынылынды.

Алдағы уақытта жергілікті «Aqto’be» телеарнасы арқылы облыс халқы арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнайы тележоба көрерменге жол тартпақ.

Сондай-ақ облыс, қала мектептерін аталған жаңа кітаптардың электронды нұсқасымен толығымен қамту көзделіп отыр.

Өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен білім алушылары  рухани жаңғыруды, озық ой-сананы, ұлттық рух пен патриотизмді насихаттайтын жарқын істердің көшбасында жүреді деп сенемін.

Ақниет ТӘУІРБАЙ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің оқытушысы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

БОЛАШАҚҚА ЖАСАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

 Кез келген мемлекеттің ең басты капиталы — адам. Әлемдегі ең мықты «Apple», «Facebook», «SpaceX» секілді компаниялардың кадрлық құрамын қарайтын болсақ, олардың барлығы әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарын бітірген өз ісінің хас шеберлері екендігін аңғаруға болады. Әдетте қалың бұқара арасында Цукерберг пен Джобсты университетті орта жолдан тастаған, тағдырдың үлкен сыйын қабыл ала отыра сәттілік серіктері болған жандар деп есептейді. Алайда көпшілік олардың артында әлемнің ең мықты интеллектуалдары тұрғанына көп мән бере қоймайды.

Менің көпшіліктің назарын аударғым келіп отырған мәселе де осы озық университеттерді тәмамдаған, үздіктер оқыған оқулық пен олардың қазақ тіліне тәржімалану үдерісі болмақ.

2017 жылы Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі заман мен болашақты терең түсініп, ой елегінен өткізіп саралай алатын гуманитарлық саланың мықты мамандары қажет деген үндеу жариялады. Кейіннен осы міндетті жүзеге асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылып, әлемнің гуманитарлық білім саласындағы ең үздік университеттерінің профессорлары жазған оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Осы орайда оқулықтарды аударған аудармашылар тобы мен ол топтың үйлестірушісі Рауан Кенжеханұлының аталмыш жобаның басында тұрғаны көңіл қуантады.

Бүгінде мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің оқытушысымын. Әлеуметтану, философия, саясаттану, психология секілді пәндерді оқыту барысында бұл оқулықтарды белсенді қолданамыз. Оқулықтар оқуға жеңіл, заманауи зерттеулер storytelling  форматында жазылған. Кейбір біздің ойлау стилімізге таңсық логикалық ой орамдары кездеседі. Алайда бұл ағылшын тілінде жазылған академиялық еңбектің өзіндік ерекшелігі деп ойлаймын. Қазір университеттің 1-курс студенттері Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері» атты оқулығымен дәріс алуда. Аталған оқулықтың бірнеше атап өтетін басым тұстары бар. Біріншіден, оқулық әлеуметтану пәнімен алғаш танысушы студенттерге кешенді категориялар мен теорияларға кеңінен түсінік береді. Екіншіден, оқулық, жоғарыда атап өткендей, түсініп, қабылдауға жеңіл, ұғынықты. Үшіншіден, оқулықта бүгінде жаһанда орын алып отырған жұмыссыздық, халықаралық миграция, халықаралық қауіпсіздік секілді мәселелер зерттеу пәні ретінде практикалық деңгейде қарастырылған.

Қорытындылай келе, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақ жастарға, ұлттың болашағына жасаған ең үлкен инвестицияларының бірі осы оқулықтар деп ойлаймын. Әлемнің ең үздік білім ордалары қолданатын оқулықтардан білім нәрімен сусындаған қазақ жастары еліміздің болашағы үшін адал еңбек етіп, халқымыздың үмітін ақтайтын, жаһандық деңгейде білім бәйгесіне түсе алатын сапалы маман болады деген сенімдемін.

Райбек САҒАДАТОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

 университетінің оқытушысы,

тренер-ментор.

ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАР — ЖАСТАРДЫҢ ИГІЛІГІНЕ

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында бірқатар міндеттерге қол жеткізуге болады. Атап айтсақ, жаһандық бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың жаңа бағыттары пайда болмақ. Қазақ тілінің ғылыми қоры халықаралық ғылыми лексикамен байытылады. Жоғары оқу орындарындағы білімнің мазмұны әлемдік деңгейге көтерілуге мүмкіндік алады. Бұл оқулықтармен қазіргі қоғамның әрбір азаматы танысып, білгені жөн.

Қазақ тіліне аударылып, көпшілікке ұсынылған кітаптар қоғамның әр саласындағы мамандар мен жаппай халық үшін өте қажет деп білемін. Қазіргі уақытта кез келген отбасындағы басты мәселелердің бірі — ата-ана мен бала арасындағы кейкілжіңдер. Қазіргі балалардың қалауы смартфон, дәлірек айтсақ, ол құрылғының беретін интернет мүмкіндіктері. Мәселен, Патрисия Уоллейстың «Интернет психологиясы» кітабында интернеттің адамның мінез-құлқына әсері, онлайн таныстық, адамдардың әлеуметтік желіге тәуелділігі, жалғыздық және басқа да көптеген мәселелерді шешу жолы ұсынылған. Бүгінде осындай әлемдік деңгейдегі заманауи кітаптардың қазақ тіліне аударылып, көбейгені көңіліңді жадыратады.

Бұл жобаға еліміздің әрбір азаматы қолдау көрсетуге тиіс. Себебі ол біздің болашағымызға арналған жаңа бетбұрыс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button