Білім

Өзгеше өмірбаян немесе ұлағатты ұстаз сабақтары

Бәріміздің де жадымызда үнемі жаңғырып тұратын бір ерекше мамандық иесі — ұстаздарымыз. Үлкен өмірге жол басын көрсетіп, жақсылыққа баулыған сол аяулы жандардың есімі ешқашан да ұмытылмайды.

Шәкірттеріне өнегесін дарытып, мейірім шуағына бөлеген сондай ұлағат иелерінің бірі Тасқира Қамашева еді.

Үлкен жолдың бастауы

Темір өңірінде ұстаздық ұлағатымен ерекше сый-құрметке бөленген Тасқира Нұрмағамбетқызы өткен жылы дүниеден өтті. Сексеннің үшеуіне қараған жасында өмірден озған аяулы ананың өмірбаянына үңіліп қарағанда, аяулы жар, алтын әже, сүйікті ана болған сол адамның көптеген қиындықтарды бастан кешіріп, бірақ жігерін жасытпай, жүзін төмен түсірмей, жан-жағына демеу болып жүргенін байқауға болады.

Тасқира Нұрмағамбетқызы елге қуғын-сүргін, зобалаң әкелген 1937 жылы Темір қаласында дүниеге келеді.

Заманында Қарақамыс аталған бұл мекен тарихта ірі сауда орталығы болуымен де таңбаланып қалған. Жан-жақтан ағылып келіп жататын саудагерлер, сондай-ақ жәрмеңке дүбірімен жиналатын өнерпаздар, палуандар, басқа да түрлі шаруалардың басын қосып жүретін ел пысықайлары осы өңірдің қай кезде де даңқын аспандатып жүрген. Сондай ортада әкесі Нұрмағамбет іскерлігімен, ыждағаттылығымен көзге түсіп, ел аузында «Нұреке, Нұрыш» атанған. Халық арасындағы сол құрметімен өмірден өткен.

Анасы Шолтай, негізінде, кішкентайынан дәулетті шаңырақта, барға малынып, жоқшылық дәмін татпай өскен. Соған қарамастан, еркелікке ұрынбай, тәрбиелі, тәлімді қыз болып қанат қағады.

Нұрмағамбет пен Шолтайдың құтты шаңырағында бес перзент өмірге келеді: үш ұл, екі қыз. Олар бір ұядағы балапандар секілді бірін-бірі қамқорлап, аялап жүріп жетіледі. Өкінішке қарай, аяулы ата-ана балаларының жетілгенін, үлкен жолға жарқырап шыққанын көре алмай өмірден өтеді. Анасы Шолтай дүниеден озғанда Тасқира Алматыдағы қазақ педагогикалық институтының төртінші курсында оқып жүр екен. Аяулы жарынан айырылып, жалғызсырап қалған әкесіне, жаутаң қаққан бауырларына демеу боламын деп, оқуын ортадан үзіп, бір жылға академиялық демалыс алып, елге оралады. Анасының орнын жоқтатпауға тырысады. Өзі үшін өмірдегі ең бір аяулы жанды жоғалтқанына қапаланып, оңашада көз жасын сығып-сығып алғанымен, іні-сіңлілерінің алдында жарқын жүзбен жүріп, оларға жігер береді. Сол кезде тоғыз жастан енді ғана асқан сіңлісі Зайда кейініректегі Тасқира апасына арнаған бір жазбасында былай деп толғанады: «Апа! Сіз әке-шешемізден ғұмырда тәлім-тәрбиені, қуат пен парасатты, жақсы мінезді, төзімділікті, дарқандықты қарызға алдыңыз. Содан кейін осы ізгі қасиеттерді балаңыздай болған бауырыңыз маған сіңірдіңіз. Сол қарызды алып өту — маған парыз. Бойымнан сізге ұқсаған жақсы қасиеттерді байқасам, қуанамын!».

Студенттік кездің өз қызық-қиыншылықтары болады ғой. Кейінде облыстың басқару органдарында қызмет істеген белгілі экономист, кәсіпкерлікті дамытқан Ян Тампаев та сол уақытта Алматыға оқуға барып, жолдастарымен жатақхана ала алмай жүргенінде өзінен бірер жас үлкен апасы Тасқираға соғып тұрады екен. Сонда апайы «түнде тоңып қалма!» деп терезеден жылы одеялын лақтырып, арасында тамақ пісіріп беріп тұрған. Кейін осы жайлар ертегі сияқты айтылып жүрді. Шынында, кейінгі жас буын бұған сене ме?

Тасқира апа студент болған жылдары педагогикалық институттың ректоры Кеңестер Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин болған ғой. Сол кісінің қолы қойылған грамота Сәнкешовтер шаңырағында өте құнды жәдігер ретінде күні бүгінге дейін сақтаулы. Балалары аналарының үздік студент болғанын қазір де мақтан тұтады.

Тасқира Нұрмағамбетқызы 1960 жылы институтты жақсы бағамен бітіріп, өзі туып-өскен Темір қаласындағы қазақ орта мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. Сол жылдың қараша айында өздері бұрыннан сөз байласып, жақсы жолға қол ұстасып бірге шығуға уәделесіп жүрген жас жігіт, Қызылорда педагогика институтының математика факультетін бітірген  Сәнкеш Сахатовпен шаңырақ көтереді.

Бұл алдағы үлкен өмір жолының бастауы еді.

Шәкірті көп мұғалім

Жетпісінші жылдардың басында Сәнкеш Сахатов Шұбарши орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Тасқира апай алғашында үйреніп қалған ұжымын, көз қуанышына айналған шәкірттерін қимағанымен, бәрібір қоныс аударуларына тура келеді. Бұл жақта да ол жаңа ортаға тез сіңісіп кетеді. Ол Шұбарши орта мектебінде он жеті жыл қызмет етіп, 1987 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Демалысқа шықты деген аты ғана, бұл жерде пән мұғалімдері жетіспегендіктен қызметін тағы да жалғастыра беруіне тура келді. Сөйтіп, зейнеткер апай енді он жыл еңбек етті.

Бүгінгідей емес, ол уақытта мұғалімдерге көп атақ-даңқ бұйыра бермейді. Соған қарамастан, аудандық, облыстық білім бөлімдерінің құрмет грамоталарымен марапатталып тұрды. 1970 жылы «Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалін алды. Одан кейін «Қазақ КСР-нің халық ағарту озық қызметкері» белгісі берілді. Әр жылдарда «Аға оқытушы», «Еңбек ардагері» атақ-белгілеріне ие болды. Бұрынырақта Темір қалалық кеңесінің депутаты болып сайланғаны өз алдына бір мәртебе.

Тасқира апайдың алдынан тәлім алған шәкірттерін санамалап айту бүгінде мүмкін болмас. Олардың көпшілігі апайлары өмірден өткенше арнайы келіп сәлем беріп, құрметтерін жасап тұрды. Солардың бірі Дүйсенбі Барсаевтың қағазға түсірген естелігі қолымызға тиді.

Онда былай деп жазылыпты: «Мен Темір қазақ орта мектебіне 1963 жылы тоғызыншы класқа бардым. Тасқира апай класс жетекшіміз әрі химия пәнінен сабақ береді. Ол кісінің бір ерекшелігі — химияны өте жетік білетін. Әр сабағын тиянақты өткізетіндігі соншалық класта ешбір бала қыбыр етпейтін. Бәріміздің де ынтамыз апайдың айтқан сөзіне, іс-қимылына ауып кеткендіктен бе, химияны да бұрынғыдай емес, тез ұғына бастадық. Апайымыз мұнымен де шектелмей, кластан тыс жұмыстарды, тәрбие сағаттарын көп жүргізетін. Мерекелерге жақсы дайындалатынбыз. Кластан тыс жұмыстар өткізгенде қыздарға тапсырма беріп, өзі басында жүріп, ақ көйлегіміздің жағасын крахмалдатып қоятын.

Жолдасы Сәнкеш ағайымыз — орыс орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, одан кейін Шұбаршиде мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды. Біз оларды жарасымды жұп, алдымыздағы үлгі деп білдік».

Тасқира апаның шәкірттері қатарында елге танымал азамат, ұзақ жыл облыстың басқару органдарында қызмет атқарған Игілік Сағиев, белгілі мұнайшылар Серік Сарбаев, Макар Өтегенов, денсаулық сақтау ісінің ардагері Роза Ізтілеуова, танымал журналистер Қуаныш Тектіғұл, Жұмагүл Саухат, жоғары оқу орнының оқытушысы Болат Баймұханов бар екендігін білдік.

Бірде шәкірті Жұмагүл Саухат елге келгенде өзімен бірге қонаққа қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованы ала келеді. Аяулы ақын қыз Тасқира апаның дастарқанынан дәм татып, олар өзара тез тіл табысып кетеді. Кетер кезде бір-бірімен қимай қоштасады. Мамандығы химик болып келетін мұғалімнің шешен сөйлегеніне, мақал-мәтелдермен тұздықтап отыратындығына Фариза ақын ерекше таңданыс білдіріпті.

«Маңғыстау мұнайгаз» акционерлік қоғамы материалдық жабдықтау басқармасы базасының бастығы болып қызмет атқарған белгілі геолог Сағыныш Кәрімов те кезінде Тасқира апайдың алдынан білім алған.

Ұрпақ — өмір жалғасы

Сәнкеш аға мен Тасқира апаның бақытты отбасында жеті перзент дүниеге келді. Олардың барлығы да жоғары білім алып, әке-шеше берген бағытпен биіктерге көтерілді.

Балаларының үлкені Гүлнар бүгінде техника ғылымдарының кандидаты, Ақтөбе сервис колледжінің директоры, біліктілігі жоғары ұстаз. Гүлнардың өзі де үш бала өсіріп, төрт немере сүйіп отыр.

Ұлдың үлкені Ерболат ұзақ жыл Жаңажол мұнай-газ өңдеу зауытында инженер-мұнайшы болып еңбек етті. Өкінішке қарай, өткен жылы елге келген дауасыз дерттің құрығына ілінді. Оның артында қалған ұрпағы әке ғұмырын жалғастыруда.

Кеңқияқ мұнай-газ басқармасында бухгалтер болып еңбек ететін Гүлшара — өз ісінің маманы.

Гүлфайраз — «Қазақинстрах» мекемесінің бас бухгалтері.

Гүлжан болса «КМК-мұнай» компаниясында бас маркшейдер болып еңбек ететін еді, ол да былтыр мезгілсіз өмірден өтті.

Әулеттің үміт күткен ұлдарының бірі Бекболат болатын. Жаңажол мұнай-газ өңдеу зауытында цех бастығы болып қызмет атқарып жүрген оның осыдан он жылдай уақыт бұрын апаттан қайтыс болуы да тума-туыстарға, бауырларына оңайға тиген жоқ. Бүгінде балалары азамат болып, немерелер өсіп жатқаны ғана көңілге тыныштық әкеледі.

Кенже қыз Гүлмира кішкентайынан аға-апаларына еркелеп өсіп еді, оның өзі қазір шәкірттерге жол сілтеген ұстаз.

Тасқира апаның үлкені Гүлнар аяулы анасын былай деп еске алады: «Мамам, негізінде, ер балаларды жақсы көретін, қыздарға қатаң талап қоятын. Әсіресе олардың бантик таққанына, тазалығына, ұқыпты жүруіне көңіл аударатын. Бала тәрбиесіне ерекше мән берді. Дауысын шығарып қатты ұрыспайтын, көзбен тәрбиелейтін.

Үйде бізді демалдырмайды. Үнемі тазалыққа баулитын. Гүлді жақсы көреді. Терезелердің алды гүлмен жайнап тұратын. Балаларды еңбекке тәрбиеледі. Әр баланың өз бөлмесі болады, соларды өзіміз тазалайтынбыз.

Ауылда тұрғанымызда түйе, сиыр ұстадық, бау-бақша ектік. Үнемі шұбат, айран ішетінбіз.

Кейін әке-шешеміз үш немересімен қалаға көшіп келді, соларды бақты, тәрбиеледі. Әрқайсысын жеке-дара көретін. Мәселен, Айболатқа, Әйгерімге бір бөлек тамақ пісіретін».

Мұнайлы өңір Шұбаршиде тұрғанымен, ол кезде газ жоқ, мұғалімдер отбасы от жағатын үйде тұрады, өзі де, жолдасы да жұмыста, ерте кетеді, кеш келеді, соған қарамастан, бұл үйден шұбат, айран, сары май үзілмегенін көзкөргендер әлі күнге дейін айтып отырады.

Сәнкеш ағай мектеп директоры болған соң ба, ол кезде сырттан өкілдер, қонақтар көп келеді екен. Тасқира апай болса, тәттілерін, қыстан қалған қазы-қарталарын қонаққа сақтап отырған. Үнемшіл, қолы берекетті болған деседі, ысырап дегенді білмеген.

Келіні Светаға бәрін үйретіп кеткен. «Света қазір түйгені көп, оның ене мектебінен өткені көрініп тұр» дейді үлкендер.

Тасқира апаның өзі іскер болған, бос отырмай, пайдалы істермен шұғылданған үнемі. Қолы қалт ете қалса, іс тігіп, көрпе құраған, киім тіккен.

Студент кезінде тіккен кестелеріне дейін қара шаңырақта әлі сақтаулы. Соларын ауылға алып келгенде елдегілер таңғалған екен.

Ерін пірім деп сыйлаған қазақ әйелінің үлгісі болған ол балаларды да соған үйретіпті. Әке сыйлаған қағида қазір әулеттің кейінгі буындары үшін де жазылмаған заң іспетті.

Апайдың тағы бір ерекшелігі, қатарластары отырғанда қандай сұрақ қойылса да, байыпты жауап береді екен. Кейбір құрдастары «Сенің энциклопедиялық білімің бар ғой» деп әзілдейді екен.

Гүлфайраз анасы туралы: «Ол есімі үлкен әріппен жазылуға лайық Әйел-ана болатын. Шаңырақта жетекші болмағанымен, үлкен тірек еді. Өзі папамызды бәрімізге үлгі тұтты. Біз Сахатова деген фамилиямызды мақтан тұтып өстік. Анамыз халыққа жақын болды. Көпке көмектесті. Біздерге «Биікке көтеріліп бара жатып, төмен түсетініңді ұмытпа!» дейтін секілді ғибратты сөздерді үнемі айтып отыратын.

Әдеби кітаптарды, газет-журнал оқығанды жақсы көретін. Достары, сыйлас адамдары Ғазиза апа, Әлима апа Молдағұлова, Мәдина апа Байқадамова болғанын біз көзімізбен көрдік. Достықтарына қызығатынбыз. Жас кезде Зәуреш құрбысымен жақын болғанын айтып отыратын» деп әңгімеледі.

Тасқира апаның бауыры, кезінде Орынбор ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, ұзақ жыл шаруашылықта еңбек еткен Амангелді Қамашев та аяулы жан туралы ақтарыла әңгімелейді. «Оның ұстаздығы, шаңырақтағы тәлім-тәрбиесі, өмірдегі өнегесі — бәрі-бәрі көз алдымызда», — дейді ол.

Немере-шөберелері аяулы әжелерін әлі де іздейді. Бүгінде тоғызыншы класта оқитын жиені Зарина Саматқызы бірнеше шуамақтан тұратын сағыныш өлеңін жазып, бауырларына оқып беріпті…

* * *

Тасқира апа немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішті. «Алтын алқа» иегері атанған асыл ана артына өшпес ұлағатын, тозбас тәлім-тағылымын қалдырды.

Бұл — ұрпақтары үшін мол мұра. Аяулы жанның жылы жүзі, мейірімді келбеті оны білетіндердің санасында ұзақ уақыт сақтала бермекші.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button