Басты жаңалықтар

Ұшқыштар диплом алды

Биыл Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 64 офицер бітіріп шықты.

Дәстүрлі түлектерді шығарып салу рәсімі Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта өтті. Салтанатты шара еліміздің Әнұранымен ашылып, алаңға мемлекеттік Ту әкелінді.  Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Қамбаров қатысып, ұшқыштарға ақ жол тіледі.

— Мемлекет басшысы Отанына адал, кәсіби тұрғыда дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар әскеріміз ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы қажет екендігін айтқан. Осы ретте өздеріңіз секілді білімді әрі талапты жас офицерлерге үлкен үміт артып, қуатты Қазақстанның дамуына аянбай еңбек етесіздер деп сенемін.

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтын осы кезге дейін 4 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Бүгінде олар еліміздің авиация саласында абыройлы қызмет етуде. Элиталық оқу орнына айналған әскери институтқа көршілес Ресей, Орталық Азия елдерінің азаматтары да келіп білім алуда. Бүгін, міне, 64 жас авиация мамандығы бойынша офицерлік лейтанант шенін алып отыр. Сіздер төрт жыл бойы офицерлік корпус қатарына қабылдану үшін қажетті білім алдыңыздар. Жаңа мамандық иесі болуларыңызбен құттықтай отырып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, — деді Руслан Қамбаров. Бұдан соң ол институттың үздік түлегі лейтенант Артем Немичке диплом табыс етті.

Аталған институт 11 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Болашақ мамандар жан-жақты даярлықтан өтіп, ұшу аппараттарының жүйелерін пайдалану негіздері мен әуеде ұрыс жүргізу тактикасын меңгерді. Биыл оқу орнынан ұшқыш және инженер мамандығы бойынша 64 офицер білім алып шықты. Оның ішінде Қырғызстаннан келген 3 түлек бар.

Шара барысында түлектерді және олардың ата-аналарын Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Павлодарлық Алекс Жұмағұлов ұшқыш болу бала күнгі арманы екенін айтады. 4- сыныптан кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебіне оқуға түсіп, сол жерде жеті жыл білім алған.

— Оқу барысында институт өз үйімізге айналды. Ең алғаш 1-курста тікұшаққа отырдым. Біраз тәжірибе жинақтап, білім нәрімен сусындадық. Қазір ұшақты еркін басқара аламын. Алайда алған білім мұнымен тоқтап қалмайды деп ойлаймын. Оқытушыларымыз айтқандай, ұшқыш болу ұдайы оқу мен алған біліміңді жетілдіруді талап етеді. Мен өз мамандығымды мақтан етемін, — деп өз әсерімен бөлісті лейтенант Алекс Жұмағұлов.

Шара соңында институттың 2-курс курсанттары қару-жарақпен саптық көрсетілім ұсынды. Дәстүр бойынша іс-шара алғашқы офицер вальсімен және «тиын жаудыру» рәсімімен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button