Жаңалықтар

Тіл айлығы қорытындыланды

Өткен айда 5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай облыста тіл айлығы жарияланған еді.

Оның аясында облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан бірқатар шаралар кешені ұйымдастырылды. Жуырда осы айлықты қорытындылау мақсатымен өткен жиында түрлі мекемелерде мемлекеттік тілді кеңінен қолданысқа енгізу жолында белсенділік танытып жүрген қызметкерлер, сондай-ақ «Мемлекеттік тіл — мерейім» атты облыстық онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталды. Оларды облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов құттықтап, Алғыс хаттар табыстады.

«Мемлекеттік тіл — мерейім» облыстық онлайн байқауы өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылды. Байқауға украин, орыс, татар, неміс, өзбек, әзірбайжан, удмурт ұлтының өкілдері, барлығы 21 адам қатысты. Олар — Ақтөбе қаласы және Мұғалжар, Шалқар, Хромтау, Мәртөк аудандарының тұрғындары. Қатысушылардың арасында мектеп оқушылары да, ересек азаматтар да болды. Олар еркін тақырыпта эссе жазып, тәуелсіздік туралы өлеңдер оқудан сынға түсті.

Жас ерекшеліктеріне қарай байқау балалар мен ересектер арасында бөлек-бөлек қорытындыланды. Қазылар алқасының шешімімен, ересектер арасында І орынды — Екатерина Госсен (Ақтөбе қаласы), ал оқушылар арасында Карина Стадникова (Шалқар ауданы) жеңіп алды. Ересектер арасында Нафига Ашимова (Мұғалжар ауданы) мен Эльвира Куницкая (Мәртөк ауданы) жүлделі орындарға ие болса, мектеп оқушылары арасында Алина Денисова (Ақтөбе қаласы) және Кристина Колмычкова (Ақтөбе қаласы) сынды бүлдіршіндер жүлдегер атанды.

Жоғарыда айтқанымыздай, шарада мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге белсенді атсалысып жүрген азаматтар да марапатталды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button