Жаңалықтар

Жағдай жақсарып келеді

Ақтөбеде өткен тәулікте 38 адамнан КВИ анықталды. Өткен күндермен салыстырғанда облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал едәуір жақсарып келеді. Бұл туралы Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында КВИ-ге қатысты облыстағы бүгінгі ахуал және вакциналау тақырыбында өткен брифингте айтылды.

Әдеттегідей әлеуметтік желілердегі aqtobe_press парақшасында тікелей эфирде өткен брифингте әуелі Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова облыстың қазіргі жағдайына тоқталып өтті.

— 3 қазанда бір тәулікте 38 адамнан КВИ анықталды. Жалпы, облыста осы уақытқа дейін 32994 адам КВИ-мен ауырды. 30756 науқас  емделіп, жазылды. Қазіргі таңда үй карантиніне 10254 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Өкінішке қарай, Ақтөбеде шектеу шараларын бұзатындар қатары азаймай тұр. Той жасап, өзіңіздің және жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеуге шақырамыз. Мобильді топтар мен жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сүйенсек, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 89 709 350 теңге көлемінде 897 айыппұл салынды, — дейді Гүлбану Дәулетова.

Сондай-ақ ол «Ashyq» жобасы Ақтөбе облысының аумағында 14 сәуірден бастап қолданылатынын,  бағдарлама енгізілгеннен бастап, «сары» статусы бар 240 адам және «қызыл» статусы бар 332 адам анықталғанын айтты. 100 «сары» статусы бар тұлғаға Ақтөбе қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулылары шығарылды. «Қызыл» статусы бар 91 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік шара қолданылып, 4 025 460 теңгеге айыппұл салынды.

Ал Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров бүгінгі таңдағы облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанын ескеріп, ауруханалардағы кереуетті екі есе азайтқандарын айтты.

— Бүгінде  облыста 160 бала коронавирус инфекциясымен ауырып жатыр, оның үшеуі жансақтау бөлімінде. Жалпы, 55 жүкті әйел медициналық бақылауда. 39-ы стационарлық режимде емделуде. Әкелінген вакцинаның дозасы да жеткілікті. Ауырмаудың қамын жасап, вакцина алып жатқандар бар. Барлық емханаларда вакциналау пункттері жұмыс істеп тұр, — деді Бекболат Ізбасаров.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button