Білім

Мәскеу ғалымдары құрметтеген директор

Жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісіне белгіленген Ұстаздар күні — біздің отбасымыз үшін ең қымбат мереке. Өйткені әкеміз Әділхан Алғиев бүкіл КСРО-ға аты белгілі ұстаз еді.

Биыл ол алғашқы директоры болған Ақтөбедегі №17 мектептің кітапханасында əкемізге арналған мұражай ашылып отыр. Әкеміз — бұл құрметке әбден лайық жан.

Ол 1928 жылы Шалқар ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын ауыл мұғалімдігінен бастап, оқу ісінің меңгерушісі, облыстық білім бөлімінде инспектор, одан соң Ақтөбедегі №16 мектептің директоры қызметтерін атқарған. 1977 жылы облыс орталығында жаңа ашылған №17 мектептің директоры болып тағайындалды.

Əкеміз жаңа мектепте жұмысты тың әдістермен, өзгеше жүргізуді қалады. Ол «жалпыға бірдей» тәрбиемен емес, әр оқушыға оның қарым-қабілетін, оқуға ынтасын, отбасы жағдайын ескере отырып, тәлім-тәрбие беру арқылы жұмыс жүргізуді жолға қойды. Осы мақсатпен мәскеулік ғалым, КСРО Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі Ю.К.Бабанскиймен тығыз байланыста болды. Осы бағыттағы ой-пікірлерін ол Мәскеуде, басқа да қалаларда өткен одақтық деңгейдегі үлкен жиындарда, өзінің мақалалары мен сұхбаттарында, Ю.К.Бабанский жəне М.М.Поташникпен жазысқан хаттарында жеткізген. Сондай-ақ «В содружестве с наукой» атты еңбегі де жарық көрді.

Профессор М.М.Поташниктің əкем туралы естелігінде былай деді: «Педагогикалық процесті оңтайландыру тәжірибелерін жинақтау үшін мені Қазақстанға жібере отырып, академик Ю.К.Бабанский былай деді: «Ол жақта Әділхан Қалиұлы Алғиевпен көбірек әңгімелесуге тырысыңыз. Ол жай директор емес, ол — дана адам! Оның әр сөзін қалт жібермей, жазып алу керек. Бұл — педегогика ғылымын, яғни онымен бірге елдің педагогикалық тәжірибесін дамытуға қажетті аса құнды деректер».

Əділхан Қалиұлы өзінің бүкіл саналы ғұмырын халық ағарту ісіне арнады, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» құрметті атағының иегері болды. 1988-1995 жылдары ол облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтын басқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де осы саланы жетілдіру үшін ақыл-кеңес беру, тәжірибе бөлісу секілді істермен айналысты. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрын «Актюбинский вестник» газетіне шыққан «Школа в новых условиях» деген мақаласында білім беру саласындағы реформалардың дұрыс жүрмей жатқанын жазып, өз пікірлерін жеткізген.

Əкеміздің білім саласына сіңірген үлкен еңбегі, ұмытылмас мұрасы барын ескеріп, оның есімін есте қалдыру үшін мектепте музей ашу ісін қолға алған бұрынғы әріптестеріне, осы істі ұйымдастыруға ұйытқы болған мектеп директоры Амангелді Онғарбаевқа алғыс айтқымыз келеді. Бігінгі күні мектепте 700 бала білім алып жатыр екен. Әкеміз Әділхан Алғиевтің ісі, ұстанымдары оларға үлгі-өнеге болады, болашақта адамгершілікті, отаншылықты бәрінен жоғары қойған ұрпақ болып жетілулеріне септігін тигізеді деп сенеміз.

               Гүлсан АЛҒИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button