Білім

«Терең білім — тәуелсіздігіміздің тірегі»

Ақтөбедегі №36 қазақ орта мектебі — тәуелсіздік жылдарында ашылған білім ордаларының бірі. Биыл мектебіміздің өзінің ең алғашқы шәкірттеріне есігін айқара ашқанына — 25 жыл.

Осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп, білім беріп, үлкен өмірге шығарып салдық. Олардың арасында өмірден өз орнын тауып, мықты маман болып, жақсы жетістіктерге жеткен түлектеріміз де көп.

Халқымыздың ұлы перзенті Мұхтар Әуезов: «Адам мен адамды теңестіретін —білім» — деді. Өскелең ұрпақ санасына әрдайым осы сөзді, тек білім ғана ертеңгі күнге, жарқын болашаққа деген сенімнің өлшемі бола алатынын құйып отырамыз.

Қазіргі таңда Қазақстанда білім беру үрдісінің өзіндік ұлттық үлгісі орнығып, жаңа мазмұндағы оқыту жүйесі қалыптасу үстінде. Ғылымның қай саласында да жаңалықтар, заман талабына сай, жақсыға қарай өзгерістер бар. «Терең білім — Тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой — азаматтарымыздың алдаспаны», — деген Елбасы сөзі ұлт ұранына айналуға тиіс.

Ұлттың білімі мен біліктілік сапасын анықтайтын орта — мектеп. Жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің сарқылмас көзі мектепте беріледі. Біздің мектептің ұжымы да осы мақсат жолында тер төгіп келеді. Біз әр оқушыға еліміздің болашақ азаматы, бір саланың білікті маманы ретінде қараймыз.

Осы жылдар ішінде мектептің оқушыларымен қатар, мұғалімдері де білім көрсеткіштері жөнінен ғана емес, өнер мен спортта да республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі байқаулар мен сайыстарға қатысып, көптеген жетістіктерге жетті. Биыл мектебіміздің ширек ғасырлық мерейтойына арнап кітап шығарып, өткен тарихымызды жинақтап қойдық. Өткеніміз өнеге, күткеніміз келешек болып, керуен-жылдар көші ілгерілей бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мұғалімдерді жан-жақты қолдау саясаты жалғаса беретінін айтты. Біз болашақ ұрпақтың білім сапасының, ұлттың бәсекелестік қабілетінің жоғары болуы жолында еңбек етіп келеміз.

 Ардақ НАЗИКОВ,

№36 қазақ орта мектебінің директоры.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button