Жаңалықтар

Жыршылар бас қосты

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың қатысуымен «Ата жырда аруағы бар бабамның» атты жыршылармен басқосу жиыны өтті.

Басқосудағы мақсат — ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген жобаларды жандандыру. Облыстық халық шығармашылық орталығы ұйымдастырған жиынға тарихшылар, ғалымдар және жыршылар мен шығармашылық саланың өкілдері шақырылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова облыс көлемінде өткізіліп жатқан шаралар мен алдағы күнге жоспарланған жұмыстарды баяндады.

Алтын орданы басқарған Едіге батыр Ақтөбе облысы Байғанин ауданында жерленген. Ұлы тұлғалардың мекені саналатын өңірде зерттелмей жатқан тарихи орындар көп. Соның бірі де бірегейі Едіге одан әрі насихатталып, жас буынның рухани азығына айналуы тиіс. Бұл орайда көптеген жұмыстар жүзеге асты. Мәдени шаралар мен экспедициялар ұйымдастырылды. Мұндай қорымдарды  туристік бағытқа пайдалану көптен бері айтылып келеді.

Едіге туралы зерттеп жүрген тарихшы Жұбаназар Асанов нақты дәлелдермен тұшымды деректерді айтса, жиналғандар өз пікірлерін ортаға салды.

Қарап отырсақ, әр жердің мақтаныш тұтатын өз тарихи тұлғасы бар. Жас ұрпақты ұлы адамдардың сөзімен, ерлігімен тәрбиелеп отырсақ рухани жемісіміз көп болмақ. Ер Едіге де сондай тұлға ретінде бағаланса дейміз, — дейді ақын Нұрлыбек Қалауов.

Бұл жиын — алдағы атқарылатын жұмыстардың бастамасы. Бұған дейін де игілікті істер ұйымдастырылған. Соның бір дәлелі — «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуы.

— Ата-бабадан балаға мирас болып келе жатқан  поэтикалық дәстүрдің алтын тіні, төл өнеріміз жыраулық дәстүрді дамытып, жас ұрпаққа жеткізу үшін бас қосып отырмыз. Жастарды бұл жанрға тарта отырып, мәдени орындарда, мектептерде жыраулыққа баулитын үйірмелерді дамыту басты мақсатымыз. Ұлы жырауларымыздың өмірі мен өнерін кеңірек насихаттауымыз керек. Басқосуда айтылған ойлар, пікірлер мен ұсыныстарды бірігіп шешетін боламыз.

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында облыстық халық шығармашылығы жанынан «Ер Едіге» жыраулар мектебі ашылды. Онда 40-тан астам жас жыршылар тәрбиеленіп жатыр. Республикаға танымал жыршы-жырауларымыз мектепке келіп сабақ береді. Облыстық білім басқармасымен бірігіп, қала мектептерінде онлаин режимде жыршылық өнерге тәрбиелеу жұмыстары жалғасуда.

Аудан, ауыл мектептерінде жыр үйірмелерін ашу көзделген, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Қазан айында Республикалық «Едіге деген ер екен» атты жыршылар байқауы өтпек. Бұған облыстан  6 жыршы қатысады.

Самат ЕСЕНҚҰЛ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button