Мереке

«Үлкенге қамқор болу — баршаның міндеті»

Шығармашылық академиясында Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге құтты мекеннің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, еңбек сіңірген 25 ардагер шақырылды. Кездесуде Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров:

— Бүгін өздеріңізбен арнайы кездесуде жүздескеніме қуаныштымын. Ел ағалары ретінде баршаңызды жақсы білемін. Сіздерді Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Бұл мереке — аға буынды құрметтеу мен сыйлаудың үлкен белгісі. Қазақ халқында дана, парасатты ақсақалдардың ақыл-кеңесі ежелден зор маңызға ие болған. Халқымызда «Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда ұрпағыңнан соны көресің» деген сөз бар. Үлкенге қамқор болу — баршаның қоғамның және әрбiрiмiздiң мiндетiмiз.

Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында 50 мыңнан астам ардагер тұрады. Оның 14-і — Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 мыңнан астамы — тыл ардагері. Сіздерді қала, облыс жұртшылығы белсенді қоғам қайраткері, елдің сыйлы ақсақалы ретінде таниды.  Қазіргі кезде де зейнеткермін деп қарап қалмай, облысымыздың тыныс-тіршілігіне белсене араласып, өмірлік тәжірибелеріңізді жастарға үйретіп, үлгі-өнеге көрсетіп жүрсіздер. Еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін атқарған еселі еңбектеріңізді кейінгі ұрпақ ұмытпайды.

Осы ретте, ұлттың ұйытқысы, елдің береке-бірлігі бола білген Сіздерге шексіз ризашылығымды білдіремін! — деді. Одан соң мерекелік дастарқан басында отырған әр ақсақалға шапан, әжелерге қамзол кигізіп, сый-құрмет жасады.

Қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары домбыра, баян тартып, ән шырқап, мерекелік кештің көркін қыздырды.

Ақтөбе қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин әуелі замандастарын мерекемен құттықтап, амандық тіледі. Сонымен қатар ол зейнеткерлердің әр кез мемлекеттің назарында екенін, оның ішінде жергілікті билік тарапынан ардагерлерге көрсетіліп жатқан көмек пен қолдауына тоқталып, мерекелік көңіл күй сыйлап, құрмет көрсетіп жатқан қала әкіміне алғысын білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button