Мереке

Қала әкімі ғасыр жасаған ақсақалды құттықтады

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан 14 ардагер және ғасыр жасаған 7 қарт тұрып жатыр. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Қарттар күніндегі жұмыс күнін Жаңақоныс елді мекенінде тұратын жүз жасаған Сатылған Бекмағамбетовке сәлем беруден бастады.

«Алғыспенен ер көгерер» демекші, қала әкімі ғасыр жасаған қарттың үйіне сәлем бере барып, мерекесімен құттықтап, сыйлық табыстады. Тізе бүгіп, әңгімелесіп, ақсақалдың ақ батасын алды.

Сатылған Бекмағамбетов 1921 жылы Ойыл ауданының Саралжын ауылында дүниеге келді. Ол Қобда ауданындағы Жиренқопа ауылындағы мектепте оқып, зоотехник мамандығын да алып үлгерді. Ал 1941 жылы майданға шақырылды.

Бірден оқу-жаттығуға қатысып, 1942 жылы 101-атқыштар бригадасы құрамында шайқасқа түсті. Тарихқа сүйенсек, 101-атқыштар бригадасы Ақтөбеде жасақталды.

Сатылған Бекмағамбетов — 101-атқыштар бригадасы қатарында шайқасқан жауынгерлердің соңғысы. Ол Мәскеу, Ржев, Смоленск түбіндегі қанды шайқастарда аман қалды, екі рет жараланды. Тұтқынға түсті, қашып шығып, әскерге қайта қосылды.

Соғыс туралы тіс жармайтын, Жеңісті Кенигсбергте қарсы алған ардагер бүгінгі таңда 8 баласынан оннан астам немере, жиырмадан астам шөбере сүйіп отыр. Жүз жасаған ақсақал шөпшегін де көріпті. Ғасыр жасаған қарт қала әкімі бастаған топқа алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button