Жаңалықтар

Тексерістер негізсіз болмауы тиіс

Бейсенбі күні облыстық әкімдік ғимаратында «Бірыңғай есеп күні» тақырыбында басқосу ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін дәстүрлі кездесу кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға бақытталған.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы өңірдегі 12 ауданның сала мамандары қатысты. Бұл — Ұлттық экономика министрлігінің тапсырмасы бойынша жылына бір рет өткізілетін шара.

Мұндағы басты мақсат — бақылау-қадағалау қызметі реформасын іске асыру аясында заңбұзушылықтың алдын алу, тұрақты қауіпсіз қызмет үшін кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, бизнес-қауымдастықпен арадағы байланысты нығайту.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасы, Ақтөбе көлік прокуратурасы, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері баяндама жасаған жиында кәсіпкерлердің жай-күйі әңгіме өзегі болды.

— Бизнесті қорғау аясында нендей жұмыстар атқарылып жатыр, соны жыл сайын талқылау әдетке айналған. Оның үстіне ел Президентінің шешімімен кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты мораторийдің жарияланғаны белгілі. Сол қаншалықты сақталып жатқаны да күн тәртібінде қаралады.

Айталық, былтырғымен салыстырғанда биыл кәсіпкерлерді тексеру жұмыстарының көбейгені байқалады. Бұның себеп-салдарын сараптап жатырмыз. Бір анығы, ештеңе негізсіз болмауы керек, — деді ҚР Бас прокуратурасының Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Әділбек Жиенбеков.

Сонымен қатар статистикалық мәліметтерге сай, осы жылдың 9 айында облыста 3348 тексерістің жүргізілгені, оның 1042-сі — кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты екені айтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп екен.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ел экономикасындағы орта және шағын кәсіпкерліктің үлесі жылма-жыл тек артатынын, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін атап өтті. Соған сай бұл салаға қамқорлықты күшейту керек. Атап айтқанда, Үкіметтік қолдау, бизнесті жүргізу үшін қажетті процестерді оңтайландыруға қатысты жоба-жоспарлар тілге тиек етілді.

Кездесуге офлайн және онлайн режимде барлығы 70-тен астам адам қатысты. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын сала мамандарына қойып, жауап алды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button