Жаңалықтар

17 сынып карантинге жіберілді

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 97 жағдай тіркелді. Оның 69-ы — ересектер, 18-і 14 жасқа дейінгі балалар және 10-ы жасөспірімдер арасында анықталып отыр. Бүгінде аурудың тәуліктік өсу қарқыны — 0,3 пайыз.

Бұл туралы кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Тіркелген науқастардың 66-сы — Ақтөбе қаласында, қалғаны облыстың Алға, Қобда, Мәртөк, Темір, Мұғалжар, Ойыл және Хромтау аудандарында тіркеліп отыр.

— Соңғы аптада аурушаңдық көрсеткіші төмендегенін байқап отырмыз. Үй карантиніне 10610 адам алынды, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Әсіресе 40-49 жас аралығында адамдар арасында вирус жұқтыру дерегі жиі тіркеледі. Бүгінде мектептерден 17 сынып карантинге жіберілді.

Эпидемиологиялық зерттеулер барысында анықталғандай, ауруды көбіне бір отбасы мүшелерінен, базарларда, сауда орындарында, қоғамдық көлік және отбасылық іс-шараларда жиі жұқтырады. Негізінен, індетпен ауырғандардың  98,7 пайызы вакцина алмаған. Сондықтан аурудың алдын алудың тиімді жолы вакцина алу екендігін тағы да еске саламыз.

Өткен сенбіден бері облыс «сары» аймақта екенін білесіздер. Жақында карантиндік шараларды бәсеңдетуге байланысты жаңа Қаулы шығатын болады, — деді Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, «Жайсаң» және «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері  арқылы барлығы 202 975 адам тексерілген. ПТР зерттеулері оң нәтиже көрсеткен 108 адам анықталып, оқшауланған.

Облыста эпидемияға қарсы іс-шаралар бойынша  рейдтік тексерулер жалғасуда.

Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес биыл «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы бойынша анықталған құқықбұзушылықтар үшін 89 446 820 теңге көлемінде 891 айыппұл салынған.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, жалпы, пандемия басталғалы 30585 адам қауіпті дерттен жазылып шыққан. Бүгінде облыстағы инфекциялық ауруханаларда 464, жансақтау бөлімшелерінда 60 науқас ем алуда. Барлығы 199 бала және 65 жүкті әйел бақылауға алынған.

Облыста вакциналау жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Биыл ақпан айынан бастап облысқа 697 мың доза вакцина жеткізілді. Қазіргі таңда екпенің бірінші компонентін 316 307, екінші компонентін 277 222 адам алған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button