Білім

Мұхтаровтар әулетінде тоғыз мұғалім бар

Ғалым да, батыр да, дана да қашанда ұстаз алдында бас иеді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озса игі», «Ұстаз — ұлы тұлға» секілді  тіркестер мұғалімдік мәртебенің  биіктігін бір көтергендей. Осынау мәртебелі мұғалім мамандығын таңдауда және оны ұрпақтар сабақтастығымен жалғауда терең мағына жатыр. Осы орайда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Жаныс би елді мекеніндегі Темірастау орта мектебінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, Білім беру саласының үздігі Әбдіхайдар Мұхтаровтың жолын жалғап келе жатқан ұрпақтарына тоқтала кеткім келеді.

Әбдіхайдар Мұхтаров Орал педагогикалық институтының география мамандығын бітіргеннен кейін, 40 жыл ұстаз болып еңбек еткен. Педагогикалық іс-тәжірибесінде  өзінің білімділігі мен біліктілігін көрсете білген. Өзі еңбек еткен мектептің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Бүгінде оның көптеген шәкірттері әр салада қызмет атқарып жүр. Өскелең ұрпақтың бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені сіңіре білген. Еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Көптеген мадақтамалары бар, адал қызметі үшін облыстық, республикалық Құрмет грамоталармен марапатталған. Өз ісінің кәсіби шебері болған Әбдіхайдар Мұхтаровтың «Қазақстан Республикасының озық қызметкері» төсбелгісі иегері атануы кейінгі өз балалары үшін зор мәртебе, олар әкесін әрқашан мақтан етеді.

Адам баласы ұрпағымен бақытты. Мұхтаровтар әулетінің жалпы ұстаздық еңбек өтілі ширек ғасырға жетерлік. Қазір осы әулетте 9 педагог еңбек етуде. Әбдіхайдар әкенің көзі тірісінде берген отбасылық тәрбиесінің үздік үлгісі — осы ұстаздық  мамандықпен көрініс тапқандай. Мұхтаровтар отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиеленді. Балаларының үлкені Жарас Әбдіхайдарұлы бастауыш класс мұғалімі мамандығымен бірге әке жолын қуып, география пәніне де маманданып, оқып алады. Қазір еңбек жолын Темірастау орта мектебінде жалғастыруда. Сондай-ақ отбасындағы екінші баласы  Ғазиза — Ырғыз ауданының Б.Алманов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, ал кіші ұлы Атлас — Темірастау орта мектебінде дене тәрбиесінің  мұғалімі. Міне, отбасындағы үш бала ұстаздық жолды жалғаса, немерелері де мұғалімдік мамандықты өз жүректерімен қалады. Әбдіхайдар атасының ұлағатты ұстаздық жолы немерелерінің мақтанышына айналды. Немерелері Гүлшат — информатика, Гүлдерайы — қазақ тілі мен әдебиеті, Айболғаны — бастауыш сынып, ал Айтолқыны математика мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Үш буын өкілдерінің ұстаздықты таңдап, еңбек етуі, сонымен қатар осы шаңыраққа түскен келіндердің мамандығының сәйкес келуі де — педагогтер әулетінің жарқын үлгісі. Атап айтсақ, үлкен келіні Бағдагүл мен кіші келіні Гүлнараздың мамандықтары — бастауыш сынып мұғалімдері. Жарас пен Бағдагүлдің қыздары Гүлшат пен Айболғанның мұғалімдік қызметте болуы да отбасылық әңгіменің шағын педагогикалық кеңестерге айналуының ықпалы ма дерсің?! Атлас пен Гүлнараздың мұғалімдік мерейлері, отбасындағы өсіп келе жатқан төрт баласының бүгінде шәкірт, ертеңгі ұстаз болмасына кім кепіл?!

Тұрсынбек АҚДӘУЛЕТ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button