Білім

Әлем әдебиетін танытқан

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», — дейді қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев. Әр адамның өмірінде оның дүниеге деген көзқарасына, білімге деген талпысынына, ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігіне, тіпті жүріс-тұрысына дейін үлгі болған, тұтас дүниетанымына әсер еткен ұстазы болады. Әр баланы қолынан жетектеп жүріп білім бәйгесіне қосатын ұстаз мамандығының өмірлік миссиясы да осы болар.

Өңірдегі ең таңдаулы мектептердің бірі — Мақсот Құсайынов атындағы облыстың дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлшат Жұрымбаева сол ұлы миссияны арқалаған аяулы ұстаздардың бірі. Ал шәкірттері үшін — бірегейі.

Гүлшат Жұрымбаева Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік институтын тәмәмдады. 1988 жылы жиырмадан енді асқан шағында Мақсот Құсайынов атындағы облыстың дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына жұмысқа келіп, бүгінде осы мектепте табан аудармай 33 жылдан бері еңбек  етіп келеді.

Гүлшат Жұрымбаеваның сабақ берудегі бір ерекшелігі — ол ешқашан мектеп бағдарламасымен шектелген емес. Алдына келген шәкіртінің орыс әдебиетімен бірге, әлем әдебиетіне деген сүйіспеншілігін қалыптастырады. Интернатқа балалар бесінші сыныптан бастап қабылданады. Осы бесінші сыныптың оқушыларына Александр Пушкин, Лев Толстой, Антон Чехов секілді орыс әдебиеті өкілдерімен бірге Ги де Мопассан, Виктор Гюго, Франсуа Вольтер секілді әлем әдебиеті қаламгерлерінің шығармаларымен таныстырады:

— Гүлшат апайдың есімін мен әлем әдебиеті қаламгерлерінің шығармаларымен байланыстырамын. Ұстазым туралы айтқанда, бірден оның бізге шетел әдебиетін оқытуға ұмтылысы есіме түседі. Ауылдан осы интернатқа келген кезде дәл осы орыс тілі, әдебиеті сабағында менің әлем әдебиетіне деген қызығушылығым оянды. Мектепте оқып жүргенімде апайдың нұсқауымен батыс, шығыс әдебиетін түгел оқуға тырыстым. Мәселен, Этель Лилиан Войничтің, Оноре де Бальзактің, Антуан де-Сент Экзюперидің, Шекспирдің барлық шығармаларын апайдың нұсқауымен оқыдым. Мектепте жүргенде апайдың бақылауымен, даярлауымен қалалық, облыстық олимпиадаларда орыс тілі, әдебиеті пәнінен жүлделі орындарды алдым. Ол бізді олимпиадаға әзірлеген кезде шығарма жазғанда кілтсөздерді жазуға ден қою керек дейтін. Кілтсөз іздеудің өзі адамды еңбексүйгіштікке баулиды, сол үшін қаламгерлердің кітаптарын ақтаратын едік. Сонымен бірге Гүлшат апай бізге әдемілікті сүюді, алға қойған мақсаттарға жетуде табанды болуды үйретті, — дейді мектептің 1998 жылғы түлегі, магистр, PhD доктор Жанар Мұстафина.

Жанар Мұстафина 1996 жылдары қалалық, облыстық оқушылардың пәндік олимпиадасынан орын алған түлек. Гүлшат Жұрымбаеваның тәлімгерлік етуімен облыстық, республикалық, халықаралық білім додаларында қара үзіп келген оқушылардың тізімін жазсақ, бірнеше параққа созылады. Оның шәкірттері Қазақстанның әр түкпірінде, басқа мемлекеттерде еңбек етеді.

Ұстаздың бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол әр жылдары «Жыл мұғалімі» байқауының лауреаты, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының, «Ең үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының облыстық кезеңдерінің, «Үздік мұғалім» конкурс-марафонының, «Мой Пушкин» атты облыстық байқауының жеңімпазы атанды. Білім және ғылым министрінің Алғыс хатына, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасына, басқа да марапаттарға ие болды.

«Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді», деген Мәлік Ғабдуллиннің сөзі тап осы Гүлшат Жұрымбаеваға арналғандай…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button