Білім

Шәкірттерімен мақтанатын шығармашыл мұғалім

Темір ауданындағы Шұбарқұдық гимназия директорының бейін ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Жұмазия Қуанова осы салада 27 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның педагогиканы таңдауына ұстазы Әсия Кәрімованың өнегесі өз септігін тигізіпті.

1994 жылы Атырау педагогикалық институтының тарихшы, 2006 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жергілікті және мемлекеттік басқару мамандықтарын тәмамдаған ол өз кәсібін ерекше жақсы көреді.

— Әр адам өзгенің жақсы қасиеттерін бойына сіңіруге құштар келеді ғой. «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздігі» медалінің иегері Әсия Кәрімова апайымыздың жылы жүзі, адамгершілігі мен өзгенің жанын жақсы түсінетін қасиеті осы мамандықты таңдауыма әсер етті.

Ол уақыттағы ұстаздардың ұстамдылығы, парасаттылығы, талапшылдығы айрықша еді. Қазіргі таңда заман талабына сай мұғалім имиджі, оның білім берудегі ерекшелігі өзгеріске ұшырады. Жаһандық жедел даму, инновациялық жаңалықтар және цифрландыру үдерісі білім беру саласына өзіндік «бояуын» қалдырды. Ол оқушының отбасылық, әлеуметтік жағдайын ескере отырып, білім берудің қолайлы, ықтималды жағын да қарастыруды қажет етеді. Сондықтан қазіргі педагогтарға артылып отырған жүкті оңай деуге келмейді.

Қандай жағдай болсын, мұғалім — бүгінгі таңдағы ең қажет мамандық. Алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу үшін жан-жақты, қоғамдық жаңаруға бейім ұрпақты тәрбиелеу қажеттілігі туындап отыр. Сапалы білімге қай кезде де сұраныс жоғары. Осы тұрғыда табысты оқытудың жолдарын іздестіре беру қажет деп есептеймін. Сонда ғана өзіне сенімді, күш-жігері мен алған білімін өмірде пайдалы дүниеге қолдана алатын рухты, патриот ұрпақты тәрбиелеп шығамыз, — дейді ол.

Еңбек жолында оқушыларды ҰБТ-ға дайындап, жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін 2008 жылы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2019 жылы жоғарыда аталған ведомствоның Алғыс хатымен марапатталған Жұмазия Қуанова — шығармашыл ұстаз. Оған дәлел ретінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жарық көрген «Өшпес жылдар естелігі» кітабын, былтыр шыққан «Тарих сабағындағы оқушылардың құзыреттілігін дамыту» атты әдістемелік құралын айтуға болады. Сондай-ақ ол 2018 жылы мұғалімдер арасында өткен «Үздік мақала» облыстық байқауында инновациялық мазмұндағы материалы үшін I орын, 2019 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының өңірлік кезеңінде ІІІ орын, ал биыл «Дарынды педагогикалық қолдау: жаңалықтар, мәселелер, жетістіктер» зерттеу жобасы-байқауында II орынды иеленген.

Кейіпкеріміздің оқушылары республикалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылған олимпиадалар мен ғылыми жобаларда да жүлделі орындардан көрініп, ұстаз мерейін өсіріп жүр. Арасында жолын қуған шәкірттері де бар…

— Әрине, әр педагог оқушыларын мақтан тұтады. Солардың жетістіктері — біз үшін қуаныш. Шүкір, менде де алғыр оқушылар көп. Маған еліктеп, мұғалімдік жолды таңдағандар да бар. Олар — Қанат Сарқұлов, Назгүл Қажымұқан, Жаңылсын Салиманова, Айнұр Төребекова. Балаларыма ұстаздық жолда тек табыс тілеймін, — деп сыр бөлісті Жұмазия Қафизқызы.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button