Білім

«Ер адамның мектептегі орны ерекше» 

Алға ауданындағы В.Пацаев атындағы №2 орта мектептің мұғалімі Әлихан Қойшыбаев осылай дейді. Тәжірибелі педагогтің ойынша, әр оқушы — бір әлем. Яғни әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарау керек.

— Білім беру саласында жұмыс істегеніме он жылға жуықтады. 2012 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдаған соң өзімнің өскен жерім — Сарықобда ауылдық округіне қарасты Болгарка ауылындағы мектепте еңбек жолымды бастадым. Ал соңғы үш жылда Алға қаласының өзінде қызмет етемін, — деген Әлиханның бүгінге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Ол 2019 жылы өткен аудандық байқауда «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік жас мұғалімі» номинациясы бойынша жүлдегер атанса, былтыр «Daryn.online» білім беру платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп ұйымдастырған республикалық пәндік олимпиадада жеңіске жеткен. Сондай-ақ кейіпкеріміз — өткен жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арасында өткізілген облыстық пәндік олипиадасының ІІІ орын иегері. Басқа да марапаттары бар.

Оның ойынша, бұрынғы мен бүгінгі оқушыларды салыстыруға келмейді. Қазіргі балалар аса белсенді, еркін, ақпаратты тез қабылдайды. Цифрлық технологияны да жетік меңгерген. Соған сай олардың әр нәрсеге ой-көзқарасы, пікірі бастауыш сыныпта-ақ қалыптасады. Мұғалім тиісінше әр балаға жеке тұлға ретінде қарайтынын, талап-тілегін ескеретінін тілге тиек етті. Солай жасаған ағайын шәкірттері де ерекше сыйлайды екен. Яғни өзара түсіністік соның арқасында берік орнаған.

— Мектептің жақсы, шәкірттің білімді болуы тікелей ұстазына байланысты деп білемін. Сондықтан бізге жүктелер жауапкершілік орасан. Көзге көрінбейтін жұмыстарымыз да көп. Мысалы, қағаз толтыруды айтуға болады. Әр үйдің еркесіне сабақ беріп, тыңдату да оңай шаруа емес. Дей тұрғанмен қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықты таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Себебі өзімді басқа қызметте мүлде  елестете алмаймын.

Мектептегі ер мұғалімнің орны ерекше екені сөзсіз. Себебі біздегі педагогикалық  ұжымның 90 пайызы әйел адамнан тұрады. Соның әсерінен ер адамның әңгімесін, ақыл-кеңесін қажет ететін шәкірттер бар. Жалпы, ағалық қамқорлықты күтетіндер көп қой, — дейді Әлихан Қойшыбаев.

Барлық педагогтер сияқты әңгімелесушіміз де кәсіби мерекесін асыға күтеді. Өйткені атаулы күнде әріптестері, ата-аналар мен оқушылардан жылы лебіз естіп, мерекелік көңіл күйге бөленудің өзі айрықша сезім сыйлайды екен. Оның үстіне бұл — Қойшыбаевтар әулеті үшін орны бөлек отбасылық мереке. Әлиханның ата-анасы, апалары, жездесі де осы саланың өкілдері, яғни мұғалімдер.

Салмақты, сөзі мен ісі үйлескен, кез келген іске байыппен қарайтын Әлихан оқушыларын ерекше жақсы көреді. Онысын өзінің мектепте түскен бірде-бір суреті жоқтығынан, кіл оқушылармен бейнеленген фотоларының көптігінен байқадық. Бұл, бір жағынан, тіл маманының балаға деген шексіз сүйіспеншілігін білдірсе керек…

Болашағынан зор үміт күттіретін, қай кезде де оқушылардың ортасынан табылатын Әлиханға бар жақсылықты тілейміз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button