Білім

Мұғалімнің бақыты — шәкіртінің құрметі

Мен өзімді өмірде мамандық таңдаудан қателеспеген бақытты жанмын деп ойлаймын. Бастауыш сыныптың мұғалімі болуды, мектеп табалдырығынан тарыдай болып аттаған бүлдіршіндерге алғаш қалам ұстатып, әріп танытуды бала күнімнен армандаған едім.

Бір кездегі бала қиялым кейін шындыққа, менің өмір жолыма айналды. Бүгінде 25 жыл еңбек өтілі бар маманмын. «Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады» деп ұлы педагог К.Ушинский айтқандай, үздіксіз білім алуға талпынып, «білгенімнен білмегенім көп» деген ұстанымды берік ұстанамын.

Алғашқы ұстаз шәкірттің есінде мәңгі қалады. Жоғары сыныптарда оқушылар, бәлкім, кейде мұғалімге сын көзімен қарауы да мүмкін. Ал алғашқы ұстазы санасында екінші ата-анасы секілді қымбат, ыстық бейне болып сақталып қалады. Сондықтан «Ұстаз деген ұлы атты лайықты алып жүрмін бе?» деген сұрақты өзіме әрдайым қоямын. Мектеп бітіріп жатқан, бүгінде еңбек етіп жүрген шәкірттерім келіп алғысын айтып, жылы лебіздерін білдірген сәттерде өзімнің еңбегімнің ақталғанын сезінемін.

Мұғалім үшін ең керек қасиет балаға деген сүйіспеншілік деп білемін. Мұғалім баланы шынайы жақсы көргенде ғана оның берген білімі жұғысты, еңбегі нәтижелі болады.

Бүгінде облыс орталығындағы №61 мектепте еңбек етемін. Оқушыларым — қалалық, облыстық бастауыш сыныптарға арналған олимпиадалардың жеңімпаздары. Шәкірттерінің жетістіктері — мұғалім үшін ең үлкен бақыт.

Назгүл ҚОЖАЛЕПЕСОВА,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button