Жаңалықтар

Су мен жылуға тариф өспейді

Сейсенбі күні 12-шағын ауданындағы 52-үйдің маңында «Аqtobe su-energy group» кәсіпорыны Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесіп пресс-тур ұйымдастырды.

Жүргізілген тәуелсіз сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша жылумен жабдықтау желілерінің орташа тозуы — 56,96 пайыз. Осыған байланысты кәсіпорынның техникалық саясатының негізгі бағыты — озық технологияларды қолдана отырып, жылу желілерін жаңғырту.

— 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту, реконструкциялау және жаңғыртуға бюджеттен 607 миллион теңге бөлінген, осы сомаға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, 12-шағын ауданында 49, 51, 52-үйлерге қатысты ұзындығы 230 метр болатын жылумен жабдықтау жүйесі 50 миллион теңгеге жөнделді. Бүгінгі таңда дәнекерлеу жұмыстары толығымен аяқталып, халыққа су берілді. Енді арықтарды көму жұмыстары қалды. Сосын қаланың әр шетінде орналасқан 13 нысанда қазандықтардың жылу желілерін қайта құрастыру жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ тағы бір нысан — Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы ұзындығы 252 метр болатын жылу желілері учаскесі. Бұған 134 миллион теңге бөлінді. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр, — дейді бас инженердің жылу жөніндегі орынбасары Жанболат Сарманов. Сондай-ақ ол халықаралық үкіметаралық қаржы-несиелік ұйым — Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен қаламыздағы үш мектептің ( №10, №12, және №15) қазандығы қайта қалпына келтіріліп жатқанын, бұл жұмыстардың 1 қазанға дейін аяқталатынын жеткізді.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілі осы жылға жеке тұлғалар үшін су мен жылуға тарифтің өспейтіндігін айтты.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button