Жаңалықтар

Өртке себепші — газ баллондар

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «Жылыту маусымына дайындық. Улы газбен уланудың алдын алу» тақырыбында брифинг өтті.

Іnstagram және фейсбук желілеріндегі aqtobe_press парақшасында тікелей эфир форматында өткізілген брифингке қатысқан Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Евгений Овчарский жылыту маусымында болуы мүмкін өрттің алдын алуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, тұрғындарға қолдан келсе, дабыл қағу жүйесін қондырып алуды ұсынды. Оның айтуынша, бір дабыл қағу жүйесінің нарықтағы бағасы шамамен 7-10 мың теңге тұрады.

Ақтөбе облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Запира Аманжолованың айтуынша, негізінен, өртке себепші — газ баллондар.

— Қазіргі таңда өрттің алдын алу мақсатында үйлерді аралаудың бірінші кезеңі аяқталды. Қолдан келсе, газ баллонды үй жағдайында пайдаланбаған жақсы. Ал егерде пайдаланар болсаңыз, газ баллонды толтырудың, оны пайдаланудың өзіндік тәртібі, ережесі бар. Соны мұқият сақтау керек. Үйіңізде газдың иісін байқасаңыз, желдеткішті ашып, тез арада мамандарды шақырған абзал, — дейді Запира Аманжолова.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АӨФ техникалық инспекциясының бастығы Ернар Мұқанов газдың құбыр бойында иненің жасуындай тесік болса, сол жерден-ақ шығатынын, тіпті оның қай жерден шығып тұрғанын анықтау да өте қиын екенін айтты. Сондай-ақ ол газбен уланудың белгілерін, ол кезде не істеу қажеттігін де түсіндіріп берді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button