Мәдениет

Хромтаудағы «Күй күмбірі»

Кеше Хромтау ауданында «Күй күмбірі» жас күйшілер байқауы өтті. Ермекбай Беркінбаевтың жүлдесіне арналған өнер бәйгесі даңқты күйшілер — Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен Қаршыға Ахмедияровтың 75 жылдық мерейтойлары аясында ұйымдастырылды.

Хромтау аудандық мәдениет және спорт орталығының директоры Арман Жиеналиевтің айтуынша, осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған байқаудың мақсаты — жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін көтеру. Сондай-ақ ол келер жылы бұны облыстық деңгейде өткізу жоспарда барын атап өтті. Аудандық байқауға биыл 23 жас қатысуға ниет білдірген.

— Ағамыз Ермекбай Қалжанұлы оқушы кезінде домбыра үйірмесіне қатысып, музыкалық жағынан сауатты болған. Заң саласы бойынша жоғары білім алып, ұзақ жылдар бойы Ресей елінде қызмет етті. Кейіннен Ақтөбедегі полиция институтында дәріс берді. Бірақ музыкаға да уақыт тауып, арасында концерттерге қатысты, бірнеше аспапты меңгерді. Бірталай күй білетін. Өкінішке қарай, ағамыз арамыздан ерте кетті… Оның есімі ұмытылмасын деген оймен осындай байқауды өткізуді дәстүрге айналдырып отырған жайымыз бар, — дейді ұйымдастырушылардың бірі Орынғазы Беркінбаев.

Байқаудың кішкентай қатысушыларының бірі 10 жастағы Лунара Өтемісова: «Аудандағы музыкалық мектепте оқимын. Домбыра класына барып жүрмін. Маған қазақтың осы музыкалық аспабы қатты ұнайды. Байқауға «Ерке сылқым» күйін алып келдім. Дайындығым жақсы», — деп лебізін білдірді.

Қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов бастаған музыка мамандары бағалады. Жас талаптардың орындау шеберлігі, шығарманың күрделілігі және сахна мәдениетіне баса мән берілді.

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Ермұқан Сәрсенов лайық деп танылды. 12 жастағы өнерлі өрен әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындаған болатын. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы, қазылар алқасы, ұйымдастырушылар дипломдар мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Жас күйшілер байқауының соңында ән-күйден шашу шашылып, шараның өтуіне атсалысқандарға Алғыс хат ұсынылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button