Жаңалықтар

Болашақ теміржолшылар мерейлі отбасымен кездесті

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің гран-при иегері Әділовтер отбасымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге колледж оқытушылары мен жастар қатысты.

Кештің жүргізіп отырған колледж оқытушысы Бекат Қаумешов: «Қаламызда ұрпақтан-ұрпаққа отбасылық құндылықтарды насихаттап, жоғары кәсіби мамандар әзірлеуге үлкен үлес қосып отырған еңбек әулеттері баршылық. Солардың бірі — үшінші буыны теміржол саласында еңбек етіп жүрген Әділовтер әулеті. Айталық, марқұм отағасы Нәдірғали Жиенғалиұлы Жем локомотив пайдалану депосында 37 жыл машинист болған», — деп, сөз кезегін кеш қонақтарына берді.

Марқұмның жұбайы Светлана Толыбайқызы Жем локомотив пайдалану депосында 42 жыл оператор болып еңбек еткенін, отбасында 4 бала тәрбиелеп өсіргендерін, бүгінгі таңда 10 немеренің әжесі екенін айтты. Сондай-ақ атасы Жиенғалидың да 15 жасынан бастап еңбекке араласқанын, теміржол саласында қырық жылдай қызмет жасағанын, енесі екеуі бес бала тәрбиелеп өсіргенін балаларының бәрі де әке жолын қуып, Жем және Маңғыстау локомотив деполарында қызмет атқарып жүргенін әңгімелеп берді.

Кездесуге қатысқан Нұрғали Нәдірғалиұлы Жем станциясы бастығының орынбасары болса, келіні Кәмшат Асхатқызы «Қазақстан теміржолы» компаниясының баспасөз қызметінде жұмыс жасаған. Қазіргі таңда бала күтімімен үйде отыр. Үш бала тәрбиелеп отырған Нұрғали мен Кәмшат мұқтаж жандарға тұрақты түрде қолдан келгенше көмек көрсетіп тұратындарын да айтты.

Шара барысында бұл отбасының ортаншы ұлы Нұрхан Нәдірғалиұлының әкесі сияқты машинист екенін, жұбайы Зейнеп екеуі бес бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы екенін білдік.

Ал Әсемгүл Нәдірғалиқызыкүйеуі Талғат Еділұлы екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Осы әулетке күйеубала Талғат та теміржол саласының қызметкері. Отбасының кенжесі Дархан Нәдірғалиұлы — Жем станциясының кезекшісі. Келіншегі Ақнұр екеуінің бір бөпесі бар.

Айтпақшы, Нәдірғали Жиенғалиұлының бауырлары Алмаш, Күләш, Бердіғали, Болат Әділовтер де теміржол саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан, бала-немереге тәрбие беріп отырған бір-бір кіші мемлекет.

Осыдан кейін Әділовтерді ұлттық дәстүрді сақтаған, атакәсіпті жалғастырған берекелі теміржолшылар әулеті деп қалай айтпаймыз?!

Сондай-ақ қоғамда өнегелі отбасы мен берік некенің үлгісін насихаттауда, отбасы мәртебесін арттыруда осындай кездесулердің де рөлі зор. Бұл кездесу де өмірде кездесетін түрлі қиын жағдайларға қарамастан, отбасы құндылығын биік қойып, бала-немере өсіріп, шаңырағын биікке көтеріп отырған отбасыны үлгі етеді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button