Жаңалықтар

І орын — Аяулым мен Гүлсімайда

Сейсенбі күні Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тіл фестивалі аясында қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Ыбырай оқулары» атты көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтті.

Байқауға қатысу үшін жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері және мектеп оқушылары өтініш білдірген. Іріктеу кезеңі бойынша үміткерлер ақынға арнау өлеңдерін алдын ала бөлім поштасына электронды түрде жолдаған. Осылайша қалалық байқауға іріктеу кезеңінен өткен оқушылар мен студенттер қатысты.

Байқау барысында қатысушылар өздерінің арнау өлеңдерін және Ыбырай Алтынсариннің поэзиялық шығармаларын мәнерлеп жатқа оқып, сынға түсті.

Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына, мәтінді таңдау талғамына баса назар аударды.

Байқау қорытындысы бойынша мектеп оқушылары арасынан жүлделі І орынды Ақтөбе қаласындағы №16 орта мектептің оқушысы Аяулым Шакиева жеңіп алды. Ал ІІ орынды №21 мамандандырылған гимназия оқушысы Алтын Айбатова, ІІІ орынды №23 орта мектептің оқушысы Сарбиназ Қозы-Көрпеш иеленді.

Ал студенттер арасынан жүлделі І орынға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Гүлсімай Еркінқызы лайық деп танылды. ІІ орынды Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы жоғары медициналық колледжінің студенті Нұрила Нәкен, ІІІ орынды Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті Ақерке Маратова алды.

Шара соңында жеңімпаздар және байқауға қатысушылар қала әкімі Асхат Шахаровтың арнайы дипломдарымен, Алғыс хаттарымен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button