Пікір

Қоғамға үлкен жауапкершілік жүктеді

Берік Орынбасаров,

 И.Тайманұлы атындағы гимназияның мұғалімі,

аудандық мәслихат депутаты.

Президент биылғы Жолдауында әлемді алаңдатқан пандемияға қарсы күрес шаралары кезінде босаңсуға болмайтынын айтып, алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу жолында жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Сонымен қатар пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірлеп, сол арқылы бірқатар істер атқарылатындығын да алға тартты.

Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», — деген сөзі Қ.Тоқаевтың биылғы жаңа Жолдауында көрініс тапты.

Мен биылғы Жолдаудан алдағы уақытта білім, ғылым, медицина, цифрландыру салаларында іргелі істер атқарылатынын байқадым. Бұл салаларды дамыту – мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды.

Ал ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер, экология мәселелері тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға негізделсе, ұлтаралық және конфессияаралық татулық, гендерлік теңдік, ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру – жалпы мемлекеттің саяси тұрақтылығына негізделген игілікті істер деп білемін.

Қорыта айтарым, тұрақтылық пен дамуға негізделген бұл Жолдау әрбір сала өкіліне, жалпы қоғамға үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондықтан «Жауапты мемлекет. Жауапты қоғам. Жауапты адам» тұжырымдамасын жүзеге асыруға ел болып атсалысуымыз керек. Ерге тиген үлес – елдікке ұмтылу. Сол үшін бір болайық! Аянбай еңбек етейік!

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button