Экономика

Қыркүйек: жиын-терін, береке айы

Шолу

Жазғы қарбалас бір сәт саябыр тауып, күзгі жиын-терін бірқалыпты өтті бұл айда.

Бұл кезеңдегі ең басты жаңалық — 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасауы. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атауын алған бұл маңызды құжатта Президенттің халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бес бастамасы жария етілді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірқатар аудандарда болып, өзекті мәселелердің шешімін табу жолдарын қарастыруда. Осы ауқымдағы оңды істер жалғасын табуда.

Кәсіпкерлер грантқа ие болды

«Еңбек» нәтижелі еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант алу үшін 75 талапкер комиссия алдында бизнес-жоспарларын таныстырып, жобаларын қорғады.

Соңғы үш жыл ішінде «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, сертификатқа ие болған немесе аталған бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді оқуды аяқтаған жұмыссыз азаматтар мемлекеттік грантқа үміткер бола алады. Үміткер грант алуға жүгінген сәттен бастап санағанда жеке кәсіпкер ретінде бір жылдан аз уақыт ішінде тіркелуге тиіс.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қайтарымсыз гранттың мөлшері — 583400 теңге.

Жобаларын комиссия алдында қорғағандар арасында тәтті тағамдар әзірлейтін Гауһар Райымбаева, кондитерлік өнімдер пісірумен шұғылданатын Бақытгүл Ермаханова да бар. Олар мемлекет қолдауы арқылы өз кәсіптерін кеңейтіп, қосымша құрал-жабдықтар сатып алатындықтарын айтты.

«Тәлімгерлік» бағдарламасы — түлектерге қолдау

Облыста «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Тәлімгерлік» бағдарламасы мақсатты түрде жүзеге асырылуда.

2017 жылы қолға алынған «Бастау-Бизнес» жобасының бүгінде өңір бойынша он мыңнан астам түлегі бар. Олар өз бизнес-идеяларын белсенді түрде жүзеге асыруда. Бастаулықтардың 3328 жобасы іске асырылып, соның нәтижесінде шағын және орта бизнестің өсімі 4,5 пайызға жетті. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша осы кезеңдегі салық түсімдері 211,2 миллион теңге болды. Бағдарлама аясында екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

«Тәлімгерлік» бағдарламасының негізінде іскер әйелдер кеңесінің қолдауы және өңірлік палата сарапшыларының сүйемелдеуімен түлектердің бизнес әлемінде берік орнығуына мүмкіндік бар.

«Тәлімгерлік» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлердің алғашқы тобы бухгалтерлік сауаттылықты арттыру бойынша қысқа мерзімді курстан өтті.

Мал азығына — субсидия

Облыста мал шаруашылығына бағытталған субсидия 2002 жылдан беріле бастады. Осы жылдар ішінде субсидия көлемі 3-4 миллион теңгеден 13 миллиард 700 миллион теңгеге жетті. Қазір облыс бойынша субсидия алатын шаруашылықтар қатары екі мыңға жуықтады.

2020 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіп, «ауыл шаруашылығы малдарына мал азығының құнын арзандату» атты бағыт нақтыланды.

Мал азығының құнын арзандату бағыты бойынша былтыр облыста ауыл шаруашылығы құрылымдарына 5,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Биыл бұл деңгей 6,7 миллиард теңгеге көтерілмекші.

Субсидия көмегімен мал басы 7 пайыздан 24 пайызға дейін артты. Әсіресе жылқы саны көбейді.  Облыста ірі қара 531,4 мыңға, жылқы 178,1 мыңға жетті.

Жақын күндері мал азығына субсидия алуға өтінім қабылдана бастайды.

Ыстамбұлға — тура жол

Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайында Ыстамбұлға әуе рейсі ашылғаны хабарланды.

Ақтөбеден шыққан жолаушылар ұшағы төрт сағатқа жетпей Түркия қаласының әуежайына қонатын болды. Бұл бағыттағы ұшу аптасына екі рет — сәрсенбі және сенбі күндері деп белгіленді.

«Scat» әуе компаниясының «Boeing 737» ұшағы Ақтөбеге басқа қалалардан келіп мінетін жолаушыларға да ыңғайлы. Билеттің барып-қайту бағасы 130 мың теңге.

Автобустар жаңаруда

Облыс орталығында қоғамдық көлік жұмысы жолға қойылып келеді. Жаңа жолаушы тасымалдаушы компания — «Qala Trans» кәсіпорнының жаңа автобустары ақтөбеліктерге №8а, 48 және 20 бағыттарында қызмет көрсетеді. Қазір Ақтөбе көшелерінде осындай 32 автобус қатарға қосылды.

Жаңалықтың ерекшелігі — автобус жүргізушісі билет сатуға, автобусты жууға және қосалқы бөлшектерді сатып алуға алаңдамайды. Оларға ешқандай жоспар қойылмайды.

Тасымалдаушы жақын арада тағы 70 автобус жеткізуге уәде беруде. Көлік жүргізушілердің айлығы 220 мың теңгеден басталады.

«Универ» — жаңа медициналық орталығы

Облыс орталығындағы Батыс-2 шағын ауданында «Универ» медициналық орталығы емханасының құрылысы жүріп жатыр. Жеке инвестиция есебінен қолға алынған жаңа медицина мекемесінің жалпы аумағы — 2 мың шаршы метр. Емхана кемінде  25 мың адамға медициналық қызмет көрсетпекші.

Мұнда 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық қызметі қарастырылған. Жалпы тәжірибелік дәрігерлердің, хирургия мен урология, педиатрия, оңалту және физикалық ем қабылдау кабинеттері жұмыс жасайтын болады. Диагностикалық жабдық қазірдің өзінде жеткізілді, алда магниттік-резонанстық және компьютерлік томография орталықтарын іске қосу, амбулаторлық хирургияны дамыту жоспарлануда.

 «Мерейлі отбасы» — бәріміздің мерейіміз

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіндегі дәстүрлі сайысқа биыл 268 отбасы қатысып, 8 әулет жүлделі орынға шықты.

Негізгі жүлдегерлермен қатар, «Қара шаңырақ», «Шапағат шуағы», «Бірлік босағасы» номинациясы бойынша үздіктер де марапатталды.

«Қара шаңырақ» номинациясының иегері — Қобда ауданы Әлия ауылында тұратын Үдербаевтар отбасы.

Бірнеше орден-медальдың иегері, «Әлия» ұжымшарының құрылуына ұйытқы болған азаматтардың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Мерғали Үдербаевтың қара шаңырағын бүгінде кенжесі Орман Мерғалиұлы ұстап отыр. Ол спорт саласында отыз жылдан астам шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз.

«Шапағат шуағы» номинациясының жеңімпазы Хромтау ауданы Қарлау ауылында тұратын Бекмағамбетовтер әулеті. Басқа да қайырымдылық шараларымен бірге, әулет өз ауылдарында 40 миллион теңгеге мектеп құрылысын салуды қолға алды.

«Бірлік босағасы» номинациясы жүлдесін Қарғалы ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылында тұратын Ізбасаровтар отбасы алды. Тоқсандағы Бақытжан Ізбасаров пен зайыбы Ольга Андреевна бүгінде балаларынан 18 немере, 21 шөбере көріп отыр.

Облыстан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында ойылдық Займолдиндер отбасы жеңімпаз атанды. Ғазиз Займолдаұлы мен зайыбы Екатерина Қалиева алты бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 15 немере, екі шөбере сүйіп отыр.

* * *

Қыркүйектің соңғы күндері көңілге демеу әкелді. Облысымыз «сары» аймақтар қатарына еніп, қауіпті дерттің аз да болса бәсеңдегені байқалды.

Осы айда келер жылдың баспасөзіне жазылу жұмыстары жандана түсті. Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы, журналистер Ырғыз, Шалқар аудандарында оқырмандармен кездесулерін ұйымдастырды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button