Білім

Үздік орта білім беретін ұйым атанды

Облыс орталығындағы Новый орта мектеп-лицейі республикалық 30 пилоттық мектептің қатарына енгізіліп, осының шеңберінде республикалық деңгейде өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Ұрпақ тәрбиелеу — ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да ұлы күреспен ғана жүзеге асырылады. Демек, болашақтың жастарын тәрбиелеуде білімге деген талап пен талғамның ерекше болуы шарт.Бүгінде білім беру ісіне жаңаша көзқарас қалыптасып, болашақ ұрпақ тәрбиесін іске асырушы білім ордасы мен мұғалімдерге де жаңаша талап қойылып отыр.

Новый орта мектеп-лицейі облысымыздағы көшбасшы білім ордаларының бірі.

Новый орта мектеп-лицейі-мәдениеттің, білім мен тәрбиенің ошағы, эстетикалық талғам мен интеллектуалды дамытудың, оқушының сана-сезімін жаңа деңгейге тез жеткізу үшін мүмкіндік жасайтын үздіксіз білім берудің кешенді орталығы десек те қателеспейміз.

Мектептің безендірілуі заманға сай, көздің жауын алады. Әрбір бала осындай мектепте оқығысы-ақ келеді.Ал  безендіру жұмыстары бюджет қаражатына жасалмаған. Ғимараттың барлық безендірілуі — оқушылар мен ұстаздардың қолынан шыққан туындылар. «Ұлттық қолөнер — ұлт қазынасы» жобасына қатысушы оқушылардың туындылары мектеп дәлізінде, қолөнер бұрышында жинақталған. Бұл жобаның мектеп мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөлі бар. Әрбір дарынды оқушы мен шығармашыл ұстаздардың қолтаңбасын осы мектеп-лицейдің дәлізінен көре аласыздар. «Жасыл мектеп» жобасына қатысушылар мектеп ішін гүлге толтырған.

Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға — мұғалім. Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім қандай болса, мектеп hәм сондай-ақ болмақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі — білімді, педагогика-методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», — деді. Осы орайда әрдайым сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басшылыққа алатын мектеп-лицейдің ұстаздар қауымына қойылатын талаптар да өте зор болып отыр. Мектеп-лицей қабырғасында қызмет ететін әрбір мұғалім — жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және мықты маман.Себебі педагог кадрлардың сапалы болуы — білім ордасының табысқа жетуінің бірден-бір шарты.  Ал табысты мектеп қандай болмақ?«Ел есінде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» —дейді дана халқымыз. Мектептің табысты болуы —  білікті маман мен білімді ұрпақтың жұмыла жасаған жұмысының нәтижесінде ғана жүзеге асатын іс. Осы тұрғыда Новый орта мектеп-лицейінің ұстаздары аянбай еңбек етуде. Атап айтар болсақ,Ш.Аймағамбетова, А.Омарова, С.Әбдіқалықова, Д.Қыстаубаева, Н.Мұңайтпасова, М.Майлық, Г.Бисенова сынды шығармашыл ұстаздары бар мектеп-лицейдің дарынды шәкірттері республика бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, облыс мерейін үстем етіп жүр. Мектеп-лицей 2015-2019 жылдарда республикалық деңгейде бастауыш сыныптағы жаңартылған білім беру мазмұнын енгізудегі 30 пилоттық мектептер қатарында болып, белсенді үлес қосқаны үшін  робототехника оқу жабдығын алуға арналған облыс әкімінің 2 миллион теңге көлеміндегігрантына ие болған. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының, Білім және ғылым министрінің Алғыс хаттарымен мараптталған. Оқушылардың оқу білімге деген ынтасы мен ұстаздарының шәкірттерін дұрыс жетелей, шыңдай білуінің арқасында 2019-2020 оқу жылында аталған мектеп лицей статусына ие болған. 2017 жылдан Ақтөбе өңірлік университетімен және Үздіксіз білім беру институтымен, 2020 жылдан бастап Сербия республикасы Ниш қаласындағы «Society for academic activity» ұйымымен білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастық пен халықаралық серіктестік аясында бірлесе жұмыс жасай бастады.

2021 жылы өткізілген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кәсіби даму және мансап орталығы ұйымдастырған «Zhubanov University – 2021: Кәсіптік практиканың үздік базасы – Creating the future» конкурсына қатысып,бас жүлдені жеңіп алды. Сөйтіп,«Кафедраның үздік филиалы» номинациясын иеленді.

Әрбір үлкен жетістіктің артында мықты басшы тұратыны белгілі. Осы тұста мектеп-лицейге басшылық етіп отырған Ақгүл Қисықованың есімін ерекше айтқымыз келеді. Ақгүл Мырзабекқызы — «Болашақ» бағдарламасының стипендианты. Ол өзінің жаңашылдығымен, үнемі ізденімпаздығымен мектеп-лицей ұстаздарына жетелеуші көшбасшы бола білді. «Мақсатқа жету жолында тынбай еңбектендім, жаңашылдыққа ұмтылдым, заман көшінен қалмау үшін көп іздендім. Сол ізденістерім мектебімді  үздіктер  қатарында болуға жетеледі. Бүгінде  мен басшылық ететін білім ордасы басқа білім беру ұйымдарына үлгі  боларлықтай дәрежеге  жетті. Мен әр күнімнен өзім де сабақ алып келемін. Себебі өзім басшылық ететін білім ордасындағы әрбір тұлға үшін өзімді жауаптымын деп санаймын. Ұжымның әрбір ұстазының шәкіртімен бірге биік шыңнан көрінуі үшін әрқашан қолдау білдіріп, мүмкіндік туғызып келемін», — дейді мектеп-лицей директоры.

Новый орта мектеп-лицейінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін барлық мүмкіндік жасалғаны көңіл қуантады. Үстіміздегі жылы мектеп облыс бойынша «Орта білім беретін үздік ұйым» атағына ие болды. Сөйтіп, облыс әкімдігінің 9 миллион теңге көлеміндегі грантын иеленді.

А. Айдын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button