Жаңалықтар

Облыста 456 стихиялық қоқыс орны анықталды

«NurOtan» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы аясында облыстық мәслихат депутаттары жасыл желектер, жергілікті автожолдардың жағдайы мен қоқыс полигондарының мәселелерін талқылады.

Бұл мәселелер құрылыс, көлік, сауда, тұрмыстық-қатты қалдықтарды шығару және цифрландыру мәселелері жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысының қарауына енгізілді.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, үй маңындағы жасыл желекті түгендеу барысында жасыл желектердің 55-тен астам түрі анықталды.

— Бұл бірыңғай деректер базасын құруға, жасыл желектерді есепке алу мен күтіп ұстауды жүйелендіруге мүмкіндік берді, —  деп толықтырды қала басшысы.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровтың мәліметтері бойынша, аудандарда қазіргі уақытта облыстың тек 85 елді мекеніне түгендеу жүргізілді. Елді мекендердің дендрологиялық жоспарының толық болмауына байланысты облыс бойынша ағаш егудің бекітілген көлемін орындамау қаупі бар.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әнуарбек Бермағамбетов отырысқа қатысушыларға облыста 12 тұрмыстық-қатты қалдықтар полигоны жұмыс істейтінін баяндады. Олардың соңғысы, коммуналдық полигон, 2015 жылы Хромтау қаласында салынған және 5 жылдан астам уақыт бойы полигондар құрылысына қаражат бөлінген жоқ.

— 2021 жылы осы полигондардың құрылысы аяқталады, — деп хабарлады баяндамашы. — 2023 жылы Ойыл, Ырғыз, Темірбек Жүргенов және Қарабұтақ ауылдарында 4 полигон салу жоспарлануда. Сонымен қатар облыста 456 стихиялық қоқыс орны анықталды.

Жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар туралы баяндай отырып, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр осы бағытта биыл  23,5 млрд теңгеге жоспарланған 144 жоба іске асырылып жатқанын хабарлады.

— Келесі жылдың 1 қаңтарына қарай жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 66 пайызын қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарлануда, — деді ол.

Баяндамашыларды тыңдап, депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, тиісті қаулылар шығарды.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button