Жаңалықтар

8 айдың жұмысы қорытыланды

Брифинг

Кеше ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Асхат Жақыпбеков сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу жұмыстары жөнінде брифинг өткізді.

Брифинг барысында Асхат Жақыпбеков тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелерімен бөлісті.

— Сыбайлас жемқорлық тәуекелі дегеніміз — сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі. Сыртқы талдау барысында біз осындай олқылықтарды, ұйымдастыру-басқару қызметіндегі тәуекелдерді анықтап, оларды жою бойынша шаралар қабылдаймыз. Биылғы 8 айдың ішінде департамент мемлекеттік және мемлекеттік сектордың 7 субъектісінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша  сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде 74 тәуекел анықталып, оларды жою бойынша 126 ұсыныс енгізілді. Бүгінгі күні енгізілген ұсыныстардың 80 пайызы орындалды, — деді ол.

Асхат Жақыпбековтің айтуынша, бүгінде агенттік Ауыл шаруашылығы министрлігінің барлық бөлімшелерінде субсидиялау саласына қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде. Дәл осындай жұмыс облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында да жүргізілген. Аталған саладағы бұзушылықтарды зерделеу барысында субсидия берудің тәртібін анықтайтын нормативтік-құқықтық актілер әлі толық жетілдірілмегендігі байқалған. Ол дискрециялық нормалар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігінің болмауымен сипатталады.

  • Сондай-ақ біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұйымдардағы медициналық және әкімшілік қызметкерлерге бірыңғай үстемеақы төлеу жүйесін бекіту жөнінде ұсыныс білдірдік. Себебі бүгінгі күні облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызмет көрсететін қызметкерлердің табысының үлесі әртүрлі. Біз облыс орталығында коммуналдық айыппұл тұрағының жоқтығы мәселесін де қозғадық. Заңнамаға сәйкес ұсталған автокөлік жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылған және коммуналдық меншік болып табылатын арнайы алаңдарда немесе тұрақтарда сақталуға тиіс. Алайда бұған дейін Ақтөбеде ұсталған көлік құралдарын сақтау ақылы тұраққа қойылған. Қызмет құны тәулігіне 1500 теңгені құраған. Осылайша жүргізушілер айыппұл тұрағында автокөліктерінің  сақталуы үшін ақы төлеп келген, ал заңнамаға сәйкес мұндай міндет жоқ. Біздің ұсынысымыз бойынша бүгінгі күні облыста коммуналдық айыппұл тұрағы салынып, пайдалануға берілді, — деді департамент басшысының бірінші орынбасары.

Брифинг барысында Асхат Жақыпбеков биыл 18 мемлекеттік мекемеде мемлекеттік сатып алу кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасын асыру, сатып алуды мақсатсыз жоспарлау бойынша жалпы мөлшері 460 млн теңгені құрайтын деректер  анықталғанын, өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыстың кез келген тұрғыны сыбайлас жемқорлық оқиғаларына куә болған жағдайда 1424 нөміріне хабарласуына болады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button