Тәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік шежіресі: 2007 жыл

Тарих беттерін парақтасақ, 2007 жыл да тәуелсіз еліміздің шежіресінен орын алатындай ерекше оқиғаларға толы болды. Өз өңірімізге қатыстыра айтсақ, 2007 жылы эпостық кейіпкер Қобыланды батыр тарихи тұлғаға айналды. Сол жылы Қобда ауданы Жиренқопа ауылында Қобыланды батыр мемориалды кешені ашылып, республика көлемінде дүбірлеген той өтті.

Сондай-ақ 2007 жылы Жаңажолдағы №3 газ өңдеу зауытының бірінші кезегі ашылып, ел игілігіне ілеспе газ пайдалануға берілді.  

Айтпақшы, тап осы жылы Ақтөбе облысы «Дипломмен — ауылға» республикалық акциясының бастамашысы болды.

ЭПОСТАН ОРАЛҒАН БАТЫР

Облыстағы қоғамдық-саяси идеологияны жүргізуде өзіндік орны бар «Ақтөбе» газеті эпостық кейіпкерден тарихи тұлғаға айналып, өзімізге қайта оралған батыр Қарақыпшақ Қобыландыға қатысты тарихи-танымдық мақалаларды жыл бойы жариялап отырды.

Газеттің түгел нөмірі арналған Қобыландының мәңгілік тыныштық тапқан мекені — Қобда өңірінің Жиренқопа жерінде өткен дүбірлі тойға шолу жасайық.

«Кешен қазіргі заманға сай ғажайып құрылыс екен — көзбен көрген бір бөлек. Кесене ішіне — батыр бабаның сүйегі жатқан жерге биіктігі екі метрге жуық қойтас қойылыпты, батырдың бейіті жанынан табылған екі адамның қабірінің орнына мрамордан белгі қойылған. Ортада — граниттен қашалған шырақ. Сол жағында найза мен қалқан орналасқан. Қобыландының мазарынан қалған ескі жұрнақтардың орны сол күйінше әйнекпен қоршалып тұр. Кешеннің бір жақ бетінде садақ бейнесінде жасалған ғимарат орналасқан, онда Даңқ бөлмесі, Құран оқитын орын, жуынып-шайынатын тағы басқа  бөлмелер бар.

1996 жылы Иманғали Тасмағамбетов келіп, өз қолымен бейіт басына қойған белгі тас пен қызылордалықтар әкелген «Қобыланды батыр» деген жазуы бар биік гранит тас та көрнекті жерден орын алған. Аумағы 3 мың шаршы метрді алып жатқан жерге шөп егіліп, жолдар жасалған», — деп жазыпты автор Мейрамгүл Рахатқызы.

Аты аңызға айналған Қобыланды батырдың мемориалды кешенінің ашылу салтанатына республиканың барлық өңірінен, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан қалалары мен көрші Өзбекстан елінен де өкілдер келді.  300-дей киіз үй тігілді. Қобда өзенінің бойында қойылған театрландырылған көріністі көрген жұрт Қобыланды батыр заманына барып келгендей әсер алды, бұл — театр режиссері Мағзом Бақытжанов бастаған Т.Ахтанов атындағы қазақ драма театрының ұжымы мен студент жастардың еңбегі еді. Сондай-ақ көріністен басқа әр жерде ән айтылып, күй тартылды, палуандар белдесті.

Осы тойға арнайы келген Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев жиында: «Қай қоғам, қай заманда болмасын, отаншылдық бастауы — тарих пен мәдениет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлықпен бекіткен «Мәдени мұра» бағдарламасында мәдени, ұлттық рухани мұраларды сақтап қалу, оларды тиімді пайдалану және  дамыту мәселелері нақты мақсат болып қойылған-тын. Бұл бағдарлама — жалпы даму процесіндегі елдің жаңа сатыға шыққандығын айғақтайтын маңызды құжат. Осы бағдарлама аясында республиканың барлық аймағында ескерткіш-кесенелерді қалпына келтіру, көне қалалар орындарында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды және нәтижелі жүргізілді. Бағдарламаға сәйкес 2004-2006 жылдары 35 тарихи, мәдени, сәулет және археологиялық ескерткіштер қайта жаңғыртылды. Олардың ішінде осы өлкедегі Абат-Байтақ кесенесі де бар. Қазір Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Бұл шараларға биыл республикалық бюджеттен 2 миллиард 159 миллион теңге бөлінді. Ол қаражат нәтижелі игерілуде. Тарихи-мәдени мұраларымызды жаңғырту — қазіргі егемен елімізде, жаңа буын қалыптасып жатқан заманда ерекше маңызды болып отырған шаруа. Соның бір айғағы — бүгінгі іс-шара. ХV ғасырда қазақ елінің сыртқы жауларына қарсы тұрған Қобыландының хас батырлығы баршамызға мәлім. Қазақ мемлекетінің іргетасын қалауға зор үлесін қосқан, бүгінде эпостық қаһарманға айналған Қобыланды батыр — ұлт мақтанышы» — деп, шараның маңыздылығын атап көрсетті.

«Барша қазаққа абырой алып беретін біздің тарихымызды әрбір ұрпақ білуге тиісті. Ертең келген қонақтар «Мынау кімнің зираты?» деп сұрайды, сол кезде Қобыландыны өзін ғана айтып қоймай, батырдың айналасын түгел айтуымыз керек. Енді бұдан былай бұрынғыдай қазақтың батырларының тарихы Амангелді батырдан емес, Амангелдінің түп атасы Қобыландыдан бастау алады…» — деді осы жиында Әбіш Кекілбайұлы.

Көрген жұрт таңырқап қараған сәнді кесененің сәулетшісі — Бек Ибраев. Қабырғасы Ресейде жасалған күйдірілген қызыл кірпіштен салынған батыр кесенесінің биіктігі — 17,5 метр, диаметрі — 12 метр.

Есімі сырт елдерге де мәшһүр, қазақтың белгілі антропологі, академик Оразақ Исмағұлов қызы Айнагүл екеуі баба сүйегін зерттеп, Қобыландыға тиесілі екенін негіздеп берді. Сөйтіп, осы ғылыми негізге сүйеніп, батырдың бас сүйегінен бейнесі сомдалды.

Сөйтіп, 2007 жылы Жиренқопа ауылының шығысындағы Ұлы Қобда өзенінің бойында ашылған «Қобыланды батыр» мемориалды кешені бүгінгі таңда туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетіп тұрған орындардың біріне айналды.

Мемориалды кешен Қобыланды батырдың сүйегі қайта жерленген мавзолейден, Даңқ залынан және белгі тастардан тұрады. Төбесінен қарағанда кешен қалқанның үстіне қойылған батырдың дулығасына және жанында жатқан садаққа ұқсайды.

Ілеспе газ — ел игілігі

2007 жылы Жаңажолда үшінші газ өңдеу зауытының бірінші кезегі ашылды. Бұл туралы «Ақтөбе» газетінде «Келесі кәсіпорын — үшінші зауыт» материалында  кеңірек жазылды.

2006 жылдың сәуір айында жылына үш кезекті, 2 млрд тартылмаған текше метр газ қуаты бар үшінші газ өңдеу зауытының құрылысы басталған еді. Алдағы уақытта үш зауыттың қуаты жылына 8,2 млрд текше метр газ беретін болады.

№3 зауыт іске қосылған кезде жоспарға сәйкес көлемі 560 млн АҚШ доллары (70 млрд теңге) болатын әбден өңделген тауарлық өнімдердің жаңа түрлерін шығару мүмкіндігі туады. Бұған қоса облыстың өз қажеттілігі үшін 2,1 млрд теңге қаржыға 750 млн текше метр және экспорт үшін 13,9 млрд теңге қаржыға 1 млрд текше метр көлемінде газ беру мүмкіндігі ұлғая түседі.

Материалда №3 зауыттың бірінші кезегінің ашылу салтанатына сол кездегі Министрлер кабинетінің басшысы Кәрім Мәсімов қатысқаны, құрылыстың бірінші кезегін жүргізуге 73,6 млн доллар қаражат игерілгені, зауыт іске қосылған  кезде 500 жұмыс орны ашылатыны баяндалған.

«№3 газ өңдеу зауыты құрылысы аяқталған соң біраз көкейкесті мәселелер шешілгелі отыр. Ең алдымен, өндірілетін мұнайдың ілеспе газы толық өңделеді, сәйкесінше атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар елеулі түрде азаяды. Бұған қоса өнеркәсіп орындары мен облыс тұрғындарының арзан көгілдір отынға деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі» — делінген сол кездегі газет материалдарында.

«Дипломмен — ауылға»

2007 жылы Ақтөбе облысы «Дипломмен — ауылға» республикалық акциясының бастамашысы болды.

Ауылға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және өнер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары ауадай қажет. Аталған жобаның да мақсаты — осындай қажет мамандарды ынталандыру, ауылға тарту.

«Ауылда өмір сүремін, жұмыс істеймін» дейтін мамандарға бір жолғы көтермеақы төленеді, сосын тұрғын үй алуға немесе құрылысы үшін бюджеттік несие беріледі.

«Дипломмен — ауылға» жобасына жоғары оқу орнын бітірген түлектер, бес жылдан кем емес мерзімге өмір сүру және жұмыс істеу үшін ауылға келген еңбек өтілі бар мамандар қатыса алады.

Осы уақыт аралығында қаншама түлек пен жас маман ауылды көркейтуге атсалысып, үй-жайларын реттеді. Айталық, 2017-2019 жылдар аралығында, яғни бес жыл ішінде 17 мың маманға «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша  тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік несие беріліпті.

Тарих беттерін парақтаған Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button