Басты жаңалықтар

Димаш ұшқан ұя

Бірер күнде 50 жылдығын атап өткелі отырған А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі — талай жасқа үлкен өмір һәм өнерге жолдама берген оқу орны. Болашағын музыкамен байланыстырған шәкірттерге мемлекеттік грант бойынша, яғни тек ақысыз негізде білім беретін бұл жерде алдымен сапаға баса назар аударылады. Тиісінше әр оқу жылы сайын «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер» ғана іріктеліп алынады.  Кішкентайынан музыкалық мектепке барған, болмаса ерекше қабілетті ұл-қыздар ғана қабылданатын колледж түлектерінің биік белестерден көрінуі сондықтан…

Биылғы 70 түлектің 50-і жоғары оқу орнына түсті

1971 жылы Ақтөбе музыка училищесі болып негізі қаланған аталған колледжде бүгінге дейін 3 мыңнан астам түлек даярланған. Олардың арасында елімізді айтпағанда, дүниежүзіне танымал мәдениет майталмандары бар.

— Әрине, біз, ең алдымен, шәкірттерімізбен мақтанамыз. Колледжіміздің түлектері арасында Абдулхамит Райымбергенов, Тұрар Әліпбаев, Ерсайын Басықара, Зәмзәгүл Ізмұратова, Нұргүл Жақыпбек сынды музыка мамандары, сондай-ақ опера және эстрада әншілері Мирас Бекжанов, Өмірқұл Айниязов, Венера Алпысбаева, Ерке Есмахандар бар. Ең бастысы, оқу орнымызда қазіргі таңда әлемге әйгілі таланттар — Ресей мемлекеттік академиялық Үлкен театрының солисі, белгілі опера әншісі Светлана Касьян,әлемге әйгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Димаш Құдайберген білім алған деп әрдайым мақтанышпен айтып жүреміз. Жалпы, көптеген түлектеріміз еліміздегі түрлі өнер ұжымдарында еңбек етіп жүр. Арасында Ресей, Италия, Грекия, Венгрия, басқа да мемлекеттерде қызмет ететіндер кездеседі.

Оқушыларымызды айтқанда, оларға сабақ берген ұстаздары туралы тоқталмау мүмкін емес. Бүгінгі таңда ұжымда 170 педагог бар. Біразы — жоғары санатты, білікті ұстаздар. Мәселен, Марат Әйтімов, Бақытбек Зейнелов, Бектұрған Дүйсенбаев, Наталья Фоменко, Мәншүк Балжанова, Мейрамгүл Жаманқұлова, басқа да оқытушылардың мамандарды даярлауда рөлі зор, — дейді А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов.

Оның айтуынша, жақында ғана жөндеуден өткен колледж ғимаратында музыкалық аспаптармен жабдықталған 70 кабинет бар. Сондай-ақ жатақхана, шағын концерттік зал, кітапхана жұмыс істейді. Жалпы, оқу процесіне қажетті материалдық-техникалық база ойдағыдай.

5 мамандық — әлеуметтік-мәдени қызмет, халықтық көркем шығармашылығы, аспаптық орындау, вокалдық өнер және хорды дирижерлау бойынша білім алатын шәкірттердің саны жылдан-жылға артып келеді. Айталық, жаңа оқу жылында олардың саны 300-ге жуықтаған. Ал 1-курсқа қабылданғандардың саны — 81.

— Біздегі байқау талаптары жоғары, іріктеуге баса мән береміз. Соған сай, түлектерімізге сұраныс та жақсы. Бір ғана мысал, биыл бізден диплом алған 70 жігіт пен қыздың 50-і жоғары оқу орнына түсті. Бұл — өте жақсы, бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.Соған кәдімгідей қуанып, риза боп отырмыз.

Тағы бір жағымды жаңалық — биыл жыр мен гобой аспабын үйрететін кластар ашылды.

Колледж жатақханасына 80 жас орналастырылған.  Әр шәкірт жеке оқытылатындықтан, оқу ақысы жылына 1,2 миллион теңгеден асады. Бұны, әрине, көпшіліктің қалтасы көтермейді. Сондықтан оқуға қабылданған барлық балалар мемлекеттік грант негізінде білім алады. Барлығы бюджеттен өтеледі. Біздің талап — сабақты тек жақсы оқыса болды, — дейді колледж директоры.

Мерейтой иелерінің бұйымтайы…

Жарты ғасырлық тойын атқарғалы отырған ұжымды ұзақ жылдан бері толғандыратын мәселелер де бар. Ең өзектісі — ғимараттың тарлығы. Бұл жас талапкерлерді көптеп қабылдауға, оларды оқытуға, тіпті бірлесіп концерт өткізуге де қолбайлау болып тұр.

— Бізге музыкалық колледжге бейімделген, яғни үлкен концерт залы бар ғимарат қажет. Қазір отырған жеріміз де жақсы, бірақ талапқа сай емес. Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар қалаларындағы колледждердей кең баспанамыз болса, жақсы болар еді. Айналып келгенде бұл бала санын арттыруға, өз деңгейінде концерт ұйымдастыруға мүмкіндік туғызып, бұдан да жақсы еңбек етуге сеп болар еді. Жыл басында колледжімізге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы келгенде, осы мәселені өзіне айттым. Бұл жөнінде облыс, қала әкімдері де хабардар. Алдағы жылдары Ақтөбеміз миллион тұрғыны бар мегаполиске айналса, бұның қажеттілігі тіптен күшейеді. Ол кезде музыка саласындағы жоғары оқу орнын ашса да артық етпейді. Өйткені халық саны жағынан ғана емес, бізде база, мамандар да бұған сай келеді. Осы топырақтан шыққан әйгілі музыка шеберлерін айтпағанда…

Осы ғимарат жайы шешілсе, Ахмет Жұбановтан бастап, Светлана Касьянға, Димаш Құдайбергенге музей жасақтар едік. Өз кезегінде бұл біздегі туризмнің дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Себебі қазірдің өзінде жоғарыда аталған дүлділдердің оқыған колледжін арнайы іздеп келіп, аралайтын шетелдіктер аз емес… Яғни Ақтөбенің бренді ретінде осы колледжді таныстыруға әбден болады.

Сонымен қатар білім беру саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізген білікті мамандарға Ыбырай Алтынсарин медалін табыстайтыны белгілі. Біздің ұсыныс — музыка мамандарына Ахмет Жұбанов медалі берілсе, сол үшін осындай марапат енгізілсе… Неге десеңіз, қазақ  елінің тұңғыш кәсіби композиторы, дирижер, музыка зерттеушісі Ахмет Жұбановтың еңбегі бұған лайық деп есептеймін. Бір жағынан, мәдениет саласындағы әріптестеріме де бұл үлкен демеу болатын еді. Осы екі мәселені де өткенде министрге айттым. Мерейтойға байланысты жағымды хабар күтеміз, — дейді Аманжол Исмағұлов.

Лебіздер ақтарылатын күн

Ақтөбе музыкалық колледжінің басшылығы атаулы датаны ескерусіз қалдырмайтынын айтады. 50 жылдыққа орай 260 беттен тұратын үш тілде құрастырылған «А.Жұбанов мұрасы — болашақ ұрпаққа» атты кітап жарыққа шыққан. Мұнда арнайы орта оқу орнының тарихы, түлектердің тілегі, колледждің қазіргі тынысы қамтылыпты. Және жас пианистерге арналған нұқсаулық пен колледждегі үрлемелі аспаптар бөлімі туралы журнал басылған.

— Мұнымен бірге мерейтойға байланысты колледждің гимнін шығардық. Сөзін белгілі ақын Ертай Ашықбаев, ал әнін Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұровқа арнайы жаздырдық.

Ең басты мерекелік бағдарлама — мерейтойлық кешіміз 25 қыркүйек күні сағат 16.00-де Өнер орталығы ғимаратында өтеді.  Шарада шығармашылық ұжымдар, жеке орындаушылар, ұстаздар өнер көрсетеді. Ахмет Жұбановтың қызы Ажар апай бастаған қонақтар келеді деп күтілуде. Жер-жерден әнші-күйшілер, музыка мамандары, түлектеріміз де шақыртылды. Бірақ пандемияға байланысты 1200 орындық концерттік залға тек 360 адам ғана кіргізілмек. Сақтық шараларына сәйкес талап солай, — деп сөзін түйіндеді А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры А.Исмағұлов.

АҚ КӨҢІЛ, ПӘК СЕЗІММЕН…

Абдулхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ,

«Көкіл» мектеп-колледжінің директоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры:

—Менің бағыма,8-сынып бітірген кезде Ақтөбе музыка училищесінің есігі айқара ашылды. 1972 жылы осында оқуға түсіп, студенттік өмірім басталып кетті. Осы кезең мен үшін ең қызықты шақ болып қала береді. Өйткені күнделікті кәсіби музыканың қыр-сырын меңгере бастап, алда өнердің үлкен сара жолы күтіп тұрғандай көңіліме үміт ұялап, кеудемді шабыт кернейтін. Әрине, ол кез училище басшыларына оңай болған жоқ. Маман тапшы, аспаптар жетіспейді, жатақхана жоқ… Осы орайда зор ризашылықпен ұстазым әрі училище директоры болған Қайырғали Қожанбаевтың еңбегінатап өткім келеді. Ол оқу орнының тәй-тәй басып, аяқтанып кетуіне көп жұмыс атқарды.

Бүгінде мерейлі 50 жылды еңсерген музыкалық колледж ұжымын шын жүректен құттықтағым келіп отыр. Колледж студенттері мен ұстаздарына әлі де өнердің биік шыңдарын бағындыра беруіне тілектестігім зор.

 Светлана КАСЬЯН,

Ресей мемлекеттік академиялық Үлкен театрының солисі,

Әулие Сильвестрдің рыцарлық орденінің иегері:

— Мен оқыған колледжге — 50 жыл! Мен үшін бұл атаулы дата. Өйткені мектеп бітіріп, осы оқу орнының табалдырығын алғаш аттаған кезімді тағы бір рет еске аламын. Ұстаздарым қандай қатал болса, сондай шыдамды болды. Менің миссиям үлкен сахнада ән шырқау екенін дәл осы жерде түсіндім, жүздеген тыңдармандарым болашақта кең залда менің дауысымнан ләззат алып отырғанын елестеп есейдім.

Ақтөбе музыкалық колледжі — сәттілік пен алғашқы махаббатымның «куәсі». Осы сәтте ұстаздарыма, осы салаға енді қадам басқандарға шын жүректен сәттілік тілеймін. Және кейінгі толқынға осы колледжде оқығандарыңыздың өзі бақыт екенін айтқым келеді. Соны бағалаңыздар.

Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 —Алтын ұя — колледжіміздің 50 жылдық мерейтойымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Сіздерге, ең алдымен, алғыс айтқым келеді. Азды-көпті жеңістерге жетіп, шыңдарды бағындырып жүргеніміз тікелей сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. Бізге деген махаббаттарыңыз, берген тәрбиелеріңіз үшін бар көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Осы сәтті пайдаланып, өзімнің ұстазым Марат Олжабайұлына ерекше рақмет айтқым келеді. Өйткені әлі күнге дейін осы кісінің ағалық, ұстаздық, достық қамқорлығының аясында келе жатырмын. Кәсіптік білім беру саласында біздің колледж үнемі алдыңғы қатарда болатынына сенімдімін.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button