Басты жаңалықтар

Ырғыздың ырзығы мол

Биылғы жыл Ырғыз ауданы үшін табысты жыл болды. Елдегі індетке қарамастан,

ырғыздықтар жаңа бастама көтеріп, «Ырғыздан — Ырғызбайдың еліне» атты арнаулы экспедиция Семей жеріне барып қайтты. Биыл дәстүрлі «Аймақты әнмен тербетіп» атты республикалық өнер мерекесі өтпегенімен, жуырда ауданның бір топ өнерпаздары облыс орталығына келіп, Ақтөбені ән мен жырға бөледі.

Ал қазір ырғыздық шаруалар қысқы мал азығын дайындап, төрт түлік санын көбейту бағытында еңбектенуде. Сондай-ақ ауданда тұрғындар екпе алу шараларына да белсене қатысып жатыр.

Биыл шөп жеткілікті, бірақ шығымы аз

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақалмас Тұртаевтың айтуынша, биыл аудан бойынша қысқа 41 000 бас ірі  қара, 102 500 бас қой-ешкі, 12 900 бас жылқы, 1080 бас түйе түседі деп жоспарлануда.

Қазіргі таңда шаруалар қысқы мал азығын дайындап, тұрғындарды шөппен қамтамасыз етуде.

Аудан бойынша екі айда 195 600 тонна мал азығын дайындау тапсырылды. Бүгінге дейін ауданда 201 088 тонна шөп дайындалды. Яғни жоспар 103,1 пайызға орындалды. Дайындалған шөптің 188 524 тоннасы немесе 93,5 пайызы тасып алынды. Тасылған шөптің 125 284 тоннасы немесе 66,5 пайызы мал қыстақтарына, 63 240 тоннасы (33,5 пайызы) тұрғындарға жеткізілді. Биыл аудан бойынша мал азығын дайындауға 65 ауылшаруашылық құрылымы қатысты. Қазір ауданда бір бума шөптің бағасы — 5 мың теңге, — дейді ол.

Ауданда жыл сайын шөп шабумен айналысатын шаруашылықтардың бірі — «Қуан» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Октябрь Нұрмағанбетовтің айтуынша, биыл шөптің шығымы өткен жылмен салыстырғанда 2-3 есе аз.

— Биыл біз 3 мың тоннадай мал азығын дайындадық. Құмтоғай, Қызылжар селолық округтерінде барлығы 42 үйді шөппен қамтамасыз етіп отырмыз. Биыл бір бума шөптің бағасы 5 мың теңгеге дейін артты. Елдегі қуаңшылық шаруаларға да өз әсерін тигізбей қоймады. Қазір ауыл маңындағы шабындық жердің барлығында шөп аз. Біздің  қожалықта барлығы 5 мың гектар жер бар. Жыл өткен сайын жайылымдық жер де азайып келеді. Әсіресе ауыл тұрғындарына қиын болып отыр. Мал саны өскенімен, ауыл-аймақта соңғы кездері шөп, су мәселесі өзекті болып тұр, — дейді шаруа.

Бүгінде «Қуан» шаруа қожалығында 500 бас қой, 100-ге жуық жылқы, 100-ден астам ірі қара бар. 2014 жылы қожалық басшысы шөп шабу үшін лизингке жаңа трактор сатып алған. Қазір шаруашылықта 3 трактор, шөп шабатын машина, тележка, басқа да техникалар бар. Сондай-ақ қожалық басшысы 2018 жылы «Құлан» бағдарламасымен 12 млн теңге несие алған. Бүгінде 50 бас бие ұстап, жылқы санын көбейтуде. Жазда бие сауып, қымыз сатыпты.

Былтыр «КазАгроФинанс» мекемесі арқылы тағы бір трактор алдым. Сонымен биыл үш трактормен балаларым жаз бойы шөп шапты. Міне, шөп науқанын аяқтап, көңілімізді бірлеп жатырмыз. Ауылда мал басын көбейтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесімізді қосып келеміз. Қожалықта қойшымыз бар, қалған жұмыстарды балаларым істейді. Алға қойған жоспарымыз көп, дегенмен бәрі қаржыға байланысты, — дейді шаруашылық басшысы.

Ал құмтоғайлық Мәдіғали Құсейінов биыл 5 мың бума шөп жинапты. Шаруадан Қарасай, Шеңбертал ауылдарының тұрғындары шөп сатып алған.

Шаруа қожалығы бар кәсіпкер өзінің малына 1400 бума шөп қалдырыпты. Қалғанын сатып, пайда тапқан. Қазір шаруашылығында 400 бас қой, 160 ірі қара бар.

Қожалықта 500 гектар ғана шабындық жер бар, көбі жайылымдық жер. Биыл шабындық жері бар өзге ауылдастарыммен бірігіп, бес мың бума шөп шауып алдым. Техникаларымыз жаңа, осыдан бірнеше жыл бұрын лизингпен сатып алғанмын. Былтырғыға қарағанда шөп сұйық, құнарсыз. Қуаңшылық шаруамызды қиындатып тұр. Мал бағып, өсіру үшін оған беретін азық қоры жеткілікті болуы керек, — дейді М.Құсейінов.

ЕКІ АУДАН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Өткен аптада Ырғыз ауданы мен Әйтеке би ауданының арасындағы мәдени-рухани және экономикалық байланыстарды қайта жаңғырту, іскерлік қарым-қатынасты дамыту мақсатында екі аудан әкімі өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Алдағы уақытта осы меморандум аясында Әйтеке би ауданының шекаралас аумақтарындағы жайылымдарды Ырғыз ауданына беру, екі ауданның шекаралас аумақтарындағы мал жайылымдарын өзара келісіп пайдалану, Әйтеке би ауданының аумағындағы Ырғыз өзенінің бойында салынған бөгеттер мәселесін шешу, Жаманшың метеорит кратеріне Әйтеке би ауданының мектеп оқушылары үшін туристік сапар ұйымдастыру, «Алты арыс» кітабын шығаруға қажетті материалдарды жинақтау, т.б. жұмыстар атқарылатын болды.

Кездесу барысында Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев меморандумның екі ауданды дамытудағы маңызы зор екенін айта келіп, ауданда алда атқарылар мақсат-міндеттерге тоқталып өтті.

Жиында аудандық бөлім басшылары баяндама жасап, бірқатар тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 

Ауданда вакциналау қарқынды жүріп жатыр

Бүгінгі күні ауданда вакциналау жұмыстары да қарқынды түрде жүріп жатыр. Індетке қарсы егу жұмыстары наурыз айында басталған. Аудан бойынша 6979 адамды егу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін ауданға 6320 доза вакцина жеткізілген.

— Ауданда биыл жыл басынан бері коронавирус инфекциясы бойынша 202, пневмония диагнозымен 36 жағдай тіркелді. Осылардың ішінде 16 жүкті әйел, 45 бала ауырып, емделіп шықты. Қазіргі кезде инфекциялық стационарда 11 науқас емделуде. 21 науқас амбулаторлы түрде ем алуда. Үй карантинінде 187 тұрғын, оның ішінде 175 бала дәрігерлердің бақылауында тұр. Бүгінгі күнге дейін ауданға екпенің бірінші компонентті 6320 дозасы жеткізілді. Вакцинаның 5697 доза бірінші компоненті және 4362 доза екінші компоненті салынды. Аудан бойынша жалпы жоспардың 81 пайызы орындалды. Қазіргі таңда тұрғындар «Спутник», «Казвак», «Синофарм» екпелерін алып жатыр, — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Ернар Домақов.

Бас дәрігердің айтуынша, ауданда 30 орындық инфекциялық стацонар жұмыс істейді. Инфекциялық стационарда жұмыс жасау үшін ауруханадан 9 дәрігер, 11 мейірбике, 10 кіші қызметкер бұйрық бойынша бекітілген. Сонымен қатар аудан орталығында 2, елді мекендерде 5 мобильді топ бар. Олар респираторлы симптомдармен жедел жәрдем бөліміне немесе тіркеу бөліміне түскен шақыртуларға барады, үй жағдайында науқастарды қарап, ем тағайындайды. ПТР — талдау жүргізеді.

Вакцина —  індетті тоқтатудың жалғыз жолы. Осыны аудан тұрғындары түсінуге тиіс. Қазір біз ауыл-аймақтарға шығып, тұрғындарға екпенің маңызын түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өз еркімен келіп екпе алып жатқандар да бар. Дегенмен қазіргі жағдайды ескеріп, барынша сақтанып, екпе алып, қорғанған абзал, — дейді Е.Домақов.

Өнерпаздар шашуы

Өткен аптада Ырғыз ауданының көркемөнерпаздары облыс орталығында «Ақтөбе — алтын бесігім» атты шығармашылық жобасы аясында қала тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынды.

Екі күн қатарынан өткізілген іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, Ырғыздан шыққан перзенттер, өнерсүйер қауым қатысты.

Шара барысында Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Аслан Байдәулетов жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен облыстық халық шығармашылығы орталығын 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, аудан әкімінің құттықтау хаты мен естелік сыйлықтарын табыс етті.

Бағдарлама аясында қала тұрғындарына Ырғыз аудандық көркемсурет мектебі оқушыларының қолөнер бұйымдарынан, бейнелеу өнері туындыларынан көрме ұсынылды. Сондай-ақ көрермендерге Ырғыз өңірі, ауданнан шыққан белгілі тұлғалар туралы викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға Ырғыздың брендіне айналған балық, ірімшік, құрт, т.б ауылдың дәмі үлестірілді.

«Арай» мәдениет үйі директорының міндетін уақытша атқарушы Кенжебек Қожамбердиевтің айтуынша, аталған концерттік бағдарламаға ауданнан барлығы 35 өнерпаз қатысқан.

  • Өздеріңізге белгілі, облыс әкімінің бастамасымен биыл Ақтөбенің төрінде аудан күндері өткізілуде. Біз жоба аясында екі күн қатарынан өнер көрсеттік. Бірінші күні облыстық халық шығармашылығы орталығының алаңында, екінші күні Абай атамыздың ескерткіші алдында Ақтөбенің аспанын ән мен жырға бөледік. Шара өз деңгейінде өтті. Біз шара туралы алдын ала әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды хабарландырдық. Күннің суығына қарамастан, біздің концерттік бағдарламамызға қатысып, қолдау білдіргендердің саны көп болды. Сондықтан барша қала қонақтары мен тұрғындарына ырғыздық өнерпаздар атынан шексіз ризашылығымды білдіремін, — дейді ол.

Айта кету керек, Ырғыз ауданының күндері аясындағы шараға бүгінде облыс деңгейінде танымал өнерпаздар — Марат Мұқашев, Қоянбай Тобағабылов, Амангүл Ешпанова, Ләззат Артықбаева, Кенжебек Ділдабаев, Гүлмира Әбілова, т.б. өнер көрсетті.

Ең қызығы, ырғыздықтардың бағдарламасын өзге ұлт өкілдері тамашалап, әсем әуендерге би билеп, концерттің көркін қыздырды.

— Ырғыз — облыстағы шежірелі, әскери бекініс салынған, алғаш мектеп ашылған тарихи өлке. Мен осы өлкенің перзенті ретінде шараға арнайы келіп отырмын. Облыс орталығына 2005 жылы қоныс аударғанмын. Жыл сайын ауданға барып тұрамын, жерлестерім келіп, осындай іс-шаралар өткізсе қолдау танытамын. Өзім ауданның дамуына, оның ішінде білім, жұмыспен қамту салаларына үлесімді қостым. 20 жылға жуық басшылық қызмет атқардым. Барлық жерлестеріме ризамын, өнерпаздар керемет өнер көрсетті, — дейді Ырғыз ауданының құрметті азаматы, ҚазКСР оқу ісінің озаты, еңбек ардагері Раиса Дербісалина.

Ал ырғыздық өнерпаздарды бастап келген, «Арай» мәдениет үйінің ардагері, кәсіпкер Балдырған Оразмағамбетова мұндай шаралардың мәні зор екенін, әсіресе қала мен ауыл халқын байланыстыратынын айтады. Сондай-ақ өнерпаздардың өзара әріптестік орнатуына да ықпал етеді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button