Жаңалықтар

«Қазхромның» қамқорлығы

«Қазхром» ТҰК» АҚ президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Арман Есенжолов шалқарлық балғындарға үнемі қамқорлық көрсетіп келеді. 2018 жылы ол 10 оқушыны аудандық білім бөлімінің мамандарымен бірге Ақтөбе қаласына қонаққа шақырды. Олар планетарий, ойын-сауық пен батут орталығы, кинотеатр мен аттракционға барып, демалып қайтты. Әр балаға мектеп құрал-жабдығының толық жиынтығы, планшет, спорт киімі, оқу формасы, екі дана аяқкиім, ойыншықтар табысталды. Олардың кіші іні-қарындастары да сыйлықтар алды. 2020 жылдың қаңтар айында Арман Бекетұлының атынан шалқарлық балалардың тағы бір тобы Ақтөбеде өтетін жаңажылдық шыршаға шақырту алды. Спортта, оқуда, шығармашылықта көзге түскен 10 дарынды бала мерекелік қойылымға қатысып, шарша жанында сыйлықтарға кенелді. Әр балаға естелікке планшет, спорт киімінің жиынтығы, мектеп құрал-саймандары берілді.

Пандемияға байланысты 2021 жылы бұл мерейлі дәстүр басқа форматта жалғасты, сөйтіп, аталған шараға шалқарлық балалардан бөлек Ойыл мен Қобданың оқушылары да қамтылды. Көмекші еріктілерден құралған топ жасақталып, Арман Есенжоловпен бірге елді мекендерге келді.

— Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, іс-шара балалар үшін барынша қауіпсіз әрі ыңғайлы өтсін деген мақсатта оқушыларды Ақтөбеге шақырмадық, сыйлықтарды олардың қолдарына табыстау үшін өзіміз Шалқар, Ойыл, Қобдаға бардық, — дейді Арман Есенжолов. — Кезінде мен де Шалқардағы мектепте оқыдым, керемет мұғалімдерім болды, жанға жылу сыйлайтын естеліктер қалды. Менің әкем, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, білім үздігі болған БекетЕсенжолов та білім беру саласында басшылық қызмет етті.

Әр балаға спорт пен мектеп киімі, аяқкиімдер, кеңсе жарақтары бар сөмке, планшет, ойыншықтан құралған толық жиынтық жиналды. Киім мен аяқкиім әр баланың мөлшері мен жасын ескере отырып, жекелей таңдалды.

Шалқарда балалар мен олардың ата-аналарын ҚР еңбек сіңірген ұстазыАрман Бекетұлының анасы Айша Базарбайқызы құттықтады. Ол ұзақ жылдар бойы Ақтөбе педагогика училищесінде еңбек етіп, бүгінде еліміздің әр түпкірінде сабақ беріп жүрген көптеген мамандарды даярлады.

Шалқардағы шара соңында оқушылар экскурсия ұйымдастырып, қонақтарды мұражаймен таныстырды және құрметті қонақтар кітабына өз тілектерін жазды.

Әйгерім ӨТЕМӘМБЕТОВА,

ауданның білім бөлімінің әдіскері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button