Жаңалықтар

Сексенінде гір көтерген

Шалқарлықтарға спорт және еңбек ардагері Аманғали Төлебаевтың есімі жақсы таныс.

Ауданның бірқатар іргелі кәсіпорындары мен «Шалқар» кеңшарын басқарып, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ардагердің аты әрдайым құрметпен аталады. Қарттықтың тұтқасын ұстауға асықпайтын сыйлы аға таяуда 80 жасқа толды. Осы мерейтойға орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» деген тақырыпта тағылымды шара ұйымдастырылды. Оған ардагердің замандастары, аталмыш музей жанынан құрылған «Тарих — халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері және  қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы облыстың аға жаттықтырушысы Жанболат Естаев қатысты.

Аманғали Төлебайұлы — саналы ғұмырында басшылық қызметтермен қатар, спорттан да бір сәт қол үзбеген жан. Оның самбо күресіне бала кезінен ден қойып, бірнеше мәрте Одақтық жарыстарда жүлдегер, 1964 жылы Қазақстанның жеке біріншілігінде жеңімпаз атанып,  сол кезде Мәскеуден ғана  берілетін самбодан ССРО спорт шебері атағын еліміздің Батыс аймағы бойынша  тұңғыш алғаны және бар. Барған ортасында спорттың келешегін насихаттап, самбодан үйірмелер ашып, шәкірттер тәрбиелеп, жастардың сергек болуын жаны қалайтын ол 2012 жылы Белоруссияның Витебск қаласында гір тасын көтеруден ардагерлер арасында өткен сайыста әлем және Еуропа чемпионы атанды.

Осы шарада мерейтой иесінің өнегелі өмір жолдары айтылып, зайыбы Майра апай екеуімен сыр-сұхбат ұйымдастырылды.  Еңбек ардагерлері Аманкелді Қалыбаев, Жеткерген Елемесов, Бағжан Жоламанов, Күләй Жұмағалиева және аудандық музей директоры Нағима Тілембаева ардагерге жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ұйымдастырушылар тарапынан иығына шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді. Қонақтар тарапынан: «Сексеніңізде гір тасын көтеруге қалайсыз?» деген сауалға жауап ретінде 16 келілік жұмыр темірді үздіксіз серпе көтеріп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

— 1970-71 жылдары ауданда шөп шығымы нашар болғандықтан көрші Ырғыз ауданының шабындық жерлеріне барып, ала жаздай шөп шаптық. Бригадамызда ылғи тепсе темір үзетін жас жігіттер. Олар орталыққа барып қыдырып қайтқысы келіп бізден сұранады. Мен ол кезде кеңшардың бас инженерімін. Олардың алдына шығып мынадан да ауыр гір тастарын  үздіксіз  көтеріп, менен асырғандарыңа рұқсат деймін. Бәрі оқталады да, талабыңыз қиын деп райынан қайтып жатады, — дейді ардагер өткен күндерді сағынышпен еске алып.

Түс ауа денешынықтыру-сауықтыру кешенінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы және Шалқар ауданының құрметті азаматы, самбодан КСРО спорт шебері Аманғали Төлебаевтың 80 жас мерейтойына орай 2007-2008 және 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен республикалық ашық біріншілік ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 12 команда қатысып, 130 жас палуан күш сынасты. Осы ашық біріншіліктің шымылдығын ашқан аудан әкімі Жанболат Жидеханов өлкемізде бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айта келіп, саналы ғұмырын спортпен өрнектеген Аманғали Төлебайұлының ұстанымын көпке үлгі етіп, той иесіне өз атынан шапан жауып, сый-сияпат табыстады.

Сексендегі ардагердің ширақ қимылы үлкен турнирге қатысушы сырт қонақтарды да тәнті етті. Музейде мазмұнды әңгімемен басталып, тартысты сайысқа ұласқан шараның айта жүрер әсерлі тұстары көп болды.

                           Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button