Жаңалықтар

Бәсекелесу емес, ынтымақтасу керек!

Ақтөбе облысының іскер әйелдер кеңесі кооперация арқылы ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жұмыстарын күшейтпек. Бұл мақсаттағы жұмыстарға сарапшылар мен тәжірибелі кәсіпкерлер тартылған.

Ауылдағы қыз-келіншектердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған

алғашқы семинар-тренинг Алға ауданында өткізілді. Бұл шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде ынтымақтаса отырып жұмыс істеу, яғни кооперация — кәсіпкерліктің заманауи бағыттарының бірі. Бұл өз кәсібін ашқысы келетіндерге азын-аулақ қаржымен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Ал мұның ауыл тұрғындарынақолайлы екені айтпаса да түсінікті.

Тұтыну кооперативінің құрылтайшысы, сарапшы Ерлан Бокушев ынтымақтаса жұмыс істеудің негізгі тетіктері туралы айтты.

— Бүгінде кооперативті альянстың дамуы — уақыт талабы ғана емес, экономикалық қиындықтан шығуға беріліпотырған мүмкіндік. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында кооперация арқылы жұмыс істеу керектігі жөнінде тапсырма берген-ді. Ауыл шаруашылығы кооперативтері, тұтыну, тұрғын үй, құрылыс кооперативтері туралы көптеген заңдар қабылданды. Бұл тәжірибешағын шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарға күш-жігерін шоғырландыруға, сатып алу-сату нарығында ұтылып қалмауға, сондай-ақ жаппай қаржыландыруға қол жеткізуде артықшылықтарға мүмкіндік береді.Бұл — жаппай кәсіпкерлікті енгізудің тиімді әдістерінің бірі. Өйткені әрбір ұйымдастырылған кооператив бірнеше шағын және орта бизнес белсенді түрде дами алатын іскерлік экожүйені қалыптастырады. Кооперацияның әйелдер үшін тиімділігі сол — әйел адам отбасылық шаруаларынан қол үзбей, кәсіби өсуге, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізе алады, — дейді сарапшы.

Семинарға ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, «Бастау-Бизнес»курсының түлектері, сондай-ақ аудандық іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшелері, барлығы 50-ге жуық адам қатысты.

— Біз өз кәсібін ашқысы келетіндерге қолдау көрсету үшін аудандарға барып, кездесулер өткіземіз. Ауылдық жерлерде қызмет көрсету саласын жақсарту, наубайхана, сұлулық салондары мен балаларды дамытуға арналған студиялар ашуға сұраныс жоғары. Біз ісін жаңадан бастап отырған кәсіпкерлерге тегін кеңес беруге, сондай-ақ кәсіпкерліктің жаңа заманауи механизмдері мен әдістерін үйретуге дайынбыз, — дейді облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы  Күлпаршын Айдарханова.

Шара барысында облыстық іскер әйелдер кеңесі мүшесі, тәжірибелі аспаз Гүлайым Әбиева түрлі тәтті тоқаштар пісіру, ал стилист шебер Сымбат Рах шаш сәндеуге қатысты шеберлік сағаттарын өткізді. Психолог Айша Наурызбаева өз саласына қатысты тренинг ұйымдастырды. Соңында Күлпаршын Айдарханова Алға ауданындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытып жүрген белсенділерге Алғыс хаттар тапсырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button