«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Тазалық өзімізден басталады!

Өткен аптада еліміз бойынша барлық өңірде Бүкіләлемдік тазалық күні өтті. Акцияға ақтөбеліктер де қатысып, қала аумағын, көшелерді және автокөлік жолдары маңайын күл-қоқыстан тазалап, сенбілік ұйымдастырды. Сондай-ақ 8 қыркүйек-27 қазан аралығында қаламызда екі айлық тазалық акциясы жүріп жатыр.

Екі айлық жүріп жатыр

Ақтөбе қаласында 8 қыркүйектен бастап санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша екі айлық жұмыстары басталды. Екі айлық кезінде жеке тұлғалар, барлық кәсіпорындар мен ұйымдар, мекемелер аумақтарын жинап, үйлердің, ғимараттардың және павильондардың қасбеттерін жуып, әктеп-сырлау жұмыстарын ұйымдастыруы қажет.

Қоқысты үйіп қоюға, жерге көмуге, іргелес аумақтарға жинауға және контейнер алаңдарының аумағын ластауға болмайды. Екі айлық тазалау жұмыстары кезінде қоқыс пен қатты-тұрмыстық қалдықтар қалалық полигонға тегін қабылданады.

Апта басында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қаланың санитарлық тазалық мәселесі жөнінде жиын өткізіп, екі айлықтың алғашқы аптасында жүргізілген жұмыстарды пысықтады.

Шаһар басшысы жиын барысында Астана, Алматы аудандарының әкімдеріне, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдеріне, қала көшелерін, саябақтар мен скверлерді санитарлық күтіп ұстау жұмыстарымен және қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мердігер ұйымдардың басшыларына ірі көлемді қоқыстарды шығару, сенбіліктер өткізу, қаланы абаттандыру, т.б. мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Айта кету керек, бүгінгі күні қала бойынша санитарлық-күтім жұмыстарымен 8, қоқыс шығарумен 4 мердігерлік ұйым айналысады.

— Қаланы санитарлық күтіп ұстау жұмыстарымен айналысатын мердігер ұйымдар міндеттерін толық орындамай отыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін сіздерге жеткілікті уақыт бердім және жұмыстарыңызды реттейді деп сеніммен қараған едім. Бірақ бұдан былай ешқандай сылтау сапасыз жұмыстарыңызға себеп бола алмайды. Жергілікті полиция қызметі бастығына және екі ауданның әкімдеріне күн сайын рейд жүргізуді тапсырамын. Қоқысты уақытында шығармаған мердігерге және абаттандыру ережесін бұзған тұрғындарға айыппұл салыңыздар, — деді қала әкімі жиында.

Қоқыс шығаратын мердігер ұйымдардың өкілдері қала тұрғындарының көбі ескі жиһаз, құрылыс материалдарын контейнерлердің айналасына тастап кететінін, заңға сәйкес  ескі жиһаз, құрылыс қоқысы және т.б. тастаған тұрғындарға абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынатынын айтады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар бойынша жергілікті полиция қызметінің мамандары тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі уақытта ірі габаритті қалдықтарды мердігерлік ұйымдар шығарып жатыр. Негізі олар қала көшелерін, саябақтар мен скверлерді санитарлық тазартумен айналысуы керек. Ескі жиһаздардың, құрылыс материалдарының қалдықтары және т.б. ірі габаритті қоқысты тұрғындардың өздері полигонға апаруы керек. Алайда жауапсыз тұрғындар бұл жұмыстарды мердігер ұйымдарға артуды әдетке айналдырған.

Мәселен, өткен аптада қоқыс шығарумен айналысатын мердігерлік ұйымдардың жұмысшылары Есет батыр, 101-атқыштар бригадасы, 8 март көшелері, Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы контейнерлер алаңдарынан ірі көлемді қоқыстар шығарды. Жұмысшылар тұрғындардан тазалық сақтауды, ірі көлемді қоқысты контейнер алаңына лақтырып кетпеуді сұрайды.

«Өтес Ақтөбе» ЖШС жұмысшылары түнде бірқатар тұрғындар жарамсыз құрылыс материалдарын Есет батыр көшесі, 109-үйдің контейнер алаңына қойып кететінін, бұл олардың жұмысына кедергі келтіретінін айтады. Себебі олардың қызметі — қатты- тұрмыстық қалдықтар салынған контейнерлерді жинау.

Ал жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, қала тұрғындары қалдықтарды қоқыс алаңдарына жеткізбей, көше бойына лақтырып кетеді. Мұндай учаскелердің тұрғындарымен күн сайын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, дегенмен нәтиже аз. Қазір қызметкерлер қала бойынша тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қоқыстарды, қураған ағаштарды тастағаны үшін айыппұл санкциялары туралы еске салатын ақпараттық баннерлерді орнатып жатыр.

Өткен аптада «Таза бейсенбі» акциясы аясында қала аумағында орналасқан шағын және орта бизнес нысандары, ұйымдар мен мекемелерге жалпы саны 3500 хабарлама таратылып, нәтижесінде 306 ұйым мен мекемеден барлығы 3000-ға жуық адам сенбілікке

қатысқан. Сенбілік аясында барлығы 40 тоннаға жуық қоқыс жиналған. Сонымен қатар осы шара барысында Алматы ауданы №3 және №4 полиция басқармасының бөлімдері абаттандыру ережелерін бұзған жеке және заңды тұлғаларға 28 ескерту жіберіп, 1 адамға 43755 теңге көлемінде айыппұл салған.

Жұмысшылардың еңбегін бағалау керек…

Қоқыс жинайтын мекемелердің бірінде тазалықшы болып жұмыс істейтін Наталья биыл ақтөбеліктер тазалық жұмысына ерекше атсалысып жатқанын айтады. Себебі соңғы кездері қала аумағында күл-қоқыс көбейген.

  • Мен 57 жастамын. Бірнеше жылдан бері қаланы қоқыстан тазарту бойынша жұмыс істеп келемін. Біз саябақтарды, скверлерді, қала көшелерін тазалаймыз. Соңғы кезде қала аумағында күл-қоқыс көбейіп кетті. Бұл жағдай тұрғындардың тазалыққа, қоршаған ортаға деген немқұрайлығынан, жауапсыздығынан болып отыр. Біз жұмыста жүрген кезімізде «Сізге ақша төлейді ғой, ендеше сіз жинаңыз!» деген сөзді жиі естиміз. Ондайда біз жұмысымызды үнсіз жалғастыра береміз және бір күні барлық тұрғындар өзі тұратын қалаға қамқор болады, ортақ үйімізді шын жақсы көреді деп сенеміз. Күнделікті жұмыс кезінде адамдар біреудің әдейі темекі тұқылын, босаған ораманы жерге лақтыра салғанын көргенде оған ескерту жасамайтынын жиі аңғарамын. Бәрі үнсіз өтіп кете береді. Егер ондай жағдайда біз ескерту жасасақ, тұрғындардың дөрекі жауабы дайын тұрады. «Бұл үшін полиция бар, жұмысың болмасын!» дейді көбі. Менің сондай кезде адамдардың қатыгездігіне, жауапсыздығына қарным ашады. Біріншіден, қала — біздің ортақ үйіміз, демек, тәртіп, тазалық сақтау — әрбір қала тұрғынының ортақ міндеті. Екінші жағынан, тұрғындар жұмысшылардың еңбегін бағалауы керек. Біз күндіз-түні қаланы тазарту үшін дамылсыз жұмыс істейміз. Егер өз жұмысымызды толықтай атқара алмасақ, біз де басшылықтан сөз естиміз. Мұны адамдар түсінуі керек, — дейді Наталья.

Оның айтуынша, қазір бір топ тазалықшылар қала аумағынан шығып, Өрлеу, Ақжар, Родниковка, Заречный тасжолын қоқыстан тазартып жатыр. Себебі кейбір жолаушылар

машинаның терезесінен қоқыс тастауды, түкіріп-қақыруды әдетке айналдырған. Ал ол қоқыстар қоршаған ортаны бүлдіреді, қаламыздың тазалығы туралы сырт адамдардың пікірін өзгертеді.

— Бәріміз таза қалада өмір сүргіміз келеді, бірақ қоқысты арнайы қоқыс жәшіктері мен контейнерлерге тастамайтындарды тәрбиелеуге жоқпыз. Темекі тұқылын, кәмпит, сағыз, пакеттер, қағаз ыдыс, бос бөтелкелер және басқа да қоқыс қалдықтарының автомобиль терезесінен жол жиегіне «ұшып бара жатқанын» көру тұрақты құбылысқа айналды.

Күн сайын таңертеңнен кешке дейін жолдың бойында біздің жұмысшылар қоқыс жинайды. Олардың жұмысы оңай емес, сондықтан олардың еңбектеріне құрметпен қарауды үйренейік, — дейді тазалықшы Наталья.

Мектеп ұжымдары сенбілікке шықты

Өткен аптада қала мектептері жаппай сенбілікке шықты. Мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері өз аумақтарын қоқыстан тазартып, ағаштарды әктеп, мектеп ауласына тал егу жұмыстарын жүргізді.

Мәселен, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы №60 орта мектептің ер азаматтар ұжымы жалпы ауданы 4 гектар болатын мектеп ауласын қураған шөптерден тазартып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізді. 60-тан астам мектеп мұғалімі сенбілік кезінде балаларды еңбекке баулып, экологиялық сағаттар өткізді.

Аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Тұрғанбаеваның айтуынша, тазалық шаралары барысында мектепте оқушылардан қағаз, картон жинау жұмыстары да жүргізіліпті. Алдағы апталарда да мұндай шаралар жалғасады.

— Макулатура қабылдау шарасы өңірлік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өтті. Біздің мектеп 4,5 мың тонна қағаз тапсырды. Аталған шараға Алматы ауданы әкімінің орынбасары, қала депутаттары қатысты. Шара барысында оқушылар мектеп аумағына ағаш егіп, табиғатты қорғау тақырыбында өлең оқып, өнер көрсетті, — дейді М.Тұрғанбаева.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектептің ұжымы да өткен сенбілікке ерекше атсалысты. 50-ге жуық мұғалім мектеп ғимаратының айналасы мен оқу орны орналасқан көше аумағын ағаш бұтақтарынан, шөптен, күл-қоқыстан тазартты.

  • Екі айлық тазалық акциясына біз де атсалысып жатырмыз. Өткен аптада мектеп айналасын тазарттық, алдағы сенбілікте де осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Сондай-ақ тал егу, ағаштарды әктеу жұмыстарын да жүргіземіз. Біз осындай іс-шараларға қатыса отырып, оқушыларды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, тазалықты сақтауға, қаламыздың гүлденіп, көркеюіне үлес қосуға үндейміз. Мұғалім қашан да өзі оқытып отырған балаға үлгі көрсетуі керек. Шәкірт сонда ғана ұстазға еліктеп өседі, — дейді №13 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зульфия Мұқашева.

Р.S. Өткен аптада жалпықалалық сенбілікке мектеп ұжымдарынан бөлек мәдениет саласының қызметкерлері, белсенді жастар, бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері де қатысты. Осы аптада тазалық акциясы жалғасын табады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button