Жаңалықтар

«Үш-төрт жылда барлық елдімекен жолдары асфальтталады»

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Заречный-4, Қызылжар тұрғын үй алаптарына барды. Ауыл ақсақалдарымен кездесіп, тұрғындарға ауылішілік жолдарды салу үшін жасалған жобаларды таныстырды.

— Қызылжар ғана емес, алдағы үш-төрт жылда барлық елдімекен жолдары асфальтталатын болады. Ақтөбеде 53 тұрғын үй алабы бар. Қазір солардың жолдарын жөндеуге арналған жобалар әзірлеп жатырмыз, — деп атап өтті қала әкімі.

Жобалаушы компанияның басшысы Қайрат Адаев тұрғындармен кездесуге қатысып, Қызылжар-2, Қызылжар-3 массивтеріне қатысты жоспарларын ортаға салды.

— Біздер екі жоба дайындадық. Қызылжар-2 және Қызылжар-3 ауылдарына қатысты жоспарларымыз бар. Жобада Қызылжар-2 ауылына ауылішілік ұзындығы 22 километр болатын барлық көшені қамту қарастырылған. Ал Қызылжар-3 елді мекенінде көшелермен қатар, тротуар, арықтар, веложолдар салынады, сондай-ақ көшені жарықтандыру да жоспарда бар.

Айта кету керек, Қызылжарда биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балалардың ойын алаңы, спорттық алаңдар орнатылып жатыр. Алайда екі ай бұрын орнатылған воркаут алаңындағы кейбір жаттығу құралдары істен шыққан. Мұны көрген қала әкімі:

— Бұл — тұрғындардың өздерінің өтінішімен салынған алаң болатын. Халыққа салып беріп, оны халықтан күзететін болсақ, онда не керегі бар? Ортақ мүлікке ұқыпты қарайық, — деді.

Сосын учаскелік инспекторға жастар арасында осындай вандализмді болдырмау туралы түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізуді тапсырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button