Басты жаңалықтар

Жылыту маусымы: қаланың дайындығы қалай?

Кезекті жылыту маусымына санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда өңірдегі осыған жауапты монополист мекеме мен Ақтөбе қаласы әкімдігі дайындық жұмыстарын аяқтауға жақын. Біз шаһарда аталған іске қатысты шаруалар қалай атқарылды, соны білген едік…

467 көппәтерлі тұрғын үй әлі әзір емес

Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда жылыту маусымына қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Пәтер иелері кооперативі, тұтынушы кооператив, меншік иелері бірлестігі, кондоминиум төрағалары мен басқарушы компанияларға үй-жайларының инженерлік желілерін тексеріп, жөндеу жұмыстарының кестесін ұсыну тапсырылған.

— Облыс орталығында 1868 көппәтерлі тұрғын үй бар. Жылыту маусымына дайындықты, яғни жылу желілерін жөндеуді осы қыркүйек айының соңына дейін аяқтауымыз керек. Біз өз тарапымыздан «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамымен бірлесіп,тұрғын үй қорының жертөле үй-жайларына жылыту маусымына дайындық тұрғысынан комиссиялық тексеру жүргіземіз.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша 70 үйде тұрғындар жеке автономды жылыту қазандықтарын (Протерн) пайдаланады, сондай-ақ «Трансэнерго» акционерлік қоғамы тарапынан 23 автономды қазандық қолданылады. Бұдан басқа кондоминиум меншігінде тұрған 36 қазандық бар. Бұлар, негізінен, Батыс-2 шағын ауданында орналасқан.

Бүгінгі таңда 2 көп қабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Жалпы, қаладағы 1868 көппәтерлі тұрғын үйдің 1401-і жылыту маусымына дайын. Қалған 467-сі қыркүйек айының соңына дейін әзірлікті тыңғылықты аяқтайды деп отырмыз, — дейді жоғарыда аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева.

Оның айтуынша,  жылыту маусымы — қала үшін үлкен сын. Сондықтан бұл атқарушы биліктің ерекше бақылауында екен.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, облыс орталығында 1868 көппәтерлі тұрғын үй бар

3,9 шақырым жылу желісі жаңғыртылды

Жылыту маусымына әзірлік — науқандық жұмыс. Бұл «Aqtobe su-energy group» АҚ-ына да қатысты. Біз аталған компанияның басшылығына хабарласқанымызда, жылу желілерін жөндеуге биыл 627 миллион теңге бөлінгенін білдік.

— Қазіргі уақытта кәсіпорын қаланың жылумен жабдықтау нысандарын 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындау бойынша іс-шараларды жүргізуде. Атап айтсам, жалпы құны 627 миллион теңгеге ұзындығы 3,9 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ 37,2 миллион теңгеге қажетті жабдық сатып алдық.

Ал инвестициялық бағдарлама аясында жалпы сомасы 406 миллион теңгеге ұзындығы 3,5 шақырым жылу құбырлары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарына келісімшарт «Kazpromstroygroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалды. Тарқатып айтсам, аталған компанияға 12-шағын аудандағы №49, 51, 52 үйлердің жылу желілері, жалпы ұзындығы 230 метр тапсырылды. Бұған 50,7 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мұндағы жұмыстар аяқталып қалды. Сондай-ақ олар қаланың әр бөлігіндегі 12 қазандықты қалпына келтіріп жатыр. Жалпы ұзындығы 3 шақырым желіге 221 миллион теңге қарастырылды. Және аталған серіктестік Маресьев көшесінен Молдағұлова даңғылына дейінгі бірсыпыра жылу желілерін жаңғырту үстінде. Бұл іске 134,2 миллион теңге аударылды, — дейді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директоры Асқар Қыстаубаев.

Сонымен бірге тарифтерде қарастырылған қаражат есебінен 183,7 миллион теңге жалпы ұзындығы 0,47 шақырым жылу желілерінің 2 учаскесін күрделі жөндеуге жұмсалған. Бұл нысандар Орск тасжолының бойында және облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі аймақтық орталық ғимаратының аумағында орналасқан.

Монополист мекеменің басшысы өз сөзінде ұзындығы 258,6 шақырым жылу желілері, 18 қазандық, 6 сорғы станциясына ағымдағы жөндеу жұмыстарының және жасалғанын атап өтті. Артынша қазіргі уақытта биылға жоспарланған жөндеу жұмыстарының жалпы көлемінің 95 пайызы орындалғанын қосты.

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың қаулысына сәйкес, 21 қыркүйекте балабақшаларға, мектептерге, ауруханаларға және кейбір әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Ал дайындық құжаты бар тұрғын үйлер 1 қазаннан бастап жылыту маусымына қосылмақ. «Aqtobe su-energy group» АҚ хабарлауынша, жаз айларында жылыту маусымына әзірленіп, жертөлелерді қалыпқа келтірген, жылу жүйесін сынақтан өткізген, тиісінше дәлел құжаттарынұсынған үйлерге көп кешікпей жылу беріледі.

3 мектептің қазандығы жаңартылды

Еуропалық қайта құру және даму банкі халықаралық қаржы ұйымының қаражаты   есебінен №10, 12, 15 орта мектептердің  қазандықтары жаңартылғанын айта кету керек. Бұл жұмыстарға 360,3 миллион теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда қазандықтардың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған, енді тек ішінара орнату және инженерлік желілерді тарту жұмыстары қалған деседі. Сондай-ақ «Қарғалы ауылы қазандығы мен орталық жылыту станциясын қайта құруды аяқтау» жобасы бойынша 2021 жылы 19 мамырда «KazPromStroyGroup» ЖШС-мен жалпы сомасы 663 миллион теңгеге келісімге қол қойылған. Мұндағы шаруа да әне-міне тәмамдалады.

Гидравликалық сынақтар мен жоспарлар

Алдағы жылыту маусымына дайындық кезінде әдетте сынақ жұмыстарының ұйымдастырылатыны белгілі. Бұл жоспарлы шара биыл 7-9 қыркүйек күндері аралығында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-мен бірлесе өткізілді. Сынақ қысымы 16 МПа-ны құрайтын магистральдық және кварталішілік жылу желілерінің гидравликалық сынақтары ойдағыдай аяқталған.

— Гидравликалық сынақтар жылу желілерінің «әлсіз» учаскелерін анықтап, алдағы жылыту маусымында кедергі пайда болмас үшін жүргізіледі. Сынақтан кейін жылу жүйесіндегі ақаулар тез арада жойылады. Биыл да сол жұмыстар жоспарға сай атқарылды, — дейді Асқар Қыстаубаев.

Жылдағы дәстүрге сай, ең алдымен қаланың әлеуметтік маңызы бар нысандары жылуға қосылады. Бұл қатарда медициналық мекемелер, мектепке дейінгі ұйымдар, т.б. бар.

АЙТПАҚШЫ…

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021-2022 жылдарға жылу беру маусымына дайындық барысы туралы мәселе қаралды. Қабылданып жатқан шаралар туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

Энергетика министрі М.Мырзағалиев атап өткендей, жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр станциялардағы 4 энергоблок (50%), 18 қазандық (38%), 19 турбина (39%) жөнделді. Ал 2 энергоблок, 25 қазандық пен 16 турбинаны жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Бүгінгі күнге жоспар бойынша 20464 шақырым электр желісінің 13 773 шақырымы жөнделсе, ал 462 қосалқы станцияларының 316-сы қалпына келтірілді. Бұл желілер бойынша жылдық жоспардың 67%-ын, ал қосалқы станциялар бойынша 68% құрайды.

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті облыс әкімдіктерімен бірлесіп, энергетикалық кәсіпорындардың алдағы жылыту маусымына дайындығына тұрақты бақылау жүргізіп, электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау бойынша шаралар қабылдап жатыр, — деді М.Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 485 қазандықты жылыту маусымына дайындау үшін 1209 қазандықтың 925-іне жөндеу жүргізілді.

Өңірлерге жеткізілетін «әлеуметтік мазутқа» келсек, 2021 жылдың тамызында Энергетика министрлігі 2021-2022 жж. күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік-өндірістік нысандар мен мекемелерге мазут жеткізу бойынша кестені бекітті. Соған сәйкес мазуттың бекітілген көлемі 195,5 мың тонна болған.

primeminister.kz

Ақпараттық жұмыстар қарқын алды

Жылыту маусымына дайындыққа жұртшылықты ақпараттандыру жұмыстары да кіреді. «Aqtobe su-energy group» АҚ мамандары қазіргі таңда жер-жердегі тұтынушыларға нысандарды жылыту маусымына дайындау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып жүр. Әсіресе пәтер иелері кооперативі, тұтынушы кооператив, меншік иелері бірлестігі, кондоминиум төрағалары мен басқарушы компанияларға жылыту жүйелерінің беріктігін, қалыпты режимде жұмыс істей алатынын, қандай қысымға төтеп бере алатынын, т.б. тексеру ұсынылады. Өйткені бұл айналып келгенде апаттық жағдайлардың алдын алуға сеп болады. Сондықтан бұған селқос қарамау керек. «Әлі де уақыт бар…» дейді сала өкілдері. Техникалық дайындыққа атүсті қарайтындар кейіннен екі есе опық жейтінін ұмытпауы қажет.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button