Жаңалықтар

Заречный-4 ауылында ойын алаңы салынды

Мемлекеттік бағдарлама

Жақында Ақтөбе қаласындағы Заречный-4 ауылында тұрғындардың балаларды ойнатып, өздерінің серуендеуіне ыңғайлыойын алаңы пайда болды. Енді футбол алаңы салынып жатыр.

— Жаңадан салынған демалыс орны  — «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының жемісі. Осындай бағдарлама бар. Бүгінде бұл туралы тұрғындардың көбі біледі. Өздеріне қажет, тиімді жобаларын ұсынады. Ал жобалар халықтың дауыс беруімен таңдалып алынады. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы «Алматы» ауданы бойынша тұрғындардың ең жоғары дауысын жинаған жобалары іске асырыла бастады. Соның бірі —  осы, сосын футбол алаңы салынып жатыр. Яғни тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша өздері таңдау жасады, — дейді Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиев. Сондай-ақ ол жаңадан салынған ойын алаңдарын күтіп ұстау қажеттігін, ол үшін  ата-аналар балаларына ештеңені сындырмау, ластамау керектігін айтып, солар үшін жасалғанын түсіндірсе екен деген үлкен өтінішін де жеткізді.

Бұл маңдағы жұмыстарға «Исмағұлов ЖК» жауапты екен. Прораб Самат Мәмбетовтің айтуынша,  бұл жерде біреуі 7 жасқа дейінгі, екіншісі 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған екі ойын алаңы салынды. Енді футбол алаңының құрылысы жүріп жатыр.

— Бұның бәрі осы ауылдың тұрғындары әзірлеген жобаға сәйкес жасалынды. Әлі бітпеген жұмыстары бар, абаттандыру жұмыстарын осы айдың соңына дейін толық аяқтаймыз, — дейді С.Мәмбетов.

Ал ойын алаңына бірі баласын, бірі кішкентай бауырын әкеліп ойнатып жүрген жастардың қуанышында шек жоқ. Олар бұрын Заречный-4 елді мекенінде  мұндай ойын алаңы болмағанын айтады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button