Жаңалықтар

Жұрында ателье ашылды

Мемлекеттік бағдарлама

Мұғалжар ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында «Бастау-Бизнес» курсының тыңдаушыларының жобасын қаржыландыру жалғасып жатыр.

Жақында Жұрын ауылында «Жаннұр» ательесі ашылды. Ателье иесі — осы ауылдың тұрғыны Гүлжан Сәрсенбаева. Ашылу салтанатына ауылдық округтің әкімі Рамазан Үргенішбаев, ауыл мектебінің директоры Нұрбол Ибраев, ауыл тұрғындары, кәсіпкердің туыстары қатысты. Округ әкімі сөйлеген сөзінде ательенің қажеттілігін атап өтіп, бұл әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Бұған дейін ізденісте жүрген тігінші Гүлжан Сәрсенбаева «Бастау-Бизнес» жобасына дайын бизнес-идеясымен барыпты.

— Негізгі мамандығым — тігінші-моторист, кезінде Қандыағаштағы кәсіптік-техникалық училищесін бітіргенмін. Оқуды бітіре сала Ақтөбе қаласындағы «Юность» фабрикасына жолдамамен бардым. Фабрика жабылғанша сонда еңбек еттім. Жұмыссыз қалған соң туған ауылыма келіп, тапсырыс қабылдап, үйден тіге бастадым. «Бастау-Бизнес» жобасы туралы ауыл мектебінің директоры Нұрбол Ибраевтан естідім. Ол маған сол жобаға қатысуға кеңес берді. Сол үшін де мектеп басшысына рақмет айтамын. Жоба туралы естігенде қандай бағытты таңдарымды бірден білдім. Биыл көктемде оқыту курсында білім алдым. Комиссия алдында бизнес-жобамды қорғадым. Кәсіпкерлер палатасы филиалының қызметкерлері ақыл-кеңестерін айтып, бизнес-жобамды қаржыландыруға қажетті қандай құжаттар жинайтынымды түсіндіріп берді. Сөйтіп, ательемді аштым. Ауыл тұрғындары негізінен киімді қайта тігуге, жөндетуге көп келеді. Сондай-ақ төсек жабдықтары, терезе жапқыштар, мектеп формасына да тапсырыс беретіндер бар. Мемлекетіміздің жас кәсіпкерлерді қолдайтыны көңіл қуантады. Соның арқасында мен өзімнің көңілім қалаған іспен айналысып жүрмін, ауылдастарыма өзім тіккен киімді ұсына аламын. Алдағы уақытта талабы барларын тігін ісіне үйреткім келеді.

Бұрын тігін ісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражатым жетпейтін, сосын да өз мүмкіндігіме толық сене алмайтынмын. Ал «Бастау-Бизнес» жобасы мақсатымның орындалуына көмектесіп, кәсіпкерліктің әліппесінен бастап, жоспарлау, қаржыландыру туралы білім беріп, мақсатқа жетуге дейін жетеледі, — деп әңгімеледі Гүлжан.

Тігінші 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болып,  сол  қаражатқа тігін  машинасын, бу генераторын, манекен, пішіп-кесуге арналған үстел, тағы басқа қажетті құралдарын сатып алыпты.

Кәсіпкер «кәсіп ашқым келеді» деген талабын  туған-туысқандары мен жақындары қолдағанын айтады. Қазір ателье тұрған орнын жалдап отыр.  Алғашқы тапсырыстарын тігіп жатыр.

— «Бастау-Бизнес» жобасына ауыл тұрғындарының белсене қатысатыны қуантады. Жаңағыдай жобалар — кәсіпкерлер палатасы филиалы мен аудандық жұмыспен қамту бөлімінің біріккен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ бұл — мемлекеттік қолдауды ауылдарда да пайдалануға болатынының жарқын көрінісі, — дейді бизнес-тренер Ақтоты Тасымбетова.

 А.АДЕН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button