Білім

Ғалымның хаты өлмейді…

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, физика-метаматика ғылымдарының кандидаты, «Тарлан» көпсалалы колледжінің бас директоры Жәрдемғали Шүкіров есімін зиялы қауым өкілдері ғана емес, сондай-ақ облыс жұртшылығы да жақсы білетін.

Сол елге сыйлы азаматтың арамыздан кеткеніне де жылжып жыл өтіпті. Көп жылдар бойы араласып-құралысып, сыйласып бірге жүрдік, бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Сондықтан да оның атқарған көп игілікті істері, жасаған жұмыстары өзіме де кеңінен таныс болғандықтан осы тұста лебіз білдіруді жөн санадым.

Жәрдемғалидың әкесі Жұбанғали Байғанин ауданының бірнеше шаруашылықтарында соғыстан кейінгі жылдары бухгалтерлік қызметте болды. Ол уақытта бухгалтерлік мамандықтың беделі үлкен еді. Есеп-қисабы дұрыс болмаған шаруашылықтардың басшылары шатылып, істі болып жататын. Ал қағазына ұқыпты, кіріс пен шығысты қалт жібермей түгендеп отыратын ұқыпты бухгалтерлердің беделі биік еді. Жұбанғали да сондай таңдаулы мамандардың бірі болды. Оның өз кәсібіне, міндетті ісіне берілгендігі соншалықты, «бір өзі қатарынан қырық колхоздың есебін жасаған» деген әңгіме күні кешеге дейін айтылып келді ол кісі туралы. Біз осы сөзді естіп өстік, соған бір жағы таңғалатынбыз.

Үйде кішкентайынан бухгалтердің есепшотының қағысын естіп өскенімен, бала Жәрдемғали, негізінен, әке-шешесіне көп жақындамай, әжесі Ақжонастың тәрбиесін көрген. Сондықтан да болар, әңгімелесе қалғанда оның бойынан ерекше қазақы қалып, үлкенді сыйлау, кішіге ілтипатпен қарау секілді әдемі қасиеттер сезіліп тұратын.

Ауылдағы үлкендер ертеректе айтып отырушы еді, Ақжонас үнемі үстіне ақ көйлек киіп, ақ жаулық тартып, тап-таза болып жүретін деп. Ерекше жаратылған сол әже немересіне әдептілік пен әдеміліктің, сыпайылық пен сырбаздықтың да сабағын беріп кеткен секілді.

Жұбанғали ағамыздың баласының болашағына алаңдағаны анық. Сол кездегі ата-аналардың бір арманы «балам оқыса, адам болса, жоғары білімді мамандық игерсе» болып келетін. Осындай ізгі ниеттің әсері болар, әкесі Жәрдемғалиды алтыншы класта ма, оқуға қалаға жіберді. Жер көрсін, орысша үйренсін деген де ойы болған шығар.

Жәрдемғали да ілгері талпынып, «Талапты ерге нұр жауар» дегендей, қатарының алдында жүрді. Ол мектептің жоғары класында оқып жүргенде жастарды қосымша мамандыққа да баулитын еді. Ініміз киномеханиктік білім алып шықты. Жақсы оқығандығы болар, өзінің бірге оқитын Тұрсынғали Төлебаев деген жолдасы екеуіне Лениградтағы кинематографтар даярлайтын институтқа түсуге жолдама берілді. Бірақ оған барған жоқ.

Сол кезде Ақтөбеде педагогикалық институт арада біраз үзілістен кейін қайтадан жұмыс істей бастаған. Осы жоғары оқу орнының физика факультетіне оқуға түсті. Әдетте көпшілігіміз физика-химиясы бар, математикасы бар мамандықтарды қиынсынып жатамыз ғой. Жәрдемғалидың бұл пәнге ынтасы ерекше болды. Ол бағдарламадағы тапсырмалардың сыртында өз бетімен ізденіп, басқа да әдебиеттерді тауып алып оқып, ылғи ізденіп жүретін.

Ол ұстаздарын ерекше құрмет тұтатын. Негізінде, бірнеше мектепте білім алды. Мәселен, әліппенің бетін Ақтам мектебінде ашты. Бастауышта оқығанда сабақ берген Меделбай Қыдыров атты ұстазын ылғи да еске алып жүруші еді.

Негізінде мектеп балалары әрбір жаңа оқу жылында институт бітіріп келген жас мұғалімдерге жақын жүреді ғой. Солардан бір жаңалық, жақсылық үйренгісі келеді. Әдемілігіне, әсемдігіне, жүріс-тұрысына, киім киісіне дейін қызығады. Сондай жас ұстаздардың бірі Бозақ Нұғыманов бұлардың класына физикадан дәріс беріп, қиын сабақтың құпия әлеміне көптеген самарқау шәкірттердің өзін баурап алып кетеді. Ол физиканың теориялық жағын ғана оқытып қоймай, мектеп лабораториясындағы көптен қозғалмай жатқан түрлі құрал-жабдықтарды іске қосып, тәжірибелер жасайды, сынақтар өткізеді. Не түрлі қызықтарды көзбен көріп, қолмен ұстаған соң балалар да физик ағайларына жақындай түседі. Кейде ойлаймын, Жәрдемғали інімнің осы пәнге қызығушылығын осы Бозақ ағайы оятты ма екен деп…

Облыс орталығындағы танымал білім ордасы, талай атақты адамдар түлеп ұшқан №6 орта мектепті бітірген Жәрдемғали Ақтөбе педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түскенде өзінің мектептегі ұстазы Мәжит Тумышевтың енді студент шәкірті болғанына қатты қуанды.

Оның тұстастары қайтадан ашылған педагогикалық институттың алғашқы түлектері еді.

Ебейті елді мекеніндегі Қопа орта мектебінде алғашқы ұстаздық жолын бастады. Бір кезде өзі шәкірт болған өңірде кейінгі буынға физика пәнінің қыр-сырын үйрете бастады. Көп ұзамай өзі түлеп ұшқан институтқа оқытушылық қызметке шақырылды. Ол кезде босаған орынға конкурс жарияланады. Конкурсқа өзімен қатар бірнеше адам түсіп, бақ сынасқанын білеміз. Сол кезде оның аты озды

1970 жылы институтты үздік бітірген оны жолдамамен өзі туып-өскен Байғанин ауданына жіберді. Сөйтіп. Бұған дейін Жәрдемғалидың оқуы мен тоқуын, ізденістерін жақсы білетін жұртшылық бұл жеңісті дұрыс деп қабылдады. Сөйтіп, ауылда бір жыл мұғалім болған жас жігіт жоғары оқу орнының жалпы және теориялық физика кафедрасына аға оқытушылық қызметіне кірісті. Өзінен бірер курс төмен оқыған жүздері таныс студенттерге дәріс бере бастады.

Жәрдемғали институтқа оқытушы болғаннан кейін көп ұзамай ғылым жолын көздей бастағанын байқадық. Сол кезде Киевте аспирантурада оқып жүрген Жақсылық Тасмәмбетов бір хабарласқанда оған Украинаға келіп, білімін көтеруін қалайтынын, оған мұнда мүмкіндіктер мол екендігін айтқан екен. Бұған дейін жоғары білімімен Новосібір қаласында бір жылдық әскери қызметте болып, саяси жағынан шынығып, шыңдалып келді.

Алға қойған мақсатын орындап, 1978-1981 жылдары Киев мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды. Оқып қана қоймай, бітірер тұста кіші ғылыми қызметкер болып қызмет те атқарады.

Атақты профессор Владимир Стрижескийдің басшылығымен «Инфрақызыл аумақтағы моминесценция және комбинациялық шашырауды бейсызықтық оптика әдістерімен зерттеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, елге абыройлы оралды.

Ол украин кобзары атанған Тарас Шевченконың еліндегі жылдарын ылғи да ерекше толқыныспен еске алып отыратын. Он бес одақтас республикалардан, одан басқа шетелдерден де келген сан ұлт өкілдерінің — жас ғалымдардың, ізденушілердің бір-бірімен тіл табысып, татулықта өмір сүргенін, бір-бірлерін қолдап, достық қолдарын созатынын әдемілеп әңгімелеуші еді. Ол жақта қазақ жастары да аз болмапты. Қанша дегенмен ел жақты сағынады ғой, өзара кездескенде қазақ әндерін айтып, бір жасап қалады екен.

«Сол жақта жергілікті тұрғындардың қазақтарды қатты құрметтейтінін сан мәрте сезіндім. Соғыс жылдарындағы қазақ жауынгерлерінің ел қорғаудағы ерліктерін майдангерлер естелік ретінде айтып отыратын. Сондай-ақ Украинаның рухани көшбасшылары сол тұста Қазақстанға жіберілген. Олар да қазақтардың шынайы қамқорлығына бөленгендігін ұмытпайды»,— деуші еді ол бір әңгімелердің тұсында.

Менің байқауымда, Жәрдемғали Жұбанғалиұлы өзі қызмет атқарған институтта лауазым таңдаған жоқ, қай жерге керек болса, сол жерде аянбай еңбек етті. Факультет деканы да болды, бір тұста эксперименталдық және теориялық физика кафедрасының меңгерушілігі тізгінін ұстады.

Жәрдемғали Жұбанғалиұлы інімнің өзінің негізгі қызметімен бірге, университет жанынан ашылған  «Тарлан» колледжіне де құрылтайшылық жасап, жастарға жаңа мамандықтар беретін оқу орнының қабырғасын тіктеп, жолға қойылуына сіңірген еңбегі көп. Бұл колледжден көптеген түлектер сапалы білім алып шығып, қоғамымызға қажетті мамандықтарды игерді.

Бірқатар жастар мемлекеттік тапсырыспен білім алды, ал ақылы түрде оқушылар да директордың назарынан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына Жәрдемғалидың жәрдемі тигенін де өз көзіммен көрдім.

Менің өзімнің мамандығым — инженерлік, кезінде Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтын бітіргенмін. Қырық жылдай Ақтөбеде еңбек еттім, элеватор директоры болдым, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері кәсіподағында қызмет атқардым. Сол жылдарда біз Жәрдемғали екеуміз бұрынғы Ақтөбенің көрікті жерлерінің бірі, бұрынғы Октябрь бульварында — қазіргі Абай даңғылы бойында көрші тұрдық. Күнде дерлік жолығамыз, балаларымыз бірге өсті.

Екеуміздің мамандығымызда ұқсастық болғандықтан ба, ғылым саласында жаңалықтар, түрлі технология төңірегіндегі өзгерістер жөнінде көп әңгімелесетінбіз. Сондайда белгілі физик Исаак Ньютонды ұлы ғалым ретінде үлгі тұтатынын, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейнді құрметтейтінін, олардың еңбектеріне үнемі үңіліп отыратынын айтушы еді.

Жәрдемғалидың тағы бір ұстанымы жадымда сақталып қалыпты. Ол Маңғыстау өңірінен шыққан мифолог-ізденуші Серікбол Қондыбайдың шығармашылығына ден қойып, студенттер арасында дара тұлғаның еңбектерін кеңінен насихаттаушы еді. Қаламгер Оңайгүл Тұржанованың «Мифтің түбі — ақиқат» атты драмалық туындысын студенттердің қатысуымен сахнаға шығаруға бастамашы болды. Ол Серікболды бүгінгі күннің батыры деп есептейтін.

* * *

Бүгінгі күні көпшілікке жақсы танымал тележүргізуші, қызықты бағдарламалардың авторы Анна Данченконың тағдырына біздің Жәрдемғалидың ықпалы болғанын екінің бірі біле бермес. Бірде Анна қызымыздың әлеуметтік желідегі жазбаларын балаларым маған тауып берді. Асықпай оқып шықтым. Мұндай жақсылық жасау оның қолынан ғана келетіндігін ойлап, іштей тебірендім. Бір жағы қуандым, бір жағы жанарыма жас келді.

Тележүргізушінің балалық шағы Арал қаласында, қарапайым отбасында өткен. Мектеп бітірген соң оқуға түсуге Ақтөбе қаласына келеді. Ұлттық бірыңғай тесттің салдарынан жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі болмайды да, құжаттарын Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің жанындағы «Тарлан» көпсалалы колледжіне тапсырады.

Бұдан әрі Анна былай деп жазады:

«Құжаттарыңызды қабылдадық, енді нәтижесін күтесіздер», — деді колледж директоры. Ол кісінің аты-жөні Жәрдемғали Шүкіров екен. Мен оны бірден жадымда сақтап қалдым.

Ішімнен қазақша «жәрдем беру», «шүкіршілік ету» деп бірнеше рет қайталадым.

Маған негізінде қазақ есімдері ылғи да ұнайтын, өйткені әр атаудың астарында белгілі бір мән-мағына болады.

Кейінірек Жәрдемғали ағамен кездесудің кездейсоқ болмағанын, оның тағдыр сыйы екенін ұқтым.

Құжаттарымызды тапсырғаннан кейін төрт күн күтуге тура келді. Сол күндердің бәрінде анамның жақын туысының үйінде тұрдық».
Сол кезде колледжде орыс тілінде оқитын топқа адам саны жетіспегендіктен, оған қабылдау тоқтатылады да, Аняға қазақша оқу ұсынылады. Жас қыз бұл хабарды жанарына жас толып қабылдайды. Осы сәтте жандарынан өтіп бара жатқан Жәрдемғали ағасы «Анечка, қалың қалай?», — деп іштарта сұрайды. Сосын анасы мен екеуін өз кабинетіне шақырады. Асықпай әңгімелесіп, жылы қабақ танытады. Аняның қазақша жақсы білетіндігін ескеріп, бір жылды босқа өткізбей, қазақ тобында оқи беруі дұрыстығын алға тартады.

Колледж директорының шынайы жанашырлығы, үлкендік қамқорлығы оған қатты әсер етеді. Осылайша ол үлкен өмір жолына сенімді қадам басады. Колледжді қызыл дипломмен бітіріп шығады.

Жәрдемғали бауырымның шынында жүрегі жылы еді, адам баласына жақсылық жасау оның бойына тән қасиет болатын.

* * *

Жәрдемғали бауырым негізінде жаздың жайма-шуақ кезі енді басталған маусым айында дүниеге келген. Мінезіндегі жайлылық, жанындағы жаз кейпі, адамдарға ақ пейілі, кеңдігі, сірә, табиғатына тартып туса керек. Ол уақыттың жайы белгілі ғой, тууы туралы құжатын қолға аламыз дегенше тамыз болған.

Келініміз Күнсұлу өзімен институтта бірге оқыды. Педагогика колледжінде оқу ісінің меңгерушісі, директордың орынбасары қызметін атқарды.

Азамат болған екі баласының өмірден ерте кетуі ініміздің жанына жазылмас жара болғаны анық. Кенже баласы Ернұр ата-анасына немере сүйдіріп, көңілдеріне жылу енгізді.

Күні кеше ғана сияқты еді жетпіс жасқа толғаны азаматтың. Осы мерейлі жасына абыроймен жеткеніне, білім беру саласында, ғылымда көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, ел азаматы ретінде абыройлы болғанына іштей қуанушы едік. Өзі ұзақ жылдар қызмет жасаған Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік  университетте салтанатты жиын өткізіліп, оған «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталып, иығына шапан жабылған. Ең бастысы, ұзақ жыл бірге қызмет атқарған, бүкіл қадір-қасиетін жақсы білетін әріптестері  көпшілік алдында оның жүріп өткен жолдарына үлкен баға берген.

Мұның бәрі енді өткен тарихқа айналды. Адам дүниеге келеді, кетеді. Мәңгілік ештеңе жоқ.

Ғалым Жәрдемғали Шүкіровтің азаматтық тұлғасы, шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегі ел жадынан шықпас деп ойлаймын. Өйткені ол көзі тірісінде алға ұстанған бағытынан — ұстаздық ұлағатын жас буынға тарату жолынан бір тайған жоқ. Сонысымен де бізге қадірлі, сонысымен де көңіліміздің төрінде тұрады әманда.

Әскер ЖАНТҰРҒАНОВ,

еңбек ардагері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button