Тәуелсіздік — 30

«Түлектер аллеясы» ашылды

Қаладағы №78 мектеп-гимназиясының алаңында «Түлектер аллеясы» пайда болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мектеп-гимназиясының алғашқы түлектері білім ордасының жанына қарағай көшеттерін екті.

Биыл қаңтар айында пайдалануға берілген білім ордасы жаңа оқу жылын 2000-нан астам оқушымен бастаған. 11сыныпта 72 бала білім алуда. Сенбі күні 11-сынып оқушыларының ұйымдастыруымен мектеп-гимназиясының қабырғасында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту» атты мерекелік іс-шара өтті. Кеш барысында түлектер концерттік бағдарлама ұйымдастырып, болашаққа хат жазды. Арман-тілектерін ақ параққа түсіріп, «Арман» капсулына салды. Оқушылардың болашаққа жазған тілектері салынған капсула сол күні ашылған «Түлектер аллеясындағы» арнайы мүсіннің астына салтанатты түрде салынды.

— Бүгінгі шараның басты мақсаты — оқушылар арасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын ұлықтау. Жас жеткіншектерімізге егемендіктің мән-мағынасын ұғындыру және есімдері біздің мектеп-гимназиясының тарихында алтын әріптермен жазылатын алғашқы түлектерімізге құрмет көрсету. Бұл білім ордасының өзі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ашылды. Бұйырса, келер жылы алғашқы түлектерімізді ұшырамыз. Қазір 11-сыныпта оқып жатқан оқушылардың барлығы бұған дейін басқа мектептерде білім алып келді. Бірақ үлкен өмірге осы жаңа білім ордасы арқылы қанат қағады. Сондықтан осы мектепті ұмытпасын, ылғи естерінде жүрсін деген ниетпен бүгінгі шараны өткізіп жатырмыз. Шара барысында әрбір оқушы болашаққа хат жазып, «Арман» капсуласына салды. Бұйырса6 олар бұл капсуланы 10 жылдан кейін келіп ашатын болады. Біз оларды 10 жылдан соң еліміздің дамуы мен ілгері басуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азамат ретінде көретінімізге сенімдіміз, — дейді мектеп-гимназиясының директоры Жанар Сейітмағамбетова.

Мектеп-гимназиясының 11 «а» сыныбында оқитын Томирис Бекмурзина «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту» шарасының  қатарластарына үлкен сенім мен күш сыйлаған кеш болғанын айтады.

— Мен бұған дейін қаладағы №60 мектепте білім алып келдім. 10-сыныптан бастап осы мектеп-гимназиясында оқып жатырмын. Жаңа ортаға тез бейімделіп, сыныптастарымызбен бірден тіл табысып кеттік. Бүгін — біз үшін маңызды күн. Өйткені мектеп ауласына өз ағаштарымызды егіп, болашаққа хат жаздық. Енді сол хатта жазылған арман-тілектерімізді ақиқатқа айналдыру үшін барымызша тырысатын боламыз. Өйткені бізге ұстаздарымыз үлкен сенім артып отыр, — деді Томирис.

Білім ордасында өткен шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева қатысып, түлектерге жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, құрылысын «Интерстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген жаңа үлгідегі, заманауи талапқа сай салынған  №78 мектеп-гимназияның алаңы 1200 шаршы метрді құрайды. Мұнда баланың оқуына және жеке тұлғаның дамуына барлық мүмкіндік жасалған.  900 орындық жаңа мектепті биыл мамыр айында 1200 оқушы аяқтаған болатын. Жаңа оқу жылын 2000-нан астам баламен бастаған білім ордасы екі ауысымда жұмыс жасайды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button