Экономика

Бизнесті қорғаудың құқықтық тетіктері қандай?

Жолдау

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура  өкілдері бірлесе өткізген кеңесте  Президент Жолдауы аясында кәсіпкерлікті қорғау мәселелері талқыланды.

«Экономикалық проблемалар болып отырған  тұста кәсіпкерлікті қолдау шаралары бұрынғыдан да қарқынды жүргізілуі керек. Заңды бизнеске кедергі жасау — қылмыс. Бұл туралы Мемлекет басшысы жыл сайын өзінің Жолдауларында айтып келеді. Мәселен, ел Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — елдің өркендеуінің берік негізі» атты таяудағы Жолдауында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлердің өтініштерін қарау прокуратура органдарына жүктелгені атап өтілді», — деді кездесуді ашқан палата директоры Сұлупан Шынтасова.

Облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстанов кәсіпкерлікті бүкіл экономиканың қозғаушы күші ретінде дамыту мемлекет өзі үшін жасайтын қолайлы жағдайларға тікелей байланысты екенін атап көрсетті.

«Сондықтан бизнес өкілдерінің конституциялық құқықтарын қорғау — прокуратураның басым міндеттерінің бірі. Жыл басынан бері облыс және аудан прокуратурасының,  Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті және «Атамекен» өңірлік палатасының өкілдері кіретін бизнес құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ кәсіпкерлерден 164 шағым хабарламасын қабылдады. Бұл жағдайларға ден қою нәтижесінде мемлекеттік сатып алуға 201 қатысушыға 51 миллион теңге сомасына тапсырыс берушілермен заңсыз қайтарылмаған кепілдік жарналар қайтарылды, монополия субъектілерінің бизнес субъектілерінен қолданыстағы заңнамада көзделмеген құжаттарды сұрауынан туындаған кедергілер жойылды, сондай-ақ 29 жеке балабақшаны жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері сәйкестендірілді, олар үшін мемлекеттік тапсырыс сомасы 337 миллион теңгеге ұлғайтылды. Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін 47 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 7 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды», — деді  Азамат Құстанов.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы мен прокуратураның бірлескен жұмысы барысында 4 заңсыз актінің күші жойылды, 15 тексеру заңсыз деп танылды. 875 100 теңге сомасына 10 әкімшілік қаулы жойылды. Жалпы, өңірдің 2 782 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалды, кәсіпкерлердің пайдасына 167 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді.

4 қыркүйектен бастап «Прокуратура туралы» Заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес прокурорларға мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша кәсіпкерлердің өтініштерін қарау құзыреті берілген.

«Бұрын мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін. Енді прокурорлар кәсіпкерлік субъектілерінің шағымдарына жедел ден қоя алады, олар бойынша тексерулер жүргізіп, қажетті ақпаратты өздері белгілеген мерзімде сұрата алады және түсініктеме алу үшін адамдарды шақыра алады. Бұдан басқа прокурорлар шоттарды негізсіз тыйым салу, мүлікті пайдалануға тыйым салу, қызметін тоқтата тұру, жұмыстағы уақытша және өзге де шектеулер сияқты заңсыз салынған шектеу және тыйым салу сипатындағы шаралардың күшін дереу жоя алады. Мұндай фактілер анықталған кезде прокурор олардың күшін жою туралы қаулы шығарады, ол орындау үшін міндетті болады. Қаулыны орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізілді, — деді облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстанов.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button