Құқық

«Адал көмек» жобасы тұрғындар игілігіне қызмет етеді

«Antikor Ortalygy» сервистік орталығы базасында өткен жылдың ақпан айынан бері іске қосылған тұрғындарға заң көмегін беру тәжірибесі қазіргі уақытта кеңінен қолдау табуда. 

Бірегей жоба

«Адал көмек» — бұл 2020 — Еріктілер жылында өмірге енген, салыстырмалы түрде алғанда жаңа, бірегей жоба. Ол қазіргі кезде де уақыт талабына сай қызмет етуде.

Күнделікті өмірде байқалып отырғанындай, азаматтардың көпшілігі өз құқықтарының бұзылуымен бетпе-бет келген кезде кімге хабарласарын, олардың мәселесі қандай мемлекеттік органның құзыретіне кіретінін және шағым жасаудың рет-тәртіптерін біле бермейді. Мұндай жағдайда азаматтарға құқықтық қолдаудың қажеттігі айқын нәрсе. Тұрғындар арасындағы заңгерлік көмекке деген жоғары сұраныстың өзі осымен шарттастырылған. Біздің облысымызда алғаш рет мұндай практика «Antikor Ortalygy» сервистік орталығы базасында өткен жылдың ақпан айынан бастап іске қосылды.

Еріктілер қатарында бұл іске заңгерлер, адвокаттар, нотариустер, медиаторлар, жеке сот орындаушылары және мемлекеттік қызметкерлер қатысады, олар заң кеңестерін ақысыз көрсетеді. Мұндай жұмыстар облыстың барлық он екі ауданында да жүргізілуде.

Ақысыз заңгерлік қолдау

Бүгінгі күні «Адал көмек» жобасы облыс тұрғындары арасында кеңінен танымал. Бұл адамдарға ақиқатқа қол жеткізуге, бойларына сенім сыйлауға және тіршіліктегі қиын жағдайларды шешуге нақты көмектесетін жобалардың бірі. Аталған жоба аясында заңгерлік кеңестері әртүрлі екі форматта көрсетіледі: тікелей — сервистік орталықта және онлайн режимде — Instagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы.

Бүгінгі күні 500-ден астам тікелей эфир жүргізіліп, 40 рет азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды.

Азаматтар көмек сұрай отырып, жан-жақты заң кеңесін алады, ал жекелеген жағдайларда әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін құқық қорғаушылар олардың мүдделерін сотта көтеріп, олардың құқықтарын жоғары деңгейде қорғайды.

Жобаны жүзеге асыру кезеңінде бірқатар нақты кейстер бар екенін айтуымыз керек, заңгерлер көрсеткен кәсіби көмек азаматтардың проблемаларын шешуге ақысыз жәрдемдесті.

Бұл жобада жетілдіре түсуді қажет ететін бір жағдай бар, ол тұрғындардың хабардарлығын әлі де кеңейте түсуге байланысты. Тұрғындардың арасында құқықтық қолдауды қажет ететін және кеңес алу арқылы келеңсіз заңдылық салдарлардың алдын алуға мүмкін болатын ахуал бар екенін орталықтағылар жақсы біледі. Сондықтан да қиындыққа душар болған немесе проблема туындаған адамдар осындағы заң кеңесіне  хабарласуына болады.

Құқығыңды білмесең — зардап шегесің

Облыстық адвокаттар коллегиясының адвокаты Азамат Сагал өз тәжірибесімен бөліседі.

«Мен бұл жобаға екінші жыл қатысып келемін. Материалдық мүмкіндіктері жоқ адамдардың заң күшіне сенуі үшін әрине қолдау керектігіне сөз жоқ.

Бұдан басқа мұндай шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырады және сәйкесінше қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтады.

Мен өзім тікелей эфирге шыққан кезімде адамдардың өз құқықтарын біліп және оны өз бетімен қорғау деңгейіне жетуі үшін барынша көкейкесті әлеуметтік тақырыптарды қозғауға тырысамын. Әрбір эфир міндетті түрде алдын ала хабарландырылады.

Азаматтар, негізінен, еңбек, отбасылық, экономикалық, әскери даулар, алимент және қаржылық пирамидалар саласындағы азаматтық мәселелер бойынша көмекке жүгінеді.

Мәселен, эфирдегі байланыс кезінде жол қозғалысы кезінде зардап шеккен қыз баланың анасы хабарласты. Ақтөбе қалалық сотының шешімімен зардап шегушінің пайдасына материалдық шығын мен моралдық зиянның орнын толтыру туралы талап-арыз ішінара ғана қанағаттандырылған.

Бірінші сатыдағы сот алынған жарақат салдарынан  кейінгі асқынуларды назарға алмаған және кешенді сот-медициналық сараптамасын тағайындау туралы өтінішті қабылдамаған. Осылайша сотта істі обьективті қарауға талапкердің құқығы бұзылды. Мен аппеляциялық шағым жаздым.

Істің сәтіне қарай сот коллегиясы талапкердің өтініш-талаптарын толығымен қанағаттандыруға жаңа шешім шығарды. Жол қозғалысы оқиғасына кінәлі адамнан материалдық шығын үшін 100 мың теңге және моралдық зиян үшін 500 мың теңге мәжбүрлі түрде өндіріліп алынатын болды», — деп қорытындылады адвокат өз тәжірибесінен.

Ақтөбелік Наталья Филлипович өз басынан өткен ахуалды былай деп бөлісті: «Менің анам зейнеткер, ол супермаркетте жүргенде қиын жағдайға тап болды. Дүкен қызметкерінің қолапайсыз қимылынан жоғары сөреде тұрған ауыр салмақты тауар құлап кеткен. Соның салдарынан анамның ауыр жарақат алып, сүйектері шытынаған. Бірақ дүкен әкімшілігі бастапқыда өз жауапкершіліктерін мойындаған жоқ, сондықтан өтемақы туралы сөз ету де мүмкін емес еді. Өкінішке қарай, бірден заңгердің көмегіне жүгінуге біздің материалдық мүмкіндіктеріміз бола қоймады.

Сол кезде менің ойыма «Адал көмек» жобасы туралы хабар оралды, ол жөнінде әлеуметтік желілерден көрген болатынмын. Бірден Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарласып, болған жағдайды түсіндірдім. Ондағылар менің медиатор Светлана Балпейісовмен кездесуімді ұйымдастырды. Біз супермаркетпен медиаторлық келісім жасадық, соның нәтижесінде бізге келтірілген зиян толығымен өтелді. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін».

* * *

«Адал көмек» заң көмегі мамандары азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен хабардарлығын көтеріп, тұрғындардың әлсіз топтарына ықпалды заңгерлік көмек көрсетумен бірге, мемлекеттік органдардың ашықтығы және айқын қызметі және кәсіби мамандардың заңгерлік қолдауы нәтижесінде сыбайластық құқықбұзушылықтардың жасалуының да алдын алуға болатындығына сенімді.

Н.ҚАЛМАҒАНБЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button